09 Қаңтар, 2017

Дақыл өсіруді әртараптандыру

388 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ішкі нарықтың сұранысын өтейтін болады Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде әлемдік астық державасына айналу туралы ұран көтерілген-ді. Аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға бюджеттен де, жекелей инвесторлардың тарапынан да қыруар қаражат салынып, соның арқасында астық экспорты жылына 9 миллион тоннадан асып түскен еді. Сөйтіп, дүние жүзі бойынша алғашқы ондыққа еніп, халықтың жан басына шаққандағы астық көлемі бойынша Австралия, Ресей, Канада сияқты алпауыттардың өзін артта қалдырған болатынбыз. Алайда, қазіргі таңда Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің алға қойып отырған мақсатында аздаған өзгеріс­тер бар. Оны, біріншіден, аграр­лық секторды бір ғана салаға бай­лап қоймай, әртараптандыруға бағыт­тау деп түсінген жөн. Экономи­каны әртараптандырудың маңызы қаншалықты зор болса, ол ауыл шаруа­шылығы үшін де соншалықты маңызға ие. Сол үшін де 2017-2021 жыл­дарға арналған агроөнеркәсіп кеше­нін дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасының аясында бидай алқап­тарының көлемін азайту қарастырылған. «Бұл не үшін керек?» деген сауал туындайтыны түсінікті. Соған тоқталып көрейік. Ауыл шаруашылығы министр­лігі­нен алынған деректер бойынша, жыл сайын елімізде 2-3 миллион тонна ас­тық қоры қажетті мөлшерден арты­лып қалады екен. Бұл өнімді дұрыс есептемеуден туындайтын артық шығын екені түсінікті. Демек, астық­ты алқаптардың көлемін азайту арқы­лы басқа дақылдармен арасында тепе-теңдік орнатуға қадам жасалса құба-құп! Екіншіден, жалпы өсімдік шаруа­шы­лығына бөлінетін мемлекеттік суб­сидияның төрттен бір бөлігі астық шаруашылығының үлесінде. Есесіне, оның тиімділігі басқа сұранысқа ие дақылдарға қарағанда біршама төмен. Сол үшін де алдағы уақытта бидай алқаптарына тиімділігі жоғары әрі сұраныс көп май дақылдары, жүгері, тары, қызылша, қант қызылшасы, сұлы және басқаларын еккен жөн. Сәйкесінше, астықты шикізат күйінде шетелге шығарғаннан гөрі, ішкі нарық­тағы өңдеуші саланы шикізатпен қам­туға мүмкіндік көбейеді. Яғни, нарықты дайын өніммен қамтуға жол ашылады. Өсімдік майы, қант сынды негізгі тұтыну тауарларының экспорты кемиді. Бұл ауыл шаруашылығын әртараптандырудың айқын көрінісі болмақ. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылы еліміз ұн экспорттаудан әлем бойынша алғашқы үштікке еніпті. Бұл, әрине, үлкен жетістік. Сонымен бірге, ішкі нарықты дайын ұн, макарон өнімдерімен қамтамасыз ету экономикалық жағынан тиімдірек екені де дәлелденіп отыр. Үшіншіден, мал азығын көптеп өсіруге мүмкіндік тумақ. Яғни, бидай алқаптарының көлемін азайту мал шаруашылығының дамуына да ықпал етуге тиіс. Бұл орайда, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша мал шаруашылығының тиімділігін арттыру басты бағыттардың бірі екенін еске сала кеткен жөн. Сөз басында Қазақстанның әлемдік астық державаларының біріне айналуға талпынғаны туралы айтқан едік. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғановтың айтуынша, бидай алқаптарының көлемі кемігенімен, астық державасының әлеуеті сақталуға тиіс. Оған қол жеткізілген көрсеткіштер де мүмкіндік береді. – Биылғы жылы астықтың жалпы жиыны 23,7 миллион тоннаны құрады. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 3 миллион 900 мың тоннаға артық. Орташа түсім 15,4 центнерге жетті. Болашақта егістік көлемі азайса да, өнім көлемі мен сапасын арттыруға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін алқаптарды тыңайту, тұқымдарды асылдандыру, ауылшаруашылық техникаларын жаңарту, шаруашылықта озық тәсілдерді қолдану сынды шаралар қолға алынып жатыр. Елімізде жыл сайын 3  миллион тоннаға тарта бидай артығымен қалатынын білесіздер. Енді соның орнына басқа да дақылдарды өсіру көзделіп отыр. Себебі, елімізде осы санаттағы өнімдердің тапшылығы қатты байқалуда, – деп жауап берді министрдің бірінші орынбасары. Қ.Айтуғановтың айтуынша, бұрын бидаймен айналысқан, енді басқа дақылды егуге көшетін шаруалардың алаңдамауына болады. Себебі, бұрын бидай сатып алып келгені сияқты, министрлік майлы дақылдарды да мемлекеттік қорға сатып алуға әзір. Үкіметтің қолға алған шаруа­лары­ның бағыт-бағдарына бір қарап, алдағы уақыттағы мұнайымыз да, газымыз да ауыл шаруашылығы болуға тиіс екенін бірден байқауға болады. Бұл орайда, мал шаруашылығымен қатар, астық шаруашылығына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қалай дегенде де, Қазақстан сынды астық державасы үшін аграрлық секторды әртараптандыру қажетті қадамдардың бірі болмақ. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»