18 Наурыз, 2011

Тәкенді тану үшін өре керек

529 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қаламгердің  «Му­зы­кальная душа» жинағы Женевада фран­цуз және орыс тілдерінде жарық көрді Әрбір адам өзі өмір сүрген қоғам­ның бір бөлшегі іспеттес. Сондықтан да оның әрбір ісінен, қалыбынан сол уа­қыттың, сол кезеңнің лебі есіп тұ­ра­ды. Алайда, ш­ынайы суреткер қол­таң­басынан осы бір тап­тауы­рындықты таппайсыз. Ол жазған шығармаларды оқи отырып, ана тіліңіздің шалқар мұхит екенін танисыз, жазушы қалам тартқан ғажайып әлемнің, ол суреттеген дүниенің өлмейтін, өшпейтін ескерткіш екенін бағдарлап, суреткер ше­берлігіне тәнті боласыз. Себебі, жа­зылған көркем дүние қай қоғамда, қай жүйеде, қай кезеңде де өміршең. Өйт­кені, ол халқыңның боямасыз бол­мы­сы. Жазушы Тәкен Әлімқұлов осын­дай тұрғыдағы суреткер. Жақында ғана сонау Швейцария­ның Женева қала­сын­дағы «Slatkine» баспасынан классик жазушының орыс тілінде «Му­зыкальная душа», ана тілімізде «Ел мен Жер» атауымен белгілі ро­маны мен бір топ әңгімелерінен құ­ралған «L′ÂME MUSICALE» жина­ғы жарық көріпті. Бұл жөнінде біздің тілшімізге Женевадағы «PRIVAXIS SERVICES SA» қаржылық компания­сы­ның қызметкері, жазушының қызы Алма Әлімқұлова-Паскуалато мен Тә­кен ағаның жары Есімкүл Болыс­байқызы әңгімелеп берді. – Ең алдымен Тәкен ағаның шы­ғармаларының француз тілді оқыр­мандарға жол табуымен құттықтап қояйын. Айтыңыздаршы, осы жақ­сы істің бастауында кім тұрды, қа­лай жүзеге асты? Алма, сіз бастай­тын шығарсыз. – Кітап шығаруға дайындық бір жа­рым жылдың ішінде жүргізілді. Мен жұмыс жасайтын «PRIVAXIS SERVICES SA» қаржылық компания­сы жыл сайын бір іс-шараға демеушілік көрсетіп оты­рады. Мысалы, өткен жылы спорттық іс-шараға қолдау жа­са­ды. Компанияда жұмыс жасап жүр­геніме биыл үшінші жылға кетті. Екі жыл бұрын басшымыз Оливье Местелан мені шақырып, әкем­нің кітабын француз тілінде шығарсақ қайтеді деп ұсыныс жасады. Ол кісімен жұмысқа қабылданған кездегі әңгіме­лесу рәсі­мін­де танысқан болатынмын. Сонда қайдан келгенімді, қай елдің аза­маты екенімді, шыққан тегімді сұраған­да айтқанымды көкейіне түйіп қалса керек. Мен, әрине, қуанып кеттім. Маған француз тіліне аударатын тәржімашы табу тапсырылды. Және кітапты бірден орыс және француз тілінде шы­ға­рамыз деген сөздері одан сайын қанат бітіріп, Софи Жиндпен әкемнің кіта­бы­ның әде­би аудармасын жасауға келісімге келдік. Алдымен романның орысша нұс­қа­сын алып кеткен Софиге жиі-жиі жо­лығып, оған қажетті кеңес беріп тұр­дым. Тағы бір қиындық, жинақты қазақшадан тікелей французшаға аудару мүмкіндігі жоқ. Орыс тіліндегі 1984 жылы шыққан «Музыкальная душа» жинағынан тәржі­малануы тиіс. Сонда тілдің сөлінен, шы­ғарманың болмысы­нан ауытқымау де­ген­нің өзі үлкен күш