19 Наурыз, 2011

Ғани жаққан алау

1075 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Бұл мақаланы жазу ойымда жоқ еді. «Егемен Қазақстаннан» Жанболат телефон шалды: – Аға, сіз баяғыда, жастар газетінде істеп жүрген кезіңізде Ташкент қаласына іссапарға барып, архивтерді ақтарып, Ға­ни Мұратбаев қол қойған жастар га­зеті­нің 1921 жылы шыққан алғашқы сан­да­рын тауып, көшірмелерін әкелге­ні­ңіз­ді, содан кейін барып «Лениншіл жас» газе­ті­нің шекесіндегі «1922 жылдан шыға бас­тады» деген деректің «1921 жылғы 22 наурыздан шығады» деп өз­гер­тілгенін білетін едік. Сол оқиғалар ту­ралы мақала жазып беруіңізді сұрай­мыз, – деді. – Апырай, жастар газетінің де 90 жылдығы келіп қалған екен ғой. Жазып берейін, – дедім мен ойланып. Көңілімде көп суреттер тіріліп жүре берді... Ең әуелі «Лениншіл жас» ту­ралы ойлар келді. Бұл газет осын­дай атпен шығып, жүз­де­ген мың дана тиражбен кеңінен та­ра­ған кешегі Кеңес өкіметі за­манында қазақ жастарының талай буынын адалдыққа, ең­бек­­сүй­гіштікке, адамгершілікке, има­­н­­дылыққа, қайырымдылыққа, ұл­т­жандылыққа, отансүй­гіш­тік­ке тәр­биелеген көпшіліктің сү­йікті газеті болған еді-ау. Оның ең алғашқы редакторы Ғани Мұ­рат­баев, жауапты хатшысы Ілияс Жан­сү­гіров екені белгілі. Ал енді біз әңгіме қылғалы отыр­­ған 60-шы жылдар­дың екінші жар­ты­сын­да­ғы редак­тор­ы сол кезде де, одан кейінгі ондаған жыл­дарда да қазақ журна­лис­ти­касы саласындағы шын мә­ніндегі редакторлық ұйым­дас­тырушылық та­лан­ты­мен та­ныл­ған Шерхан Мұртаза аға­мыз бо­латын. Тельман Жан­ұзақов деген орысша да, қазақша да бірдей жазатын, қаламы жүрдек, күлкісі де, жаны да таза, жастарға ылғи қамқорлық жасап жүретін тағы бір ағамыз редактордың орын­ба­сары болды (кейін ол «Правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі қыз­метін атқар­ды). Киіміне кіршік жуыт­пай, талғам­мен, сәнмен киінетін, ұзын бой­лы­, сым­батты, жұрттың бәріне сүй­кімді, спорт тақырыбын тамаша мең­гер­ген, сол кездегі қазақ жастары пір тұ­татын Әбіл­сейіт Айханов пен Әбді­са­лан Нұр­ма­хановтың жақын досы, со­нымен бірге қаламы да жүйрік Қал­дар­бек Найманбаев – газеттің жауапты хатшысы еді. Соның алдында ғана мен «Лениншіл жастың» Қарағанды облысындағы тілшісі болып төрт жылдай қызмет ат­қа­рып, газеттің студент-жастар бөлі­мінің мең­геру­шісі болып тағайындалып, Ал­маты­ға қайтып оралғанмын. Редакция қыз­мет­керлерін былай қойғанда, облыс­тар­дағы меншікті тілшілері де шетінен сен тұр, мен атайын дейтіндей, сайдың тасындай іріктелген жастар еді. Мемлекет билігіне Хрущев келгеннен кейін Целиноград болып өзгерген Ақмола облы­сы мен Тың өлкесінде Рымғали Нұр­­ға­лиев, Семей өңірінде Рысхан Мусин, Шым­кент жағында Мұхтар Шаханов, Қостанай облысында