ақын бейнесін сомдаған майталманның төсінде
Абай театрының белді актері, Қазақстанның халық әртісі Бекен Имаханов Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік факультетін бітірген. 1959 жылдан Семей облыстық музыкалық драма театрының сахнасында өнер көрсетуде. Театр сахнасында Ақан серіден бастап тартып, кейіннен Қара Қыпшақ Қобыландының, Бауыржан Момышұлының, Абайдың, Шәкәрім қажының бейнелерін айшықтап сомдай білді. Өмірінің 60 жылға жуығын өнерге арнап, театрда 200-ге тарта образды сахналады. Бекен Имахановтың 80 жылдық мерейтойында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Азамат Мұхамедчинов облыс әкімі Даниал Ахметовтің арнайы құттықтауын жеткізді.
Сахна саңлағына басқа да ілтипатты лебіздер молынан ақтарылды.
Сіз сахнада тұрғанда сөздің құдіретін білетіндігіңіз ерекше. Сіздің сөзге деген ынтаңыз, сөзге деген жауапкершілігіңіз өте жоғары, – деді республикалық «Абай» қорының президенті Отантай Кәріпжанов. – Көрермен көңілінен шыққан қазақ фильмдері некен-саяқ. «Қыз Жібек», «Жаушы» сияқты керемет кинолардың қатарын жалғастыратын «Шәкәрімнің соңғы күзі» фильмінде Шәкәрім қажыны сомдаған Қазақстанның халық әртісі Бекен Имаханов ағамыздың еңбегі айрықша деуге болады.
Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында еңбек етіп келе жатқан, бүгінгі буын жастарға ақылшы аға бола білген театр тарланы, сахна саңлағы Бекен ағамыз жайлы қанша айтсақ та артық емес екендігі рас, – деп игі тілегін арнады ғалым, профессор Арап Еспенбетов. – Қарауылдағы қарапайым қазақ отбасында өмірге келген ағамыз бүгінде біздің мақтанышымыз. Қазақ атамыз сонау жаугершілік заманда «Хас батырға оң, солы болмайды» деп бекер айтпаған ғой. Сол сияқты, Бекен ағамыздың да, мейлі комедия, тіпті трагедия болсын, қай жанрда да көрерменін бірден баурап, жүрегіне жол тауып алатын тамаша қасиеті бар.
Мерейтойыма ел болып, атсалысып жатқандарыңызға рахмет, – деді Бекен Имаханов. – Рөлдерді жақсы-жаман, басты немесе кіші деп жіліктеп-жіктеу қателік дер едім. Кейбір шағын бейнелердің өзі жарқ етіп, халық есінде ұзақ сақталып қалады. Мен үшін ойнаған рөлдерімнің бәрі қымбат. Дегенмен, мен Абай театрының сахнасында жүріп, осы театрда қойылған пьесалардағы ақындар мен батырлардың көптеген көркем бейнелерін сомдағаным үшін қуанамын.
1967 жылы Александр Бектің «Волоколам тас жолындағы» Б.Момышұлының бейнесін сәтті шығарғаны үшін Бекен аға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына ие болады. Театр тарланы кейінгі кезде М.Әуезовтің «Қарагөзінде» – Жарылғап, «Айман-Шолпанында» – Маман, Т.Ибрагимовтің «Жас Абайында» Құнанбай рөлдерін сомдап, қазақ өнерін биік тұғырға шығарып жүр. Жиналған халықтың ықыласында шек болмады. Өнер саңлағына «Шәкәрім» медалі табысталды. Жиында облыс пен қала театрларының әртістері Бекен ағамен бірге халыққа түрлі қойылымдар көрсетіп, көзайым етті.
Раушан Нұғманбекова,
журналист
СЕМЕЙ