қой. Бір күні Софи: «Алма, мен мына шығарманы дұрыстап а­у­да­руым үшін маған қазақтардың жа­нын жете ұғыну шарт. Мен үшін қазақ халқы мүлде беймәлім әлем. Ма­ған сіздің елге міндетті түрде ба­рып қайту керек», деді. Мысалы, ро­ман­ның ал­ғаш­қы бетінде көкпар ту­ралы айтыла­ды, ал француз қызына оның ұлттық спорттық ойын түрі екен­дігін қанша айтсам да жеткіліксіз болды. Содан Ал­ма­ты­да­ғы анама хабар­лас­тым. Осы жерде әң­гі­ме­ге Есім­күл Бо­лыс­­бай­қызы араласқан. – Алмадан аудар­ма­шы елге келгісі келеді деген хабарды естіген соң менен маза кетті. Шым­кентпен, Созақ­пен, Ал­ма­тыдағы жора-жол­дас­та­рым­мен ха­бар­­ла­­сып, Софиге көр­сетер ха­л­қы­мыз­­дың дәс­түрі мен мәд­е­ние­тін, ғұрпын таныс­ты­­рар үлкен бағ­дарлама жа­садық. Ол Ал­матыға 2009 жылдың желтоқ­сан айының орта­сында келді. Содан мұ­ра­жай­ларға, Ме­­­­­деу мұз ай­дынына, Шым­­бұ­лақ­қа, театрларға алып ба­рып, достарым үйлері­не қо­нақ­қа шақы­рып, қазақтың дас­тар­қанын көр­сетті. Одан Шымкентке, Шо­лақ­қор­ғанға, Баба Ата­ға барып, Тәкен жүр­ген жерлерге саяхат жа­саттық. Кіндік қаны тамған жерде болып, өзінің атына берілген мектеп-интернатқа барып, оқушы­лар­мен, ұстаздармен кездесулер өтті. Ұлттық ас ішіліп, ұлттық әуен­дер, Тә­кен шығармаларына арқау бол­ған шертпе күйлер тыңдалды. Қазір елдің де тұрмысы жақсы ғой. Барлығы дұрыстап қарсы алды. Елде қа­лай, бір үлкен бөлме қонақтарға ар­на­лып қазақша жабдықталса, бір бөлме еуропа­лық үлгіде ғой. Софиге жерде оты­рып шай ішу де таңсық дүние бол­ды. Жерге төсел­ген құрақ көр­пелердің өзі оны әсерге бөле­ді. Қысқасы, Софи қазақтың ұлттық киімдерін, зергерлік бұйымдарын, өнерін, қо­нақжайлығын көріп еліне аттанды. Үй­дегі Тәкеннің бай кітап­ха­насына таң қал­ды. Осы арада әңгімені Ал­ма жалғап әкетті. – Қазақстаннан келіп түсісімен алғаш­қы кезде Софидің бар айтатыны тек «супер» деген жал­ғыз ғана сөз бол­ды. Ал өзіне-өзі кел­ген­нен кейін Со­фи­дің ауызы жа­был­сайшы. Біз­дерге, әри­­не, оның айт­қан әрбір сө­зі ерекше бір ризашы­лық туғыз­ғаны анық. Оны тек мақ­­та­ныш сезімі деп айту жет­кіліксіз, бәл­кім өз еліңе деген махаббат де­се дұ­рыс болар. Содан іске кіріскен Софи Жинд әкем­­­нің шығар­ма­сын француз тіліне ау­­да­рып шықты. Жал­­пы, мен жұ­мыс жа­сай­тын ком­па­ния­дағы қыз­­­мет­кер­­­лер­дің бар­лығы орыс-француз тілдерінде сөй­лейді. Олар­дың ішін­дегі француз фи­лоло­гия­сын бітірген бір әріпте­сім­нің де көп көмегі бол­ды. Енді жинақ сәуір айында Женевада «Slat­ki­ne» баспасының кітап дү­кен­дері­не сатылымға түседі. – «Тәкенге жай өлшем жүрмес; Тә­кенмен танысуға талап керек; Тәкен­мен табысуға талант керек; Тәкенді біл­ме­сең, өзіңді ұлтыңның ұлы мен қызымын деп санауға хақың жоқ. Бәрі­бір, бола алмайсың, осыны мық­тап