18 Наурыз, 2011

Етті мал өсірудің қамы

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ауыл шаруашылығын жаппай жекешелендіру және нарықтық қа­ты­настарға өту кезеңіндегі  айыр­бас­тың салдарынан соң  мал саны күрт кеміді. Төрт түлік малдың тұ­қымдық сапасы да нашарлап кетті. Алайда,  «ештен кеш жақсы» дегендей,  қазіргі уақытта ірі қараны көбейту, оның тұқымын асылданды­рып, еттілігін көтеруге бағыт ұста­луда. «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамы «Сыбаға» атты республика­лық бағдарлама дайындап, оны  іске асыру осындай үлкен жұмыстардың бастамасы десе  бол­ғандай. Биылғы  Жол­дау­да «Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жө­нінде бұрын-соңды болып көр­меген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең» деп атап көрсетілген болатын. Осы міндетті жүзеге асыру үшін бес жыл ішінде елге 72 мың асыл тұқымды ірі қара әкелу көзделуде. Бұл жобаны жүзеге асыруға қазірдің өзінде 130 миллиард теңге бөлінді. Осы мәсе­лелерді одан әрі тереңдету мақса­тында өткізілген облыстық кеңеске өңірдегі ауыл шаруашылығы құры­лым­дарының жетекшілері, аудан әкімдері, мал шаруашылығын да­мы­туға қатысты салалардың өкіл­дері қатысты. Онда ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту, мал сатып алуға несие беру тәртібі кеңінен тал­қыланды. Аталмыш міндетті жүзеге асыру үшін облыста 170 фермерлік шаруа­шылық, төрт ірі қара бордақылау алаңы және төрт мал өсіріп-көбей­туші  шаруашылық құру көзделуде. Ол үшін шетелден және еліміздің асыл тұқымды мал зауыттарынан, осындай бағыттағы шаруашылық­тардан асыл тұқымды аталық, ана­лық және жас малдар сатып алына­ды. Бұл облыста ірі қара мал етін ұлғайтып, рынокты сапалы өніммен толтыруға, ірі қара етінің экспорт­тық деңгейін қалыптастыруға алғы­шарт жасамақ. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін несие алуда жаңа арна ашылғалы тұр. Ресми баяндауларға сүйенсек, жылдық 6 пайыздық өсіммен берілетін несие кепілдігіне енді жерді, малды, сондай-ақ техниканы, тұ­ратын жеріндегі үйін салуға бо­лады. Мал өсірушілерге он екі жылға дейін, бордақылау алаңын ашушыларға  9,5 жылға дейін несие берілмекші.  Мал сатып алғысы келетін шаруаларға несие 7 жылға ұсынылады. Несиелерді өтеу жеңіл­діктері де қаралған. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.