09 Қаңтар, 2017

Неге «жауырды жаба тоқып» жүрміз?

1025 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
1357279877718_1357279877718_rҮйден шыққанымда күн арқан бойы көтеріліп қалған екен. Үйдің жанындағы картоп егетін шарбақтың қасында інім Нұрбол қайыңның діңінен кесілген жаңғырыққа салып тоқымның шоқтықты жабатын жерін өткір бәкімен дөңгелетіп ойып жатыр екен. – Не істеп жатырсың, – деп сұрадым. – Өткенде қойдың кезегінде балалар көк атты таң асырмай, ертоқымын ыс­тық­тай алған екен. Шоқтығы күлдіреп қалды. Жарықтық жылқының терісі өгіз терісі талыстан сынықсүйем жұқа болмаса да суытпай алса жауыр болып қалады. Ал дөңгелете кесіп жатқаны, тоқымның ала­қандай тесігі жауырды қажамауына жақ­сы. Тек төсайылын қаттырақ тартса болғаны. – Аз күнге босатып жібермейсің бе? Қоң жинасын, жауыры жазылсын,–деймін мен. – Жоға, төрт-бес үй бетіне қарап отырған жалғыз атты дәл қазір қайтіп босатарсың. Жауырын жаба тоқымдап, қар түскенше жүре тұрамыз, – деді інім. Дәл осы арада «жауырды жаба то­қымдап» деген сөз санама сақ ете түсті. Біз ғой, қалам ұстағандар, қаншама жылдан бері «жауырды жаба тоқып» деп жазып келеміз. Анығында оның дұрысы жауырды жаба тоқымдап екен ғой. Қалай білмегенбіз. Інімдікі өте қисынды, реті де солай бір ауыз сөзін жадыма тоқып алдым. Бірақ, өзіне тіс жарып айтқаным жоқ. Білместігімізді білсе, қарекетімізден түңілер деп қым­сынғаным ғой. Інім әңгімені әрі қарай қаузады. – Біздің ауылдың балалары шетінен аңшы. Ірі фирмалар егін егуді қойған соң анау Жалғызтаудан бері қарайғы, Қарағаштың бауырындағы қалың ағаштың етегі, Жарқын көлінің оң қа­бағы мен сол қабағы тусырап бос жатыр. Қазір сол жерлерді алабота, арам­шөп басып кетті. Құдды киіз дерсің. Арасында түлкі, қоян тәрізді ұсақ аң, елік жыртылып айырылады. Басқа істейтін ермегі болмаған соң ауылдың жігіттері жүйрік ит ұстап, аң аулауға көшкен. Бұрын ілуде бір кездесетін түлкі дегеніңіз қойдай өріп жүр. Қыз-келіншектің көңілі құндызға ауып кеткен соң, түлкі терісі қадірсіз болып қалды ғой. Жүні жетіліп, түбіттенген алғашқы қансонар­да да ешкім ­аулай бермейді. Илеп, тымақ тігетін де ісмер жоқ. Тек қызық үшін иттерге алдырып, әйт­песе атып кетеміз. Өткенде түлкінің бір апанын қазып едік, үш тауық, екі жабайы үйрек шықты. Күшіктеріне әкеліп тастаған жемі болу керек. Бір ғана түлкінің кесірін көрдіңіз бе? – деді інім, – қазір біздің ауылдың ба­­ла­­лары аң дегенде ішер асын жерге қояды. Аң туралы аңыратып айтқан әңгіме­нің арасынан сүзіп алғаным, «Ішер асын жерге қояды» деген сөз. Ал біздің журналистер «Ішкен асын жерге қояды» деп жазады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, іш­кен асыңызды қанша тырыссаңыз да жер­ге қоя алмас едіңіз. Ішіп қойдыңыз ғой. Ауылдан олжалы оралдым. Рас, баяғыдай қоржыныңның екі басын толтырып жіберетін қомақты сыйы жоқ. Есесіне үш сөзді түзетіп, анығын ала қайттым. Қалам ұстаған адамға аз олжа емес қой. Байқал БАЙӘДІЛОВ, журналист КӨКШЕТАУ