15 Наурыз, 2011

Жылдың басты құжаты

390 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы жыл сайынғы Жол­дауды асыға күтеді. Өйткені, әр Жол­даудың орны бөлек.  Онда  елдің алдағы стратегиялық ба­ғыт­тары айқындалып, таяу уақыттағы басым бағытта­ры белгіленеді, айқын мақсат қой­ылады, қо­ғам­дағы барлық өзекті мәселелерге дәйекті де толыққанды жауап беріледі. Биылғы Жолдаудың өзегі өткен жылғы Жолдаудың негізінде қабылданған «Қазақ­стан Республикасының 2020 жылға дейінгі Страте­гиялық даму жоспарында» бекітілген «Әлеу­меттік жаңару – жаңа әлеуметтік сая­сат­ты» іске асыру болып табылады. Яғни, биыл­ғы Жолдау да еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаның терең ойластырылған, кесіп-пішілген әрі сапалы реформа екендігін тағы бір рет дәлелдейді. Жеделдетілген экономикалық жаңару елді алдағы он жыл­дықтағы жедел ин­дус­трия­лық-инновациялық дамытудың мем­ле­­кеттік бағ­дарламасы ая­сын­да жүзеге асы­рылады. Өңдеу саласы ши­кізатты өн­діру саласының деңгейінен асып түсетін болады. 2020 жылға қарай отандық және шетелдік инвестиция­ның шикізаттық емес сектордағы үлесі 30 пайызға артады, ішкі жалпы өнім де 30 пай­ызға көбейеді, ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды. Білікті мамандар­дың саны 40 пайызға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға дейін төмендейді. Ауыл шаруашылығында да бұрын бол­ма­ған жобалар іске асырылады. Саладағы жаңа өзгерістер ауыл шаруашылығының мәши­нелерін жасау, химия және тамақ өнер­кәсібі, сондай-ақ жем өндірісі мен техниканы жөн­деу саласының да күрт өсуіне серпін береді. Жолдауда атап көрсетілген міндеттер ауыл шаруа­шы­лығындағы зор ресурстарды игілікке жара­ту­ға бастайды. Ауыл шаруа­шылығын индус­трия­ландырудың маңызды бөлігі болып табы­латын бұл шараны іске асыру Үкімет пен  ай­мақ әкімдеріне шегелеп міндеттелді. Сонымен бірге, Үкімет пен аймақ әкімдеріне өңірді да­мы­ту бағдарла­масын жасап бекіту тапсырылды. Аймақтарды дамыту еліміз тәуелсіздік ал­ған жылдардан бері назардан тыс қалған емес. Әр аймақтың өндірістік, климаттық шикізат­тық, коммуникациялық және әлеу­меттік өзіндік ерекшеліктері бар. Жолдауда өңірлерді дамыту бағдарламасын жасау тап­сырылуы да осындай ерекшеліктерді ескеру қа­жеттігін білдіреді. Жер көлемі үлкен мем­ле­кеттердің көпшілігінде аймақтардың да­муы­ның біркелкі еместігі кездеседі. Мұның өзі әр аймақтағы халықтың тұр­мыс-тіршілігі мен табысындағы елеулі айырма­шы­лықтың пайда болуына  әкеліп соғады. Сондық­тан да халықтың бір бөлігі табысы көп, тұрмысқа қо­лайлы аймақтарға ағылады. Аймақтарды да­мы­­тудың бағдарламасын жасау тапсырылуы да осын­дай келеңсіз құбылысты азайтуға бағыт­тал­ған іс-шаралар дестесін құру болып табылады. Биылғы Жолдау, жоғарыда айтылғандай, әлеуметтік саланы сапалы дамытуға бағдар­лану сипатымен ерекшеленеді. Бүгінге дейін білім беру, денсаулық сақтау және тіл мемлекеттік бағдарламалары бекітілді. Сонымен бірге, Үкімет пен әкімдерге осы жылдың 1 мамырына дейін еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жа­ңар­ту, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты маңызды жаңа бағдарламалар жасап, қабылдау тапсырылды. