09 Қаңтар, 2017

Жүрегі кірлегендерден мейірім күтпеңіз!

570 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кейде көңілің шаттанып, көкірегіңді қуаныш билегенде сол бір сәт ешқашан кетпейтіндей сезіледі. Ал, қандай да бір қайғы келсе, жаның ауырып, жүрегің сыздайтыны тағы бар. Пенде болғасын пешенеңе жазғанын көру заңдылық та шығар. Десек те, кейде басымызға түскен кейбір қиыншылық пен қайғы осы пенделердің пейілінің тарлығынан да болып жататыны белгілі. Алла тағала періштелерге ақыл берді, бірақ нәпсі бермеді, жан-жануарларға нәпсі берді, бірақ ақыл бермеді. Ал, адам баласына екеуін де берді. Сіз осының қайсысын жиі пайдаланасыз? Қоғамдық ортада болсын, қоғамдық көлікте болсын, отбасында болсын, көшеде болсын кейде адамдардың жүрегінен мейірім жоғалып бара жатқандай көрінеді. Әңгіменің әлқиссасын отбасынан бастайықшы. Әсілі, әке-шешенің балаға деген мейірім-махаббаты оны жақсы киіндіріп, жылы тамақ берумен шектелмесе керек. Бала ең бірінші, ата-ананың тәтті тамағына емес, ашық-жарқын қабағына мұқ­таж емес пе? Ұлыңызды тізеңізге отыр­ғызып, қызыңызды басынан сипап бір минут еркелетудің өзі оларға қаншама қуаныш әкелетінін аңғара бермейсіз. Сіз жылы сөйлеген са­йын олардың жүрегі елжіреп, сізге ішіндегі бар сырын айтып тастауға даяр тұратынын байқадыңыз ба? Міне, ол сіздің сәл ғана жылы қабақ та­нытқаныңыздың әсері. Егер осы қағиданы тіршілігіңіздің күн са­йын атқаруға тиісті бір міндеті деп білсеңіз, онда сіз нағыз отағасы бола аласыз.  Себебі, ата-ана балаларына қаншалықты жақын болса, соншалықты олардың сырына қанық болады. Балам қайда жүр? Кіммен жүр? Не істеп жүр деген сұрақ қазіргі әке-шешелердің бас­ты қайғысына айналды. Оның себебі бауыр етің балаңмен сәби күнінен сырласа алмауыңда жатыр. Оларға мейіріммен қараған сайын мейірлене түсетініне мән бермейміз ғой, негізі. Көбіміздің көзімізді ақша, көңілімізді дүние, уақытымызды тұрмыс билеген­діктен осындай құны биік құн­ды­лықтарымызды құрдымға ұшыратамыз кейде. Ұш­қан ұясынан мейірімнің дәмін сезбеген сәби кімге мейірім көрсетпек. Мектептегі мұғалімге ма? Әй, қайдам... Әліппені үйреткен ұстаздарына әлімжеттік көрсеткен әдепсіздерді көргенде, мейірім деген сөздің мезгілі өтіп кеткен жоқ па, осы деп те ойлаймын. Меніңше, шәкірт деген ұстазға сабақ айту үшін ғана қол көтеруі керек қой. Қазіргі ғаламтордың бе­ті­не ғаламшардың бәрі сыятын сияқты. Соңғы уақытта сабақ үстін­де ұстаздарын ұрғандардың бейне көріністері қаптап кетті. Әкесімен жастыларға әкіреңдеп, анасымен жастыларды мазақтап, сабақ үстінде сайқымазақ секілді санасыз әрекеттерге барған балалардан мейірім күту ақымақтық болар. Қоғамдық көлікте орын бер­мей­тіндердің дені – осындайлар. Үлкендер ашуланса ашуланғандай-ақ. Құлағына құлаққап киіп, теле­фонға телміріп алғандар өз-өздері­мен бір әлем. Тоқсан теңге бердім екен деп мұнша шалқаю ағаттық болар. Баласын туа сап әжетханаға тас­тап жатқан аналарды көргенде, әке-шешесін қарттар үйіне апарып жатқан балаларды көргенде, тауарын асыра мақтап, жөнсіз бағамен сатып жатқан саудагерді көргенде, көлігін  сырып кетсең жұдырығын ала жүгіретін ағаларды көргенде, өкшесін басып кетсең өкпелейтін көкелерді көргенде мейірімнің мекенін іздеп кетесің.  Ол жер бетінде бар ма өзі? Іздесек таба аламыз ба? Меніңше, мейірімнің мекен-жайы жүрек болуы керек. Ол қандай жүрек дейсіз ғой? Ол зәредей болса да зұлымдықты ойламайтын, шаңның тозаңындай тәкаппарлыққа жол бермейтін жү­рек. Тыныштық пен тазалықтан, адам­дық пен адалдықтан, шы­най­ы­­лықтан тұратын жүрек. Сон­­­­дық­тан да, мейірімді боламын десеңіз жүрегіңізбен жұмыс жаса­ңыз.  Тазалаңыз. Кірлеген жү­рек­ке кіршіксіз махаббат пен мейі­рім кіре алмайды. Бір-бірімізге мейі­рімді болайық. Себебі, өзгеге мейірім танытпағанның өзі де мейірімге бөленбейді деген бар. Осы сөздің мәні мен маңызын жете тү­сініп, санасына орнықтырып, сауапқа ұмтылған жандар жетерлік. Қайырымдылық қорларды қоспаған да қайырымды адамдардың да қатары күн сайын қалыңдап келеді. Солардың бірі Арман Шекимов туралы алдыңғы мақалаларымызда сөз еткен болатынбыз. Бұл жолғы кейіпкеріміздің де өз ерекшелігі бар. Себебі, ол Астанада тұңғыш рет қайырымдылық дүкенін ашып, одан түскен қаражатты науқас жандарды емдеуге жұмсап жатыр.  Дүкендегі тауар жомарт жандар әкелген киім, ойыншық, кітап және тағы басқа заттардан тұрады. Бағалары тым арзан. Ал сатылымнан түскен қаржы ауыр науқасқа ұшыраған балаларға беріледі. «Қамқорлығыма алған балалар­дың көбі медициналық көмекке зәру. Әсіресе өлім аузында жат­қан­дары жүрегімді шымырлатып жі­береді. Қолымнан келгенше қол ұшын беріп келемін. Жалпы, адам­дар бір-біріне көмектесіп, мейір­бан­дық, қамқорлық деген ұғым­дарды естен шығармағаны абзал», дейді «Риза» дүкенінің иесі Нұржамал Молдажанова. Әрине, бұл саудадан қыруар пайда келмесі анық. Бірақ соның өзінде ауыс-түйістен артылған ақшаны Нұржамал қайырымдылық қорларына аударып жүр. Жақсы­лық­тың мөлшері болмайды. Тек ниетіңіз бен пейіліңіз адал болса болғаны. Сонда ғана мейірім мекенін мұз баспай, адамдардың арасындағы жылулық пен сый­лас­тық жібі үзілмейді. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»