Байтұрсын Ілиясов, Гурьев аймағында Әнес Сараев, Орал облысында Хамидолла Қы­дыров, Қарағандыда менен кейін Ақ­селеу Сейдімбеков тілші болды. Сол жылдарда Шер­­хан Мұртаза ағамыз батыс өңірге бар­ған бір сапарында Фариза Оң­ғарсы­н­ова­­ны көріп, өлеңдерімен, жазған­дары­мен таны­сып, оны да облыстағы тілші­лер­дің қо­сынына қосып алды. Шы­ғыс Қа­зақстан облысынан, ауданнан «Лениншіл жасқа» жолдаған очерктерін оқып, жазғанына, тіліне қатты сүйсініп, газет­тің жас қыз­меткері Кәдірбек Сегіз­баевты арнайы іссапарға жіберіп, Оралхан Бө­кеевті ау­дандық газеттен Алма­ты­ға ша­қырып, редакцияға қызметке алды. Мен алғаш газеттің студент-жастар бө­лімін басқарғанмен, кейінірек газет­тің комсомол тұрмысы бөлімінің мең­геру­шісі Нұрмахан Оразбеков, ұмыт­па­сам «Со­циалистік Қазақстан» газетіне бо­луы ке­рек, қызметке ауысты да, жауап­ты бө­лім деп, енді мені сол бөлім­нің мең­геру­шілігіне қойды. «Лениншіл жас» газеті­нің ол жылдардағы ел ішіндегі, халық арасындағы беделі үлкен еді. Мұны оның тиражының сол кездегі жыл­дан жылға жедел қарқынмен өсіп отыр­ға­ны­нан да айқын аңғаруға бо­лады. Газеттің сол жылдардағы сан­дарын оқы­май-ақ жай сыдырта қарағанның өзін­де де газет бетінде жастар тәрбиесіне, моральдық-этикалық, танымдық, эстети­ка­лық мәселе­лер­ге, туған өлкенің таби­ға­тына, тарихына, әдет-ғұрып пен салт-дәс­түр­ге, әдебиет пен өнерге көп көңіл бөлі­ніп, уытты мақалалар жариялаумен бірге жастардың өздеріне де сөз беріп, өзекті мәселелер бойынша олар­дың өзара қызу пікір алысуларын ұйым­дас­тырып отыруға да ұдайы назар аударылғаны аңғарылады. Осы тұрғыдан келгенде газет бетінде ашыл­ған әртүрлі айдарлар мен клуб­тардың жұ­мыстары жемісті болып, газет оқушы­лары­ның көңілінен шығып отыр­ғаны шүбәсіз. Жоғарыда айтқа­ным­дай, газеттің Қара­ған­ды облысындағы тілшісі қызметінен (ол жылдары «Лениншіл жас» біздерді «өз тілшіміз» деп жазатын) студент-жастар бөлі­мі­нің меңгерушісі бо­лып Алматыға орал­ғанымда бөлімнің өзі­нің жартыжылдық, тоқ­сандық жоспар­ла­рын­да үнемі ескеріп, қа­дағалап, мезгіл-мезгіл арнаулы беттер беріп отыратын «Өркен» (жоғары класс оқу­шы­лары үшін) және «Арай» (студент және уақыт)» атты клуб­тары бар еді. Га­зет­тің Әдебиет және өнер бөлімінің де «Лениншіл жас­тың» антоло­гиясы (ға­сыр­лар, елдер, ақын­дар)», «Аққу» («Ленишіл жастың» эс­те­ти­калық клубы), «Жас керуен» (жас ақын­дардың өлеңдерін көрнекті де көлемді етіп беру), «Лениншіл жастың» жыр жарысы. Мүшәйра» атты тұрақты ай­дарлары болды. Мәселен, «Жас керуен» ай­дарымен «Ашық аспан, албырт әлем» деп ат қойылып, жаңа талап, жас ақын Рафаэль Ниязбековтің көлемі газеттің бір бетінің үштен біріне жуық өлеңдері, «Ле­ниншіл жастың» жыр жарысы. Мү­шәйра» айдарымен Фариза