Көп жылдардан бері оқырманы болып құмартып оқитын «Егемен Қазақстанның» (11 қазан 2016 жыл) кезекті санында Қостанай қаласындағы ішкі істер министрлігінің генерал-лейтенанты, бұрын ішкі істер министрі қызметін абыроймен атқарған Шырақбек Қабылбаев атындағы академияның музейінде Мұхтар Әуезовтің көзін көрген, сол кісінің домбыра-шеберіне арнайы тапсырыспен жасатқан домбырасы жайлы Нәзира Жәрімбетованың мақаласын оқыдым.
Қай жылы екені есімде жоқ, жұбайымыз екеуміз Алматы қаласындағы Мұқан Төлебаев көшесінде тұратын Шырақбек Қабылбаевтың пәтерінде қонақ болудың сәті түсті. Шәкеңнің ұлы Марат менің үлкен бажам Қали Қайшыбаевтың кіші қызы Раушанға үйленген болатын. Екеулерінің де әкелері бірін-бірі жақсы сыйлайтын, құрметтейтін ескі достар екен, кейін достықтары құдалыққа жалғасыпты.
Сол үйде отырғанымда көзіме төрде ілулі тұрған домбыра түсті. Домбыраның дүкендерде сатылатын көп домбыраларға ұқсас емес екені сырт бейнесінен-ақ байқалды. Түсі қоңыр, сағағы ұзын емес, арнайы жасалған домбыра екені көрініп тұр. Мен қызығып кетіп қолыма алып тартып көріп едім, бұрауы бұзылмаған домбыраның өзі сөйлеп, әндетіп тұрғандай әсер етті. Жас кезімнен домбыраға әуестігім болушы еді, сол домбырада бірнеше күйді шерттім, халық әндерін орындадым. Бір кереметі, домбыраны тартқан сайын тартқым келе береді (сол жылдары екі құда да, құдағилар да, Марат та дүниеден өткен еді).
Домбыраға қызыққаным сонша, Раушаннан «Әкелеріңнің көздеріндей көріп жүрейін, осы домбыраны маған сыйлашы?» деп сұрадым. Ол: «Бере алмаймын, жақында атаның атында музей ашылмақшы, соған тапсырмақшымыз», деді. Мен: «Онда тіптен жақсы болған екен», деп ризалығымды білдірдім. Газеттегі мақаланы оқығаннан кейін уәделерін орындап, домбыра құнды жәдігер ретінде түпкілікті орнын тапқанына, музейге барғандардың барлығы көріп, домбыраның тарихымен танысып, көп мағлұмат алатындарына іштей қуанып қалдым. Егер менде болғанда оның сырын кім білер еді? Өзім де домбыраның тарихын газеттен оқып білдім ғой, кезінде ешкім айтқан жоқ еді, білсем сұрамас едім ғой.
Мырзабек ӘТЕНОВ,
қарт дәрігер, зейнеткер
ШЫМКЕНТ