түймекке керек», деген болатын Төлеген Тоқбер­генов», – деп жазған еді біздің газетімізде жазушы Мархабат Байғұт. Шынында да, Әлімқұлов шы­ғармалары кірпияз, бар қанымен, тінімен қазақы бола тұра, оны оқып тану үшін көкіректе көз болуы қажет деп ойлаймын. Бұл жөнінде Есім­күл Болысбайқызы, сіз не айтар едіңіз? – Өте дұрыс айтасыз. Менің ойымша, Тәкен шығармаларының уақыты әлі толық туа қойған жоқ. Ол заман ағы­мына қарап шығарма жазған адам емес. Мен өзім «Жедел жәрдемде» 12 жыл дәрігер бол­дым. Сол жылдардың ішінде ша­қыруға барғанда санаулы үйден ғана Тәкеннің кі­таптарын көрдім. Үйге келген соң Тә­кенге айтсам, сонда ол: «Е, тегінде бар мықты қазақ болмаса менің кітап­тарым­ды оқи бермейді ғой», дейтін. Сол заманда Тәкен кітаптарын тек шын мә­нін­де зиялы, әдебиетті түсініп, тұш­ы­нып қа­был­дай­тын сирек оқырм­андар ғана оқи­тын. Енді Женевада шығып жат­қан кі­таптың бағасы 60 еуро тұрады екен. Тағы да қалың көп­шілік емес, жағ­дайы келетін, соған қара­жатын шығара­тын адам­­д­ар ғана оқи ала­ды. Мен, әрине, кө­ріпкел емеспін, бірақ алда шұрайлы қаз­ақ тілінің заманы бар, сонда Тәкен шы­ғар­малары өз бағасын ала­тынына сенемін. Ал Алманы әкесі керемет жақсы көретін. Біз дұрыс тәрбие бердік қой деп ойлаймын. Бөтен елде жүріп, сол жерде жар тауып, өзін сыйлатып, елін сыйлатып жүр. Тәубе деймін, енді, міне, әкесінің шы­ғармасын шет жұртқа алып шықты. – Алма, Женевада қайдан жүрсіз? – Мен Қазақстан азаматымын. Швейцарияға еліміздің Сыртқы істер ми­нистрлігінің Женевадағы миссия­сы­ның қызметкері ретінде бардым. Сонда қатарынан бірнеше жыл жұмыс істеген соң, енді елге қайтамын ба деп жүр­генімде, Женевада тұратын Италия аза­маты тұрмысқа шығуымды өтін­ді. Солайша шетелде тұрып қалдым. Жылда наурыз айында Швейца­рия­ның астанасы Берн қаласында отан­дастар жиналып, елшілікте Нау­рыз­­ды қарсы аламыз. Әрқашан елге құлағымызды түріп жүреміз. Есімкүл Болысбайқызы: – Тәкен екеуміз де Қазақстаннан тыс жерде таны­сып, Мәскеуде отау құрдық қой. Ол кезде Тәкеңнің жасы 50-де. Мәс­кеу­дегі Әде­биет және өнер ин­с­ти­тутында оқып жүр­ген, ал мен жап-жас қыз едім. 1987 жылы Тәкен дүние сал­ғанда ұлымыз Рауан жиыр­мадан жаңа асқан жігіт, ал Алма 19-ға жетпеп еді. Мен 38-ге қараға­ным­да жесір қал­дым. Өмірімді оның ру­хы­­на тағзым етіп, атының қалуына, бала­лары­на білім беріп, дұрыс азаматтар бо­луы­на арнадым. Елдегі Тәкен атындағы мектеп-интернатпен арадағы байланысты үзбей­мін. Мамандығым бойынша жұмы­сым­ды жасап, өзімнен кейінгі дәрігер­лерді тәрбиелеуге атсалыстым. – Жеткізген жақсы хабарлары­ңыз­ға, айтқан әсерлі әңгімелеріңізге көп рахмет! Алдағы Наурыз бәрі­мізге береке әкел­­сін! Алма, Женева­ға аман-есен жетіңіз! Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.