09 Қаңтар, 2017

Дамудың кілті – бейбіт өмір

1088 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

alisultan-kulanbay

Халықаралық саясат тұр­ғы­сынан алып қарағанда, ХХ ға­сырдың екінші жартысында әлем жұртшылығы ерекше сақтықты қажетсінген үрейлі жағдайда өмір сүргендігін жасыра алмаймыз. Өйткені, кезінде «қырғи-қа­бақ соғыс» атауымен белгілі болған үсті-үстіне қарулану үде­рісін айтпағанда, КСРО және АҚШ-пен қатар, ядролық қа­руы бар мемлекеттер жаппай қырып-жоятын қару түрлерін сы­нақтан өткізуден «жарысқа» түсіп жатты. Сөйтіп, уақыт өте ке­ле ядролық қаруға ие елдердің қа­тары тоғызға жетті...

Ең қатерлі қаруға иелік ететін мем­лекеттерді шартты түрде «Ядролық клуб» деп атайды. Олардың ішінде ха­лықаралық құқық бойынша заңдылары – АҚШ, Ресей, Қытай, Франция жә­не Ұлыбритания. Бұл елдердің халықаралық құқық негізінде заңды болатын себебі, аталған бес мемлекет ядролық қаруды 1967 жылдың 1 қаңтарына дейін сынақтан өткізген. Ал 1970 жылы күшіне енген Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа сәйкес, осы бес мемлекет өздерінде ядролық қару ұстауына болады. Бірақ, олар ядролық қару жасаудың технологиясын өзге елдерге таратпауы тиіс және өздерінде бар жойқын қаруды біртіндеп жоюы қажет еді. Ядролық қаруға ие тоғыз мемлекеттің үшеуі – Үндістан, Пәкістан, сондай-ақ Солтүстік Корея халықаралық құқық бойынша өздерінде ядролық қаруды заңсыз ұстап отыр. Әрі бұл елдер «Ядролық клубқа» мүше емес. Себебі, олар ядролық сынақты 1967 жылдың 1 қаңтарынан кейін жасады. Тоғыз елдің соңғысы – Израиль ресми түрде ядролық қарудың иесі саналмайды. Бірақ, халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша, Израильде өздері жасаған ядролық қару бар. Әлемдік проблемаларды зерттейтін Стокгольм халықаралық институтының зерттеулеріне қарағанда, АҚШ пен Ресейге әлемдегі ядролық қару-жарақтың 90 пайызы тиесілі. Соңғы жылдары осы екі мемлекет ядролық қаруларының санын біршама азайтты. Сондай-ақ, АҚШ пен Ресей өздерінің қару-жарақтарын қайтадан жаңалауды қолға алып жатыр. Халықаралық зерттеу ұйымының мәліметтері бойынша, ядролық қаруы бар елдердегі ядролық қару санының қосындысы 16,3 мың бірлікке тең екен. Соңғы үш жыл ішінде жойқын қару саны 900 бірлікке азайған. Ал 2011 жылғы стратегиялық шабуылдарға қарсы қару-жарақ санын шектеу туралы келісімге сәйкес, АҚШ пен Ресей ядролық қару са­нын 1,5 мыңға дейін қысқартуы тиіс бо­латын. Өкінішке қарай, ядролық қаруы мол екі ірі державаның арасындағы күр­делі жағдай бұған мүмкіндік бермеуде. Оның үстіне, аталған мемлекеттер алдағы онжылдық жоспарларында ядролық қаруды жетілдіруге бөлінетін қаражатты көбейтетіндерін ашық айтып отыр. Жасыратыны жоқ, ядролық қаруы бар елдердің ешқайсысы ядролық қарудан саналы түрде бас тартпайтыны байқалады. Осы мәселелермен айналысатын сарапшылардың пікірінше, ядролық қаруға иелік еткісі келетін елдер де баршылық. Сарапшылар олардың қатарына Иран, Жапония, Канада, Германия, Бразилия және Сауд Арабиясын қосады. Кейбір деректер соңғы онжылдықта әлемдік әскери бюджеттің еселеп артып келе жатқанын айғақтайды. Мысалы, бүгінде дүние жүзі бойынша әскери салаға бөлінетін қаржы рекордтық көрсеткішке жетіп, 1,6 триллион долларды құрапты. Бұл әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,2 пайызы екен. Ядролық қауіп-қатер әлі сейіле қойған жоқ. Ол басқаша сипат алып бара жатқан секілді. Бұл жойқын қару қара ниетті экстремистердің қолына түспесін деңіз. «Мұндай соғыс басталса, одан бірде-бір мемлекеттің аман қалуы мүмкін емес, – деп атап өткен еді Елбасымыз Вашингтонда өткен Ядролық сынаққа қарсы халықаралық саммитте сөйлеген сөзінде. – Бүгінгі таңда лаңкестердің ядролық қаруға қол жеткізу мүмкіндігі нақты шындыққа айналды. Мұндай жағдайда әлем көшбасшылары күш біріктіріп, аталған сын-қатермен бірге күреспесе, тым кеш болады». Ядролық қару қатері кездейсоқ жағдайда да төнетіні жөнінде мысалдар бар. 1996 жылдың наурызында «Гринпис» ұйымы апат салдарынан мұхиттар мен теңіздерде 51 ядролық оқтұмсықтың жоғалғанын жариялады. Оның 44-і КСРО-ның, 7-еуі АҚШ-тың қаруы екен. Сондай-ақ, апатты жағдайларға байланысты жеті атом реакторы бар бес атом сүңгуір қайығы суға батырылған. Ал осы қатерлі оқтұмсықтар мен қарулар жарылса ше?.. Оның соңы аса ауыр зардаптарға соқтыратыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да Қазақстан Президентінің ядролық қарудан азат әлем қалыптастыру туралы бастамасы өзінің құндылығы мен маңыздылығын ешқашан жоймақ емес. Өйткені, орнықты дамудың кілті – бейбіт өмір.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»