Бұл не үшін керек?
Уақытша тұратын жерде тіркелу ішкі көші-қонды бақылау, белгілі бір елді мекенде тұратын азаматтар санын анықтау үшін қажет дейді вице-министр. Осы мәліметтер негізінде жаңа жұмыс орындарын ашу, мектеп немесе ауруханалар салу, жол, электр, интернет, телефон желілерін, су және газ құбырларын тарту жұмыстары жоспарланады. Ерлан Тұрғымбаев көші-қон мәселесіне байланысты соңғы жылдары қалыптасқан жағдайға назар аударды. «Пәтер иелері тіркеуге рұқсат бермеуі себепті пәтершілер – студенттер немесе басқа аймақтардан жұмыс іздеп келгендер нақты тұратын жері бойынша тіркеле алмайды. Соның салдарынан олардың мемлекеттік қызметтерді, медициналық қызметті, басқа да әлеуметтік игіліктерді пайдалану мүмкіндігі жоқ болды. Заңды бұзбау үшін олар жалған тіркелу жолдарын іздеді, яғни өзі тұрмайтын жерде тіркелді. Кейде ондай мекенжайларда ондаған, тіпті жүздеген адам тіркеуде тұрады. Ал расында олардың қайда екенін ешкім білмейді. Ақтөбе мен Алматыдағы оқиғалар көрсеткендей, мұндай жағдайды қылмыстық элементтер, экстермистік ағымдағы адамдар пайдаланады» деді вице-министр. Осы себепті экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері туралы кей заңдарға өзгертулер жасалды. Ең әуелі пәтер немесе үйді жалға беретіндердің ондағы адамдарды тіркеу міндеті айқындалды. Бір айдан аса мерзімге уақытша қоныс аударған жағдайда сол жерде міндетті тіркеу енгізілді.Кімдерден уақытша тіркеу талап етілмейді?
Пәтер иесінің туыстары мен қонақтарынан. Ерлан Тұрғымбаев уақытша қоныс орнында міндетті тіркеуден босатылатын жағдайлар туралы да айтты. Олар – «уақытша тұрғындар» деп аталатын азаматтар. Яғни, үй немесе пәтер иесі азаматтардың уақытша тұрғаны үшін ақы алмайтын болса, олардан уақытша тіркеу талап етілмейді. Бұл азаматтарға үй иесінің туыстары немесе қонақтары жатады. Алайда, бұрын пәтерде тіркеусіз тұратын азаматтардың жауапкершілігі олардың өзінде болып келсе, енді олар үшін пәтер иелерінің әкімшілік жауапкершілігі енгізілді.Жаппай тексерулер бастала ма?
Басталмайды. «Бұл шаралар азаматтардың өзі тұратын жерде заңға сай әрекет етуін ынталандыру мақсатын көздейді. Алайда, біз бірден бәрін жаппай тексеруге кірісіп, қатаң шаралар қолданғалы отырғамыз жоқ. Жұмыс қазіргідей қалыпты режімде жүре береді. 2016 жылы тіркеусіз тұрғаны немесе жарамсыз жеке куәлікпен жүргені үшін 22 адам жауапқа тартылды. Оларға ескертулер жасалды» деді Ішкі істер министрінің орынбасары.Басқа қай елдерде мұндай тәжірибе бар?
Тұрғымбаевтың айтуынша, тұрғындарды санаққа алудың әртүрлі формада көптеген шет елдерде қарастырылғанын айтады. «Мәселен, Ресей, Латвия, Литва, Молдова, Эстония, Грузия сияқты елдерде Тұрғындарды бірыңғай тіркеу деген бар, ол азаматтардың өзі келуі талап етіледі. Германияда тіркеуді муниципалдық қызметтер жүргізеді, ондағы талапқа сәйкес, жаңа жерге келген азамат екі апта ішінде хабар беруі тиіс. Пәтерге кіргені немесе шыққаны жөнінде хабарламағаны немесе бөтен мекенжайды пайдаланғаны үшін 1 мыңнан 50 мыңға дейін айыппұл төлетеді. Австрияда полицияда тіркелу үшін жеке куәлік және үйді жалға немесе сатып алу туралы келісімшарт талап етіледі. Израильде полиция азаматтарға мекенжайы көрсетілген қосымша құжат береді. Бельгияда мекенжай жеке куәлікке енгізіледі, ал қоныс аудару туралы өтішін ратушаға беріледі» деді вице-министр. Оның айтуынша, жаңа өзгерістер Қазақстан азаматтарының мүдделерін тиімді қорғауды мақсат етеді. Ержан Әбдіраман