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының жақсаруы да ең алдымен осы шаралардың қаншалықты іске асуынан кө­рінбек. Соңғы жылдары көбірек көңіл бөліне бастаған бұл саладағы жұмыстар миллион­да­ған қарапайым адамның күнделікті мәселе­лерін шешуге бағытталады. Биылғы Жолдауда сапалы білім беру Қазақстанның индустриялық-инновациялық да­муы­ның негізіне айналу керектігі ерекше атап көрсетілді. Бұл мақсатқа жету үшін білім беру ісі одан әрі жаңғырады. Кәсіптік және тех­никалық білім беру мазмұны толықтай жаңарады. Жоғары білім беру ісінде де сапалы білім беру бірінші орынға қойыла­ды. Дамыған елдерде 1 миллион адамға 1-6 университеттен келсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 9-ға жетеді. Бұл тым көп. Ғылым кандидаттары мен докторларын дайын­дауда сандық көрсеткіш жоғары болғаны­мен, 60 ғылым кандидатының және 37 ғылым докторының біреуі ғана ғылыммен шұғыл­да­на­ды. Қалғандары қайда жүр? Сондықтан да, би­ылдан бастап ғылыми атақтар беретін Ғылыми кеңестер жұмыстарын тоқтатады. Бұл мәселе көптен бері көтеріліп келгенімен, нәтиже шықпаған еді. Енді олай болмайтын болды. Жолдаудағы еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасын жасау мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Дағдарысқа қарсы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша өткен 2 жылдың өзінде ғана ондаған мың адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді, жұмыссыздық азайып, қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымы жақсара түсті. Алдағы уақытта жұмыспен қамтудағы ахуал өзгеретін болады. Жұмыспен қамтуға бөлінген қаржы мемлекет қаржысын пайдалану үшін емес, өзін және отбасын еңбек етіп асырауға бағытталуы тиіс. Жәрдемақы жұ­мыссыз адамға оның жұмыссыз отырған­дығы үшін емес, оның жаңа кәсіпті меңгеруі үшін беріледі. Ел байлығы оның табиғи қорларынан құрылуы міндетті емес. Мемлекет адамдар қабілетінің жарқырап ашылуына негіз жасауы керек. Мемлекет еңбекке жарамсыздар мен аз қамтылғандарға ғана көмек береді. Мемлекеттің шаруасы ішкі саясатпен және елдің экономикалық-әлеуметтік да­муын жүзеге асыруымен ғана шектелмейді. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толық­қан­ды мүшесі ғана емес, әлемдік оқиға­лар­дың, халықаралық ұйымдардың да белсенді қатысушыларының бірі. Сондықтан да жылдағы Жолдау сияқты биылғы Жолдауда да Қазақстанның басым бағыттары көрсе­тіл­ді. Қазақстанның сырт­қы саясаты біздің барлық әріптес­тері­міздің үмітін ақтайтын бо­лады және Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақ­тастық ұйымына төрағалық кезінде бас­таған жанжалдарды реттеу жұмысын одан әрі жалғастырады. Әлеуметтік саясаттың алдағы 10 жыл­да­ғы міндеттерінің едәуір бөлігі 2015 жылға дейін-ақ орындалатын болады. Жолдаудағы міндеттердің  асыра орында­ла­тынына да сенім білдіріліп отыр. Басқаша болуы да мүмкін емес. Бірлік пен ынтымақ және бүкілхалықтық қолдау бар жерде ғана өрелі істер атқарылады, өркен­ді дамуға қол жеткізіледі. Жолдау мемлекеттік деңгейде шешімін күткен  мәсе­ле­лердің таяу арада орында­ла­тындығын паш етумен қатар, ел эконо­мика­сының өркендеуінің, сындарлы саясаты­мыздың, тұрақты саяси жүйеміздің, президенттік басқарудың тиімділігінің айқын көрі­нісін де білдіреді. Жолдау өткен жылдардағы ат­қарған істерімізді қорытындылап, бола­шаққа бағдар жасайды. Мұрат МҰХАМЕДОВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор.