15 Наурыз, 2011

Апта айшықтары

364 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ЖАТАҚХАНАДАҒЫ ЖАҒДАЙМЕН ТАНЫСТЫ Өткен жұма күні облыс әкімі Қанат Бозымбаев Тараз қала­сындағы бірнеше жатақхананы аралап, оның  тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында жатақханадағы құбырлардың тозғандығы, жылу мен судың жетпейтіндігі, жарықтың сөніп қала беретіні, сондықтан күрделі жөндеу жұмысының қажеттігі сияқты өзекті мәселелер сөз болды. Тұрғындардың талап-тілектерін зейінмен тыңдаған облыс әкімі алдағы уақытта жатақханаларға жылу жүйесін жүргізуге, оның сырты мен шатырын жөндеуге қаржы бөлінетінін айтты. Мысалы, бүгінде №25 жатақхана ауласын абаттандыру, жарық орнату, жолдарын жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл мақсатқа былтыр 24 миллион теңге бөлініпті. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Тараз. * * * ЕЛШІНІҢ КЕРЕКУ ӨҢІРІНЕ САПАРЫ Өткен аптада облыс орталығында екі күндік сапармен Ка­на­даның еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Стивен Миллар келіп кетті. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевпен екеуара кездесуі кезінде өндірісті өңірдің өркендеуі, экономикалық-әлеуметтік мәселе­лер тақырыбында әңгіме қозғалды. Еліміздің солтүстік аймақтары, біздің Шалдай ормандары тізбесі Канада табиғатына ұқсас көрінеді. Елші облыс орталығындағы Сұлтан­мах­мұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінде студенттерге дәріс оқып, соңынан үкіметтік емес ұйымдар өкілдер­і­мен кездесу өткізді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. * * * ТУҒАН ЖЕР ЖАЙЛЫ ТОЛҒАУ Академик М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Туған жер» атты аумақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оны тарих және заң факультетінің оқытушылары ұйымдастырып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Оған көршілес Ресей жерінен де ғалымдар мен өлкетанушылар қатысты. Конференцияда 50-ге тарта баяндама тыңдалып, Қызылжар өңірінің кө­не атаулары мен тарихына, тұлғалар тағдырына қатысты сырлар шертілді. Ел-жер, су аттарына қатысты жұртшылыққа әлі жете қоймаған тың деректер келтірілді. Баяндамалардағы ой-пікірлер үлкен қызығушылық ту­дыр­ды. Ғалымдардың өлкетану саласын дамытуға байланысты ұсы­ныс­та­ры да конференцияға қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * ХАЛЫҚ АҚЫНДАРЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ Өткен жылы жергілікті ғалым, доцент Т.Иманжапардың құрас­тыруы­мен Төлеу, Сапарғали, Нұрлыбек, Тәңірберген, Шәкір, Қалихан сынды ха­лық ақындарының артында қалған мол мұрасы мейлінше қамтылған үш бір­дей жинақ жарық көрген еді. Жуырда Абай қорық мұражайында осы кі­таптардың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Онда Абайдың ақындық мектебінен нәр алған халық ақындарының өмірі мен шығармашылығын молынан қам­тыған кітаптар туралы жылы лебіз білдіріліп, тың деректер  ортаға салынды. Әсерлі кеш әсем әнмен өрнектелді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * ЖИЫРМА ЖЫЛ ӘН ҚАНАТЫНДА Қостанайлықтар тамаша ән кешінің куәсі болды. Әнші Гүлбану Абдуллина шығармашылығының жиырма жылдығына орай жеке концертін берді. Қазақ мемлекеттік консерваториясында  КСРО халық әртісі Роза Жаманованың  алдынан тәлім алған Гүлбану  Қостанай облыстық фи­лар­мониясындағы белді әншінің біріне айналды. Ол осы уақытқа дейін  бірнеше республикалық байқаулардың да  лауреаты атанды. Өрелі өнері үшін облыстық меценаттар клубы сыйлығын алған болатын. Гүлбану Абдуллина концертінде  батыстың, орыс классиктерінің  операларынан ариялар, романстар және қазақтың халық әндері мен қазақ  композиторларының шығармаларын орындады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. * * * ТҮБІТ ШӘЛІЛЕР КӨРМЕСІ Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған  дәстүрлі «Орынбор түбіт шәлісі» көрмесі ұйымдастырылды. Көрмені ұйымдастырудың мақсаты – көршілес Орынбор облысымен мәдени байланысты нығайту және өңірдегі қолөнер шеберлерін ұлттық қол өнерімізді дамытуға  тарту. Тоқымашы ісмерлер бірінің салған өрнектерін екіншілері қай­таламайды. Мұнда жеп-жеңіл әсем шәлілерді сатып алуға да болады. Көрмеден тоқымашылықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғас­ты­рып келе жатқан Р.Якупова, Г.Масалимова, М.Абдуллина, М.Иш­мұхам­бетова, Р.Сайфутдинова сынды хас шеберлердің  қолынан шық­қан  алуан түрлі түбіт шәлілерді  келушілер  қызыға тамашалады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. * * * ӨҢІРДЕГІ ЕКІНШІ СТУДИЯ Тасқала аудандық мәдениет үйі жанында дыбыс жазу студиясы ашылып жұмыс жасай бастады. Бұл осыған дейінгі іске асқан үлкен әзір­лік жұмыстарының нәтижесі деуге болады. Яғни, өткен жылы болашақ студияға кажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтар сатып алынды. Ия, ән мен күй жаздырамын десеңіз, Тасқалаға келіңіз. Мұндай мүм­кіндікті, ең алдымен, тасқалалық өнерпаздар пайдалана алады. Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батыр­хановтың айтуынша,  бұл – өңірдегі екінші студия. Мұның біріншісі Ға­ри­фолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда орналасқан. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.