Еліміз тәуелсіздік алған тұста мемлекет басшылығы Ұлттық ұлан әскеріне аса жауапты жүк – Өскемен, Курчатов және Степногорск қалаларында бұрынғы Кеңес Одағынан мұрагерлікке қалған ерекше маңыздағы нысандарды күзетуді сеніп тапсырған. Ал сол 1992 жылы еліміздің құқықтық тәртібін қамтамасыз ету үшін Ақмола, Орал, Теміртау және Жамбыл қалаларында мототехникалы арнайы әскери бөлімдер, сондай-ақ Қарағанды қаласында тура осындай батальон құрылып, кейін ол полк болып жасақталған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатовтың қатысуымен өткен брифингте белгілі болды. Оның айтуынша, Алматыда жеке бригада құрылса, осы қаланың маңындағы кезіндегі Красный Восток кентінде жедел бригада құрамы жасақталып, кейін бұл құрама Республикалық ұлан, бүгінгі таңдағы Мемлекеттік күзет қызметінің қалыптасуына негіздеме болған.
-Ұлттық ұлан өзінің қалыптасу жолында бірқатар жетілдіру кезеңдерін басынан өткерді. Мәселен, 2013 жылы Мемлекет басшысының «ҚР ІІМ Ішкі әскерлері туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлығымен әскерді басқару жүйесі құрамалық басқарудан өңірлік басқаруға көшірілді. Осының нәтижесінде әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік қабілеті және жеделдігі артып, басқару ісі қарапайым әрі тиімді бола түсті. Былтырғы жылы 2014-2016 жылдарға арналған әскерді дамыту бағдарламасы сәтті аяқталды, - деді генерал-майор Мұхаметқали Сатов.
Сонымен қатар брифингте Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында егемендіктің арқасында мемлекетіміздің қол жеткізген 7 жаһандық триумф-салтанатының бірі ретінде заманауи Қарулы Күштері мен құқық қорғау жүйесі құрылғандығы туралы ерекше атап өткендігі де айтылды.
"Айрықша атап өтерлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы (бұрынғы Ішкі әскерлері) Қазақ елі тәуелсіздік алған соң Елбасының Жарлығымен 1992 жылдың 10 қаңтарында алғашқы күш-қуат құрылымы болып құрылды", деді ол.
Оның айтуынша, егер құқықтық тәртіп әскерінің тарихы мен даму жолына тоқталар болсақ, оны үш кезеңге бөліп қарауға болады.
Бірінші кезең 1992-2000 жылдар аралығын қамтиды. Осы кезеңге әскеріміздің құрылуы мен даму жолы тиесілі. Осы уақыт кезеңінде әскердің заңнамалық іргетасы қаланды, кадрлық әлеуеті жетілдірілді, сондай-ақ бөлімшелер Тәжік елінде бітімгерлік миссияны атқарып, қалыптасудың аса күрделі кезеңдерін басынан өткізді.
Екінші кезең 2000-2007 жылдары Ішкі әскерді реформалауға арналған мемлекеттік бірінші Бағдарламаның жүзеге асырылуын қамтиды.
«Ал үшінші кезең – бұл уақыт бөлшегіне 2008-2016 жылдарды, яғни өзінің күш-қуат әлеуеті жағынан барынша жанданып дамыған, әскерді басқарудың жүйесі бірқатар заманауи өзгерістерге ұшыраған, әскер құрамының жауынгерлік дайындығы мен мүмкіндіктері жаңа талаптарға сәйкестендірілген, халықаралық байланыстар ынтымақтастығы жолға қойылып, ең аяғы Ішкі әскерден Ұлттық ұлан болып қалыптасу жылдарын жатқызуға болады», - деді генерал-майор М.Сатов.
Дастан Кенжалин, "Егемен Қазақстан".