Оң­ғар­сыно­ва­ның «Мен саған ғашық емес ем...» атты газет оқу­шы­ла­рын бірден елең еткізген махаббат, жас­тық жырлары, Ақтөбе облы­сы­ның Байға­нин ауданында тұратын жас ақын Есенбай Дүйсенбаевтың газеттің жарты бетіне жуық көңілді үйіретін көркем жыр­ла­ры­­ның топтамасы, тағы басқалары жарық көр­ген. Газеттің «Саят» атты, аңшылық жа­йын­да қызықты әңгіме шертетін, «Күм­без» атты археологиялық, «Қаһарман» ат­ты әс­ке­ри-пат­риоттық тәрбие клубтары­ның жұ­мысы да жемісті болып, ұзақ уақыт газет беті­нен түс­пегені есімде. Ақжан Машанов­тың Әл-Фа­ра­би туралы мақаласы да алғаш жастар газетінде жарияланып, ке­йінірек бұл тақы­рып­қа басқа да мақа­лалар арна­лып, ұлы ба­ба­мыз өз ұрпағымен қайта та­быс­қан. Мұ­қа­ғали Ма­қа­таевтың, Қадыр Мыр­за­лиевтің, Тұ­ман­бай Мол­да­ға­лиевтің өлеңдері, Қа­ли­хан Ысқақов­тың, Әбіш Ке­кіл­баевтың, Шәр­бану Құмаро­ва­ның, басқа да талантты жас қаламгер­лер­дің повестері мен әңгімелері де «Лениншіл жас» арқылы қалың көпшілікке мезгіл-мезгіл жол тарта­тын. Сын-сықақтың, сатираның қамшысын үйіріп, «Сүзеген сө­зін» үйретіп, Оспанхан Әубәкіров газет бетінен түспейтін. Газет өзінен өзі шықпайтыны, оны шы­ға­ратын журналистер екені белгілі ғой. Сон­дық­тан бәрі болмаса да, сол жылдарда газетте істеген журналистердің біразының аты-жөндерін атай кетсем, артық болмайтын секілді. Мен өзім газетке араласқан алғашқы жылдардағы оның белді қызметкерлері Сейдахмет Бердіқұлов, Бек Тоғысбаев, Қалихан Ысқақов, Бекежан Тілегенов, Бекмырза Баймаханов, Бекен Әбдіразақов, Таупих Сар­ба­қанов, Әбіқұл Ибрагимов, Тұтқабай Иманбеков, Қарсыбай Қасымбеков, Сәңгерей Тәжі­ғұлов, Таңатқан Рсаев сияқты журналис­тер­дің орнына өз кезегімен Баймолда Мусин, Мәткерім Әкімжанов, Оразбек Сәрсенбаев, Әнес Сараев, Фермахан Шоева, Ахат Жақ­сы­­баев, Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Серік Әбдірәйімов, Төлен Қаупынбаев, Кәрібай Ахметбеков, Рә­шит Рахымбеков, Құрман­ғазы Мұстафин, Қуанышбай Құрманғалиев, Жанат Елшібеков, Орысбай Әбділдаев, Кең­шілік Мырза­беков, Берік Шаханов, Ырым Ке­ненбаев, Эрнст Төреханов, Мағира Қож­ах­­метова, Жақау Дәу­ренбеков, Жұмагүл Сол­­тиева, Марат Қабанбаев, Алашыбай Есмағам­бетов сияқты жастар келген-ді. Жел­аяқ суретшіміз Сьез Бәсі­беков сурет түсіру­ден шаршамаса, Бүбі­хан Байтілесова апайы­мыз то­пырлап келіп жата­тын оқушылар хат­тары­ның бірде-бірі назардан тыс қал­мауын қатты қадағалайтын. Енді «Лениншіл жас» газеті жасының бір жылға қалай ұзартылғаны жайында. Ол жылдарда газеттің шыға бастаған мерзімі 1922 жыл деп көрсетіліп келгенін жо­ғарыда айтып өттік қой. Содан, мен газет­тің комсомол тұрмысы бөлімін басқарып жүрген күндердің бірінде, бөлімге қызыл шырайлы, шүйделі, қай уақытта көрсең де көйлегінің жоғарғы түймесін ағытып тастап, қызара бөртіп, бусанып жүретін Сейілхан Асқаров деген журналист аға­мыз келді. Ол мақалаларын екі тілде жаза беретін. Комсомолдың тарихын, Ғани Мұрат­баев­тың, Әлия мен Мәншүктің өмірлерін зерттеумен айналысып жүретін. – Мен сендерге өзім тапқан олжамды көрсетіп, қызықты дерек айтқалы келдім, – деді ол бірден. Сөйтті де қолындағы алып келген қағазын менің столыма жа­йып салды. Жазуы арабша, ескі бір газет­тің фотокөшірмесі екен. – Сен арабша ескі жазуды оқи аласың ба? – деп сұрады. – Жоқ, – дедім іштей өкінішпен. – Мынау 1921 жылы Ташкентте шыққан, редактор ретінде Ғани Мұрат­баев қол қойған «Жас алаш» газетінің нөмірі екінші саны. Мұның бірінші және өзге сандары әзір менің қолымда жоқ. Осыған қарағанда сіздер газет­теріңіздің шыға бастаған уақытын «1922 жылдан бері» деп қате көрсетіп жүрсіздер, – деді ол. – Мынауыңыз тосын дерек екен, – дедім мен бірден қызығушылық танытып. Менің үнімнен осы мәселенің жай-жапсарын білуге құмарлықты аңғарды ма, Сейілхан ағамыз Ғанидың өмірі мен қызметі туралы өзі тапқан тың деректерді, Ғаниды білетін көзі тірі бірнеше адам­дарды қалайша іздеп тапқанын, олардан естіген әңгімелерін көсілтіп айта жөнелді. – Осылардың барлығын кейін бізге мақала етіп жазып бересіз ғой, – дедім мен. – Жазып беремін, – деді ол уәде етіп. Ресейдің барлық өңірлеріндегі сияқты қазақ даласында да үлкен өзгерістер жүзеге аса бастаған жиырмасыншы жыл­дар­дың бас кезінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, тез жанып, тез сөнген, ерте есейіп, ер жеткен, небәрі жиырма үш жыл ғана ғұмыр кешкен, бірақ сол аз ғана ғұмыры ішінде өзінің елі, халқы үшін биік армандарды нысана етіп, бойындағы күш-жігерін аямастан, жалындай жанып кү­рес­ке шыққан, қырандай қалқып биікке көте­рі­ліп, 20-22 жасында (1922-1924 жыл­дар­да) Ресей Коммунистік Жастар Одағы Орталық Коми­тетінің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Одағы Орта Азия бю­ро­сының алғашқы төр­ағасы, Коммунистік Жастар Интер­на­ционалы атқару ко­митеті­нің Шығыс елдері жастары арасындағы жұ­мыс бөлімінің мең­герушісі болып қыз­мет ат­қа­рып жүр­генде өкпе ауруынан қай­тыс болып, Мәскеудегі Ваганьков зира­ты­на жерленген Ғани Мұ­ратбаевтың өмірі расында да жастарымыз үшін үлгі-өнеге болумен келеді. 1967 жылы 31 қазанда Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетін хал­қы­мыздың тағы бір аяулы азаматы Өзбе­кәлі Жәнібеков басқа­рып тұрған кезде Шым­кент қаласында Ғани Мұратбаевқа ес­керткіш ашылуы да республика өмірін­дегі елеулі оқиға болып еді. – Ғани 1921 жылы небәрі он тоғыз жасында әуелі Самарқанд өлкелік комсомол комитетінің, одан соң Түркістан Республи­касы комсомол ұйымы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған. Дәл