09 Қаңтар, 2017

Ас атасының сұрауы қиын болады...

605 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

suleymen-aga-2

Тау мен далада тамырдағы қан бүлкіліндей болып толассыз аққан судың мол шағында атам қазақ «Судың да сұрауы бар» депті. Ол кез­де ол сөзге кім көп мән бере қой­ды дейсің? Тау мен тасты қақ жарған өзен мен бұлақ азаймастай көрінген. Қазір ғой сол тартылған бұлақты, азайған өзенді, кенересі ке­мі­ген көлді көргенде, «Е, сұраусыз ештеңе жоқ екен ғой, құйсаң аға береді дейтін, сүзілмейтін су да тапшы бола бастады», деп жүргеніміз. Енді ғана қадірін біліп, қайтпек керек деп біз ғана емес, төрткүл дүние су мәселесін жаппай қозғап жатыр. Бұл сусыз өмірдің болмайтынын дәйектейді.

Адамзат қорексіз өмір сүре алмайды. Одан өзгенің бәрі алдамшы, бір жалт еткенде ол көздің құрты бол­ғанмен, кейін жұртқа қалдырып кетеді. Сол қоректі заттардың ішін­дегі ұлысы ас атасы нан болып есеп­теледі. Оның қасиеті де, қадірі де бөлек. Өзге тағам бір­де жағып, бірде жақ­паса, бабалары­мыз «Нан адамды бұз­байды» деген екен. Бұл да айдай ақиқат. Нанның құдіреті туралы айтылатын қағидалы әңгімелердің астарында үлкен мән-мағына, ойыңа түйіп, санаңда ұстайтын тағылым-таным өте мол. Бір аңызда егіс басында жүрген диқанның төбесіне оқ жылан қадала берген көрінеді. Жалпақ кетпенін төбесіне қойса, оны да тесіп өтіп кетіпті. Ес таппаған жұрт жеті шелпек пісіріп, оны диқанның төбесіне қойғанда оқ жылан тайқып кетіпті. Бұл да ас атасы нанның қаси­етін ұқтырса керек. Осы ас атасының қадіріне, әсіресе, қала­да тұратын сәулетті үйлердің тұр­ғындары жетіп жүрміз бе? Бұл сұрақтың жауабын іздеу барысында әлгі зәулім үйлердің ауласындағы қоқыс төгетін жәшіктерді төңірек­те­генімізде ас атасының түр-түрін көрдік. Туралған нанды былай қойып, «Нанның қоқымын басуға болмайды!» деп отыра қалып қоқымды теретін қайран әжелеріміздің обал-сауапты алға оздырған кісілігі бізге жұ­ғысты болмағаны ма? Әлде бұл сон­дай ата мен әженің заманға қа­рай «жаңарып» кетуінен бе екен? Тұр­ғын­дармен тілдессең, «беретін мал жоқ, қаңғыбастар алар, ит пен мысық жейтін шығар», деп алақандарын жая­ды. Үнемдеп алып, ысырапшылыққа жол бермеу туралы ой айтсаң, оған да келтіретін дәлелдері, дәйектері, уәж­дері, үйіп-төгер сылтаулары жетіп- артылады. Қазаққа тәңірім жермен бірге бай­лықты да берген. Қазіргі шалқыған дәу­­лет те сол байлықтың бақ, бақыт бо­­лып оралуының бір көрінісі десек жа­­ра­сар. Бірақ анау қилы замандарда сол байлық барымтада кетіп, небір қа­сіретті ұлтымыз бен жұртымыз кө­ру­­дей-ақ көрді. Қайталап айтайық, қа­­зіргі тірлік жақсы. Дегенмен, бес сау­­сақ­тың бірдей еместігі секілді, ха­­лықтың бәрінің төрт құбыласы тү­гел дей алмасақ керек. Бір үзім нан­ның қадірін біліп отырғандар жоқ емес, бар. Ол қалада да, ауылда да кез­­деседі. Нанның ысырапшылығы бар­­лардан шығып жатыр. Олар тоқ­ты­қ­тың аштығы деген сөзді естен шы­ғармаған жөн. Тіпті кейбір кер ауыз­дар нанды шөптен шыққан дейді. Шөп топырақтан өседі, адам да то­пы­рақтан жаралған демейтін бе еді? Дәулеттілерден қалған қоқыстағы нанды қалай қорғаймыз? Қазір сол қоқыс жанына пластик ыдыстарды бөлек жия­тын арнайы тор жәшіктер орнатып, сыртына ескертпелер жазып қойды. Ал нан қалдықтарын салатын арнайы орын белгілеп, жинап алу жағын ой­ластырсақ, қалай болар екен? Бұған қоса, ас атасының қадір-қасиетін ұқ­ты­ратын түрлі іс-шараларды қолға алып, ұлттық ұғымдарымызды қаулап өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына сі­ңірсек деген ойды да ортаға сала кетсек дейміз. Көптеген шетелдік дас­тарқанына нан қоймайды. Ал біз нансыз тамақ ішпейміз. Енде­ше, сол нанның қасиетін ұғып, ысы­рап­­шылыққа жол бермесек екен. Ысы­рап­шыл­ықты жоюдың жолын жұрт болып ой­ластырсақ та артық болмас еді. Бұл арада нанды қымбаттату арқылы осы­ны дұрыс жолға қоямыз дейтін сәу­е­- ­гейлер де табылып қалуы мүмкін. Біз кейбір азаматтардың нан қасиетін тү­сінбеуінің кесірі өзгелерге, әсіресе кем тірлікте күн кешіп жатқан отбасы­ларына тимеуін қалар едік. Нанды нө­пір еткендер үнемшілдікті үйреніп, асып бара жатса, тұрмысы төмен от­ба­сыларын қамқорлықтарына алып, қа­райласса, халықтық іс қалыпқа тү­сері хақ. Мейірім мен шапағаттың ал­тын ұясы қазақ жұртында болғаны арғы-бергі тарихты шын көңілмен парақтаған жанның санасына сәуле болып құйылары сөзсіз.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»