18 Наурыз, 2011

Дүбірге толы дүние

368 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ЖАМАНДАСҚАННАН ЖАҚСЫ ПІКІР ЕСІТЕ АЛМАЙСЫҢ Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру қай елдің болса да өрісін кеңейтеді. Барыңды – сатасың, жоғыңды – аласың. Бұл ұйымның (БСҰ) кез келгенге есігі ашық емес, қатарына лай­ық­ты дегендерді ғана, ұйымның талабына сайларды ғана ала­ды. Оған кіруге үміткердің бірі – Ресей Федерациясы. Біраздан бері кіре алмай жүр. БСҰ талабының бірі – көрші елінің кепілдігі керек. Әсі­ресе, сол БСҰ-ға мүше ел болса, оны аттап өту қиын. Көр­шілерің сені бас­қа­ларға қарағанда, жақ­сырақ біледі. Сондықтан да солардан сұрау – парыз. Ресейдің бір көршісі – Грузия. Сол көршісі БСҰ-ға лайық десе, Мәскеудің тасы өрге домалайды. Ал Грузия Ресей туралы не айтуы мүмкін? Мұны көзі қарақты адамдар, әсіресе, саясатшылар мен сарапшылар жақсы біледі. Күні кеше соғысқан елдер. Абхазия және Оңтүстік Осетиядай екі құры­лы­мын тартып алғандай, бөліп әкет­кен. Енді сондай елді Тбилисидегілер мақтай қоймасын аңғарасың. Бірақ талап бар, дәстүр бар, оны аттап кете алмайсың. Мәскеу Грузиямен амалсыз келіссөз жүр­гізуге мәжбүр. Сөйтсе де оларға келісейікші деп өздері барып, қол­қа салуға бет жоқ. Алдымен ара­ағай­ындыққа жүретіндерді іздеу керек. Ақырында араға Швейцария жүретін болды. Сөйтіп, Ресей мен Грузия делегациясы Швей­ца­рияның астанасы Бернде кездесті. Осы жерде бұл ұйымның ба­сын­да әлемнің жетекші елдері тұр­ғанын айтқан жөн болар. Солар алайық десе ғана ұйымға жол ашылады. Кейде бұл мәселе саяси сипат алып, бір елді бұл ұйымға кіргізбеу арқылы оны әлемдік эко­номикалық үдерістен шетте­тің­кі­реу де жүзеге асырылады. Тіпті әл­емдік экономиканың белді тұтқа­ларының бірі Ресейдің өзі одан сырт қалып келгені оған айқын мысал. Енді сол БСҰ-ның тізгінін ұс­тап отырған елдер Ресейдің оған кіруіне рұқсат еткен сыңайлы. Он­ың өзінде Грузия сияқты дұшпан елі­­нің алдына қол қу­­сы­рып баруға мәж­­бүр етіп отыр. Бұл Мәскеудің беделін тү­сіреді, амалсыз кө­­не­ді. Бірақ келіс­сөз түсіністікке жеткізбеді. Бұл туралы РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді. «Егер Тбилиси өзінің саясаттанды­рыл­ған пози­ция­сынан қайтпайтын болса, Ресей Бүкіләлемдік сауда ұйымына Грузияның қатысуынсыз өтуі мүм­кін», – деді ол. Бәрібір Ресейдің бас дипло­маты Грузиясыз мәселе оңай шешілмесін аңғарады. «Егер АҚШ пен Еуроодақ, Ресейдің БСҰ-ға кіруіне мүдделі болса, Грузияға оң ықпал ете алады. Біз оларға шын мүдделі болсаңдар, бұл шынайы мүдделілік болса, Грузия басшы­лы­ғының бұған көзін жеткізіңдер, грузиндер қолдан проблема ту­дырмасын дейміз». Грузиндердің «қолдан тудыр­ған проблемасы» қандай? Абхазия мен Оңтүстік Осетияда Грузияның кедендік пункттері болсын дейді және бұл құрылымдарды әлі де өз жері санайды. Ал бұған Мәскеу жағының өлсе көнбейтіні анық. Екі ел арасындағы келіссөздің қалай аяқталарын дөп басып айту қиын. Грузияның Ресей туралы оң пікір айтуы екіталай-ау дейсің. Дегенде, осы жерде айта кететін бір жай бар. Кезінде Ресей басшылының аузынан БСҰ-ға Кеден одағына мүше елдер бірігіп өтеміз деген де сөз шыққан. Сірә, біз сол сөзге сеніп, БСҰ-ға жеке өтуге әрекет жасай қоймадық-ау. Ал енді біздің еліміз де БСҰ-ға кіруге белсенді әрекет жасаса, жөн-ау дейсің. Бізге қарсы шыға қоятын жамандасқан елдер жоқ, жолымыз жеңіл болар еді. * * * САЯСАТҚА ҚАРУ МЕН ДІННІҢ АРАЛАСҚАНЫ ҚИЫН Жұрт назары қазір араб дүниесіне ауған. Ашынған халық көтеріліп, тек өздерінің ғана қамын ойлаған билікке қарсылығын білдіргенін жұрттың көбі құп көріп отыр. Құп көрмеген нәрсе – осынау қарама-қарсылықта қарудың қолданылғаны. Сол қарудан адамдар құрбандыққа шалынуда. Қарсылыққа шық­қан халық өз­де­рінің талап-тілегін, ашу-ызасын алды­мен сөзбен, түрлі ұр­ан, плакаттармен білдіреді. Сөздеріне билік құлақ аспаған­да, одан қаталдау әрекеттерге ба­рады. Қолдарына тас алады, таяқ ұстайды. Мұны билікпен наразы­лар­дың арасындағы бір шек деуге болар. Парасаттылық осы жерде шешім айтуға тиіс. Өресі жеткен билік халықпен тіл табысады мә­мі­ле жолын іздейді. Әйтпесе ой­ын­нан шығады, кетеді. Өресі жетпесе, күшке басады, қаруға жү­гінеді. Қару қолданылған соң, қан төгілген соң, тіл табысудың ауылы алыс, парасаттылыққа жүгіну қиын. Отқа оранған Ливия соған нақ­ты мысал. Бұл жерде бар кінәні Муамар Каддафиге итере салып, халықты арандатқан күштерді ақ­тау­дың да жөні жоқ. Сол аран­да­тушылардың итермелеуімен көте­ріл­ген халықтың өзі де қаруға жүгініп, парасаттылық шеңберінен асқаны бар. Кейде сол қарсы­лас­тардың ортасында лай судан ба­лық аулайтын экстремистердің жүр­­генін де аңғарасың. Олар ха­лық наразылығын өз мүдде­ле­ріне пайдаланады. Осы араб дүниесіндегі қазіргі жағдайға талдау жасалғанда аңға­ры­латын тағы бір жай – саясатқа діннің араласуы және оны белгілі бір сыртқы-ішкі күштердің өз мүд­делеріне пайдалануы. Сырттай қарағанда, ұстанатын дін біреу – ислам діні. Бірақ осынау діннің екі тармағы – сүннизм мен шиизмнің қақтығысуы көп елдің ішінде алауыздық тудырып отыр. Қазір жұрт Бахрейнді көбірек ауызға алады. Оған Сауд Арабия­сы мың адамдық әскери күшін кіргізген көрінеді, ал Біріккен Араб Әмірліктері 500 полициясын жіберіпті. Сарапшылар бұдан Бахрейндегі жағдай халықаралық сипат алды, оған басқа елдердің қарулы күштері араласып жатыр деген қорытынды жасап та үлгерді. Оның арғы жағына тереңірек үңілсек, ең алдымен шиеленістің негізінде діни қай­шы­лықтың жатқа­нын көреміз. Осы­нау шағын ғана араб мемлекеті хал­қы­ның (саны 1 мил­лионға жетпейді) ба­сым көп­шілігі (біреулер – 75, екіншілері 60 пайыз дейді) ислам­ның шиит тармағына жатады. Ал бұл елде билік ба­сын­да – сүнниттік монархиялық әулет. Міне, енді шииттер саяси және әлеуметтік реформа жүргізуді талап еткенде, билікте шииттердің аздығын алға тосады. Міне, айдан аса уақыт шерушілер ел астанасы Манама қала­сы­ның орталығына орналасып, билік тарапынан жасалған ұсыныстарға көнбей, мәмілеге келмей отыр. Содан кейін Бахрейн басшылығы өзінің көршілерінен, нақтырақ айт­қанда, Парсы шығанағындағы араб елдері ынтымақтастығы кеңесінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Бұл кеңеске Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар, Оман және Бахрейн кіреді. Көршілер, одақтастар көмекке келді. Алдымен олар 10 миллиард доллар қаржы берді, сонан соң біреулері полициясын, біреулері әс­ке­рін жіберді. Оппозиция оны бас­қыншылық деп анықтама беріп үл­герді. Ал ел басшысы – король Хамад әл-Халифа бұл күштерді стра­тегиялық нысандарды қорғауға шақырғанын мәлімдеді. Сонымен бірге, ол дәл осы күні елде үш ай мерзімге төтенше жағдай енгізілгенін жариялады. Діни қайшылық негізіндегі қақ­тығыстардың басқа жерлерде де өрістеу қаупі күшті. Оған сырт елдер де ықпал етіп отыр. Ливан­дағы шииттер белсенділік көрсете бастады. Жер-жерде демократия­лық күштердің жеңісіне діни-экс­тремистік күштердің ортақтасқы­сы келетіні айқын. «Әл-Каида» лаңкестік ұйымының да оппози­ция­мен одақтаспақ ойы бар. Саясатқа діннің араласқаны қи­ын болатыны – бұл мәселе бар­лық елдерге тән. Бай елдің де, кедей елдің де дінге қатысы бар. Сол дін қайшылыққа негіз болса, бүлінетін дүние тым көбейеді. Мамадияр ЖАҚЫП.