Елбасы Н.Ә.Назарбаев білім саласына жете көңіл бөліп отыр. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз етуде ерен жетістіктерге жеттік. «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Үш аусымда оқитын мектептердің саны күрт азайып келеді. «Болашақ» бағдарламасымен шетелден білім алып, халық шаруашылығын дамытуға үлестерін қосып жатқан мамандардың саны жылдан жылға арта түсуде. Осылай жетістіктерімізді тізбектей беруге болады. Білім саласына шетелдік тәжірибелерді енгізіп, білім берудің озық тәжірибелері үйреніп, жақсы нәтижелерге жетіп жатқан мектептердің саны көптеп саналады.
Сонымен бірге, әлі де шешімін таппай жатқан проблемалар жоқ емес. Кеңес дәуірінде тұрақты оқулықтар жылда жетілдіріліп, оқушының қолына тиетін. Қазір жаңа министр келсе, өзінің реформасын енгізіп, оқулықтар өзгеріп шыға келеді. Ол реформа аяқсыз қалады. Орнына жаңа адам келеді де, жаңа өзгерістерді бастайды. Міне, осылай білім саласын дамытуда қолайсыздықтар туындауда.
Биылғы оқу жылында1-сыныпқа «сауат ашу» деген пән енгізілді. Бүгінгі 1-сыныпқа барған балалардың көпшілігі балабақшада тәрбиеленгендер, олардың сауаты ашылған. Сондықтан «Сауат ашу» деген сөздің өзі ұяттау сияқты. Бүгінгідей ақпараттық технологияның дамыған заманында сауатсыз баланы табу өте қиын. Орыс тілді мектептерде «Букварь» сақталған, ал біздің «Әліппе» неліктен кінәлі болып қалды?
Тіл мәселесіне келетін болсақ, онда да түйіні шешілмеген мәселелер жеткілікті. Үш тілділік жақсы, өмірде қажет-ақ. Бірақ соны қай уақытта, қандай кезеңмен кіргізу керектігін ғылыми негізде жүзеге асырған дұрыс болатын шығар деп ойлаймын. Бірде жарты ғасырдан астам уақыт таза қазақ мектебі болып тұрған мектеп ғимаратының жанынан өтіп бара жатып байқағаным, оқушылардың көпшілігі ресми тілде сөйлеп жүр. Демек, мемлекеттік тіл өз дәрежесінде қолданылмайды. Барлық жиындар жоғарыдан төмен қарай көбіне ресми тілде өткізіледі. Меніңше, барлық шаралар мемлекеттік тілде өткізіліп, қажет болған жағдайда ғана ресми тілге аударылуы керек. Сонда ғана мемлекеттік тілге қызығушылық болады.
Көп жылдан бері орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытып жүрміз. Нәтижесі қандай? Өте төмен. Ал қазір ағылшын тілін бұрын оқымаған жастар өздігінен үйреніп жатыр, өйткені қажеттілік туындап отыр. Әр нәрсені сатылап іске асырып отырсақ, еңбегіміз нәтижелі болар еді. Алғашқы сатыда 1-4 сынып аралығында ана тілін жетік меңгеруге көңіл бөлсек, содан кейінгі сатыда 5-7 сынып аралығында шет тілін жақсы игеруге мүмкіншілік жасасақ, ең соңында 8-11 сыныптарда біраз пәндерді шет тілінде оқытсақ ұтармыз көп болар еді. Мектепті бітірмей еңбекке, белсенді өмірге жастар араласа қоймайды. Қазір шет тілін жақсы игерген ұстаздар да өте аз. Жеделдетілген әдіспен асығыс даярланған мұғалімдер пәнді өз дәрежесінде өткізе алмайды. Сондықтан мектеп партасындағы жасөспірімдердің келешегіне байыппен қарап, асығыстық жасамаған дұрыс болар еді.
Қазір қоғамдық өміріміздің түрлі бағыттары мектепке өз саласын пән ретінде енгізуге ұсыныс жасап жатыр. Мектептердегі пәндердің көптігі баланың денсаулығын сақтауға, өзін өзі қорғауға кері әсерін тигізуде. Мәселен, бірінші сыныпты алайық. Бала түске дейін (8.30-13.00) мектепте оқытамыз, үйге келгеннен кейін кемі екі-үш сағат (14.00-17.00) үйге берген тапсырмаларды орындайды. Одан кейін ата-ананың немесе өзінің қалауымен бір үйірмеге (домбыра, шахмат, жүзу т.б.) қатысады. Оған екі-үш сағат уақыты кетеді. Сонда бала қай уақытта таза ауада еркін жүріп, дем алады? Бұл аз десеңіз, балалар қазір ұялы телефондармен немесе планшетпен әуестеніп, демалысына бөлінген біраз уақытты сонымен жояды.
Меніңше, пәндердің санын көбейткен оқушыларға қосымша жүктеме. «Дінтану пәнін енгізу керек», деген ұсыныстар жиі айтылуда. Таяуда бас мүфти Ержан қажы бір сұхбатында: «...Қарапайым сөзбен айтқанда, ислам – барлық пендеге адам деген жоғары атқа лайықты өмір сүруді үйрететін соңғы дін. Өзіңізді бағып-қағып өсірген аяулы ата-анаңызға қамқорлық таныту, жақындарыңызға жақсылық жасау, отбасыңызға үлгілі әке, өнегелі ана болу, балаларыңызға дұрыс тәрбие беру, көршімен көркем қарым-қатынас орнату, адал жолмен табыс табу, мемлекеттің мүлкіне қол салмау, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету, міне, осы айтылғандардың жиынтығы – дін...», деді. Шындығында да, осы айтылғандардың бәрі тәрбиелік жұмыс. Әрбір ұстаз өз пәнімен тәрбиелік жұмыс жүргізіп, ата-ана үйде балаларының жат қылықтардан аулақ болуына көңіл бөлсе, қоғам бұқаралық ақпарат құралдарымен адамгершілікке тәрбиелеу бағдарламаларын жүйелі жүргізсе, бала басқа ағымдарға бұрылмай, адами қасиетін сақтауға тырысады. Ендеше, діни сауаттылықты пән арқылы емес, тәрбиелік жұмыс арқылы бала санасына жеткізуге болады. Бұл бір ғана мысал.
Мұғалімдердің жұмысы ауыр, жалақылары мардымды емес. Осыдан біраз жыл бұрын біз қызмет жасаған кездерде мектептерде ұстаздардың көпшілігі ер адамдар болатын. Қазір керісінше. Қатардағы ұстаздардың басым көпшілігі әйелдер. Неге олай? Қазір педагогикалық оқу орындарына басқа мамандыққа өте алмағандар, көбіне қыз балалар барады. Мұғалімдік мамандықтың беделі өте төмен. Қағазбастылық басым. Мұғалімге бәрі қожа, тіпті оқушылардың өзі бағынғысы келмей, ұстаздың кішкене қателігін немесе жүйкесі жұқарғандағы келеңсіз әрекетін таудай қылып, әлеуметтік желіге беріп жатады.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) айналасында сын көп. Ренжіген ата-ана, жылаған мектеп бітірушілерді жылда маусым айында теледидардан көреміз. Жылда сынақ жасау жалғасуда. Биыл да өзгеріс болып жатыр. «120 сұраққа 140 балл алу керек» дейді. Оны қалай түсінуге болады? Оқушы бір сұраққа бір ғана жауап береді емес пе? Жалпы, білім саласын жетілдіруге, тұрақтандыруға педагогика, психология т.б. пәндердің ғалымдары неге белсене араласпайды? Осы мәселелерді шенеуніктер емес, ғалымдар ғылыми негізде шешулері керек. Реформа реформа үшін емес, оқушы мен ұстазға пайдалы негізде жүргізілсе білім саласы жоғары дәрежеге көтерілер еді...
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер-ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі