17 наурызда түнгі сағат 21:35-тер шамасында Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасының аумағына бағыт алған «Бішкек-Меркі» пойызының №6 вагонынан есірткінің ауыр түріне жататын «героин» табылды.
Нақтырақ айтар болсақ, 16 наурыз күні «Меркі» стансасында кедендік тексеру жасаған «Құлан» кеден бекеті бастығының орынбасары Арман Мұхамедиев бастаған тексеру тобы қызметтік-іздестіру итін пайдалана отырып, вагон жолсерігінің купесінен көк полиэтилен пакетке салынған, 6 бума сұр түсті түйіршіктелген, сірке суының исі бар қапшықтарды анықтап, тәркілеген.
60 жастағы қырғыз әйелі аталмыш есірткі затын өз купесіндегі құпия «қуысқа» тығып, кедендік тексеруден жалтармақшы болған. Алайда оның жымысқы әрекетінің іске асуына кеденшілердің төрт аяқты сенімді досы «Хантер» қызметтік-іздестіру иті жол бермеген.
№82 Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, «Бішкек-Меркі» бағытындағы №6063 жолаушылар пойызының жолсерігі, қырғыз азаматшасының жеке купесінен табылған «героиннің» салмағы 5 кило 920 грамға жеткен.
Ұсталған жолсерік есірткі салынған пакетті сол пойызда бірге келе жатқан әйел азаматшаның уақытша сақтауға бергенін мәлімдеген. Қазіргі уақытта екі әйел қамауға алынып, ҚР ҚК 250, 259-баптарымен қылмыстық іс қозғалды.
«Құлан» кеден бекетінің бастығы Тимур Ораловтың айтуынша бұл биылғы жылы анықталған ең үлкен көлемдегі есірткі заты болып отыр. Жалпы Қырғызстаннан Қазақстан аумағы арқылы Ресейге бағыт алған жолаушылар пойыздарынан көбінесе кедендік ресімдеусіз халық тұтынатын тауарлар мен басқа да тыйым салынған заттар алып өту фактісі жиі болатын көрінеді. Бірақ қырағы кеденшілер мұндай құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап отырады.
Құдайберген РЫСДӘУЛЕТ, Жамбыл облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы.