16 наурызда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізіп, Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын өткізуге дайындық барысымен таныстырды.
ОСК төрағасының хабардар еткеніндей, сайлаушылар тізімін жасау – сайлау комиссияларының маңызды міндеттерінің бірі. Бұл шара жыл бойы жүргізіледі. Жыл ортасында және жыл соңында жергілікті атқарушы органдардан сайлаушылардың тізімдері алынған. Сайлау күні тағайындалған соң, сайлаушылардың тізімін нақтылау бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінде елімізде көші-қон үдерістері белсенді жүріп жатыр. Астана мен Алматыда жаңа үйлер салынуда. Сондықтан сайлаушылар тізімін жасауға баса назар аударылып отыр. 13 наурызда жергілікті атқарушы органдар cайлаушылар тізімдерін сайлау комиссияларына жолдады. Осыған байланысты еліміздің әрбір тұрғыны 18 наурыздан бастап сайлаушылар тізімімен таныса алады.
Орталық сайлау комиссиясының басшысы 19 наурызда еліміздің барлық өңірлерінде сайлауды ұйымдастырушылармен семинар-кеңестер өткізу шаралары аяқталатынына да тоқталды. Осыған дейін ОСК Астанада республикалық семинар-кеңес ұйымдастырды, деді ол осы туралы. Мұндай семинарлар 19 наурызға дейін еліміздің барлық аймақтарында өткізіледі. Бұл жиындарға Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен ОСК орталық аппаратының қызметкерлері қатысуда. Бүгінде аумақтық сайлау комиссияларының мәжілістері дауыс беру күніне әзірлік шараларына байланысты өтіп жатыр. Ал 18 наурызда біз Астана қалалық сайлау комиссиясының сайлау күніне дайындығын тыңдаймыз. Бұл шараларға жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдарының қызметкерлері де қатысуда.
Қуандық Тұрғанқұлов, сондай-ақ президенттікке кандидаттардың БАҚ-тарда үгіт материалдарын жариялауда заңнама талаптары сақталып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттардың материалдарының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануына мониторинг жүргізіп отыр. Кандидаттардың электронды ақпарат құралдары мен баспасөз беттеріндегі материалдары мерзімі мен көлемі бойынша бірдей жарияланып келеді.
Орталық сайлау комиссиясы аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары үшін ақпараттық-әдістемелік және бағыт-бағдар беретін материалдарды дайындау ісін толық аяқтады. Президенттікке кандидаттан бастап, сенім білдірілген адамдарға дейін білулері тиіс 30-ға жуық кітапша мен 8-ден астам плакат дайындады. Бұған қоса тағы 23 ролик шығарған. Сонымен қатар, бірқатар БАҚ Орталық сайлау комиссиясына арнайы бет арнап отыр. Онда түсіндіру, ақпараттандыруға қатысты мәліметтер мен сайлау барысына байланысты өзге де ақпараттар жариялануда.
ОСК төрағасы президенттіктен үміткерлер Мэлс Елеусізов пен Ғани Қасымовтың үгіт билбордтарын орналастыру жайында Орталық сайлау комиссиясынан көмек сұрағанынан да хабардар етті. Президенттікке кандидаттар М.Елеусізов пен Ғ.Қасымов Орталық сайлау комиссиясынан Алматы мен Астана қалаларында және еліміздің бірқатар облыс орталықтарында өздерінің сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізу үшін сыртқы жарнама мен билбордтар орналастыруға көмек көрсетуді сұрады, деді ОСК басшысы. Алайда, осы шараны жүзеге асырушы мекемелер бұл жұмысты біршама ұзаққа созып жіберді. Астана мен Алматыда және бірқатар облыс орталықтарында бұл кандидаттардың жаңа билбордтары мен жарнамалары орналастырылатын болады.
Қ.Тұрғанқұлов брифинг барысында ОСК-ға түскен арыз-шағымдарға да тоқталды. Оның келтірген мәліметтері бойынша, осыдан үш күн (16 наурыз) бұрын «Лайықты тұрғын үй» қоғамдық ұйымынан 136 өтініш түскен. Бұл өтініштер – Орталық сайлау комиссиясының құзырына жатпайтын мәселелер. Өтініштер банк пен құрылыс мекемелерінің және жеке тұлғалар арасындағы дауға байланысты. Өтініш беруші 136 адам өздерінің мәселелері шешілмесе, дауыс беруге келмейтіндіктерін айтқан. Ал ОСК басшылары бұл азаматтарға өздерінің құқықтарын өздері шектеп отырғандықтарын жеткізген.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.