сол кезде ол Ташкентте «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторы да өзі болған, – деді Сейілхан Асқаров. – Сіз мына қолыңыздағы газеттің көшірмесін маған қалдырып кетіңіз. Біз ондағы жарияланған мақалаларды қазіргі қаріптерімізге аударып бастырып, оқып көрейік. Содан соң мен оларды Шерағаңа көрсетейін. Ақылдасайық, – дедім мен. Газеттің сол санының материалдарын тү­гел оқып, газетті мұқият қарап шыққан Шерағаң: – Сен Ташкентке іссапарға барып қайт. Архивтерді ақтар. «Жас алаштың» табыл­ған сандарының барлығын суретке түсіріп (ол жылдарда ксерокс дегеніңіз жоқ қой), көшірмесін әкел, – деді. Содан мен Ташкент қаласына атта­нып кеттім. Бір апта жүріп, сондағы мем­лекеттік архивтен «Жас алаштың» Ғани Мұратбаев қол қойған алғашқы біраз сан­дарын таптым. Олардағы мате­риал­дарды кириллица қарпі­мен қайта бас­ты­рып алған соң Шерағаң Орталық партия комитетіне апа­рып, үгіт және насихат бөлі­мінде жұмыс істейтін Шериаздан Елеукенов, Сапар Байжанов, Кә­кім­­жан Қазыбаев ағаларымызға көр­сетіп, солармен ақыл­дасты. Сапар мен Кәкім­жан ағалардың өздері де 50-ші жыл­дардың аяғындағы «Лениншіл жастың» түлек­тері еді. Ол жылдарда «алаш» де­ген сөзді айт­тыр­майтын. Сондықтан олар ойласа келе бұл мә­селені Мәс­кеудегі кітап палата­сы арқылы шешкенді дұрыс көреді. Кітап пала­тасына телефон со­ғы­лып, хат жа­зы­лып, «біздердің рес­публикалық жастар газетінің шыға бас­таған уақыты қа­те көрсетіліп жүр, осы­­ны дұрыс қал­пы­на келтіруге кө­мек­те­сі­ңіздер» деген өті­ніш айты­ла­ды. Олар­­дан тиісті жауап алын­ған соң, 1967 жылғы 22 июль күнгі (ол жыл­дарда ай ат­тары тек орысша ата­ла­тын) «Ле­ниншіл жас­тың» № 142 са­нында газет өзінің шы­ға бас­таған уа­қы­тын шын­­дыққа сай қал­пына келтіріп, бірінші бетінің етек жа­ғына «Оқушылар на­за­рына» деген атпен шағындау ма­қа­ла басқан. Онда бы­лай делінген: «ҚҰРМЕТТІ ОҚУШЫ! Байқадың ба, өз газетіңнің бетінде бүгін бір өзге­шелік бар. Бұған дейін «Газет 1922 жыл­дан шығады» деп жа­зы­лып келген еді. Сол дерек енді өзгеріп отыр. Қалайша? Жақында редакция Бүкілодақтық кітап палатасының күнделікті бас­па­сөз­ді биб­лио­гра­фия­лық тіркеу бөлімінің мең­герушісі М. Бирюковадан хат ал­ды. Онда былай делінген: «Бүкіл­одақ­тық кітап пала­та­сын­дағы деректер бо­йынша «Лениншіл жас» газеті қазіргі көрсетіліп жүргендей 1922 жыл­дан емес, 1921 жылғы 22 марттан бастап шыққан». Осыған байланысты редакция қыз­мет­кері Қазақтың мемлекеттік респуб­ли­ка­лық кітап палатасында болып, онда аға библиограф Р. Төрегелдиева жолдаспен әңгіме­лес­ті. Қолда бар тиісті документтерді қарап, газеттің қай мезгілде шыққанына анық көз жеткізді. Соны­мен қатар республикалық А.С.Пушкин атындағы көпшілік кітапхана­сының сирек кездесетін жазбалар қорында сақ­таулы тұрған осы газеттің алғашқы жылдардағы сандары да жоғарыдағы жаңа деректі толық анықтай түсті. Иә, сонымен, соңғы анықтауларға, соны деректерге сүйене келе, газеттің ал­ғашқы саны 1921 жылғы 22 мартта шыққаны белгілі болды. Қазақ жастарының тұңғыш газеті «Жас қайрат» деген атпен Қызылорда қаласында 1923 жылға дейін, одан соң Орынборда шы­ғып тұрған. Ал 1924 жылдың февралінен 1925 жылдың декабріне дейін «Лениншіл жас» деген атпен «Еңбекші қазақ» (қа­зіргі «Социалистік Қазақстан») газетінің төр­тінші бетінде басылып келген. Содан соң 1926 жылдың 30 октябріне дейін қай­та­дан «Жас қайрат» аталған. Ал 1927 жылдың 22 сентябрінен бері «Лениншіл жас» аталып келеді. О баста айына, аптасына бір рет, екі рет бет шығатын болса, қазір «Прав­да­ның» форматымен толық төрт бет болып, аптасына бес рет басылады. «Лениншіл жастың» 1950 жылдарға дейінгі бір жолғы тиражы 15-20 мың данадан артып көрмесе, 1956 жылы 40 мыңға, 1960 жылы 70 мыңға, ал қазір 185 мыңға жетіп отыр. 1930 жылдары редакция жыл сайын көп дегенде 700-800 хат алса, қазір хат саны 15000-нан асып отыр. Сонымен, достар, газетіміздің ту­ған күні дәл анықталды. Редакция осы мә­се­леге байланысты көп көмек көр­сеткен Бүкілодақтық кітап палатасы мен Қазақ республикалық кітап па­латасының қыз­мет­керлеріне рахмет айтады.» Және бір назар аударатыны газетте осы мақалаға қоса газеттің «Жас қайрат» деген атпен шыққан сол жыл_дардағы бір нөмірінің бірінші беті­нің атауы, анш­ла­гы бар жоғарғы жағының фотосуреті қоса берілген. Онда «Жас қайрат» деп үл­кен араб әріптерімен жазылған атау­дың тұсындағы «ЖАС-КАЙРАТ». Орган Казкрайкома Р. Л. К. С. М.» деген сөздер анық көрінеді. Газет редакциясы «Жас алаш» деп газеттің алғашқыдағы Ғани қойған өз атын ол уақытта атай алмаған. Солай бола тұрғанмен, сол жылдар­дағы «Лениншіл жастың» қызмет­кер­лері өздерімізді жиырмасыншы ғасыр басын­дағы өмірдің астан-кестен қиын кезіндегі халқымыздың жасындай жарқ еткен жа­лын­ды, күрескер ұлы Ғани Мұратбаев не­бәрі он тоғыз жасында, 1921 жылы Түр­кі­стан Республикасы комсомол ұйы­мы Ор­та­л­ық Комитетінің бірінші хат­шы­сы бо­лып сайланып, жауапты, қиын жұмыс­тар­ды атқара жүріп, өзі ұйымдас­тырып, қазақ тілінде шығарып, қол қой­ған «Жас алаш» газетінің мұрагерлері ретінде сезінетінбіз. Әуелгіде Ғани жақ­қан алаудан бастау алған «Лениншіл жастың» жарығы кең бай­тақ респуб­ликамыздың түкпір-түкпі­рі­не түгел түссе екен деп тыным тапп­ай­тынбыз. Халқымыздың рухани шежіресінде өзін­дік елеулі орны бар, бүгінде торқалы тоқсан жастың төріне көтеріліп отырған белді басылымның шыққан жылы мен күні осылай анықталған болатын Болат Бодаубай, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Астана.