13 Қаңтар, 2017

АҚШ саясаты бетін қай бағытқа бұруы мүмкін?

548 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
statue АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті республикашыл Дональд Трамп әне-міне қызметке кіріседі. Құрама Штаттар тарихында кәсіпкердің президент болуы әлемдік экономикаға да, халықаралық саясатқа да үлкен өзгеріс әкелуі әбден мүмкін екені сарапшылар тарапынан айтылуда.

Кәсіпкер-президенттің дағдарыстан шығуда бір білгені бар

Сайлауалды бағдарламасы «АҚШ-тың бұрынғы өнеркәсіптік қуатын қай­тарамын» деп басталатын Дональд Трамп Қытай мен Оңтүстік-Шы­ғыс Азия елдеріндегі АҚШ компания­лары­ның зауыттарын елге көшіруге уә­де етті. Президенттің пікірінше, Apple ком­пания­сы бастаған Силикон аңғарын­дағы алпауыт трансұлттық корпо­ра­циялар шет елдерде зауыт ашу арқы­лы АҚШ экономикасына түсуі тиіс мил­лиардтаған доллар қаражатты дала­ға ша­шып отыр. Бұл тұрғыда Дональд Трамп АҚШ-тың сыртқы сауда­дағы қа­­лып­тасқан бағытына өзгеріс енгізуге де дайын. Мәселен, Обаманың кезінде АҚШ бас­тамасымен бір жүйеге келтірілген Транс-Тынық мұхиты сауда әріптестігі Трамптың сайлауалды бағдарламасында әбден сыналған. Жапония, Сингапур, Жаңа Зеландия, Вьетнам, Мексика, Канада секілді ірі мемлекеттер кіретін ұйымда Америка Құрама Штаттары есесін жіберіп отырған көрінеді. Екіншіден, Қытай инвести­ция­сының көбейе түсуін Дональд Трамп АҚШ экономикасына жасалған қас­тандық деп бағалады. Жалпы, сыртқы саудада «саясатсыз экономиканы» жақ­тайтын республикашыл президент бір сөзінде бір елдің бір елге эко­номикалық санкция салуы таза эко­номикалық тұрғыда мәнсіз екенін алға тартты. Осы орайда, Дональд Трамптың сыртқы сауда қаты­нас­тарындағы таңдауы – еркін сауда. Одан кейін сауда қатынастарына саясатты араластырмаудың бір көрінісі ретінде ол сайлауалды бағдарламасында АҚШ-тың энергетикалық компанияларына еркіндік беретінін айтты. Енді 20 қаңтардан бастап Трамп президенттікке кіріскенде энергетикалық компаниялар елдің оңтүстігіндегі бірқатар кен орындарын кеңінен игере бастайды деп күтілуде. Осы тұста да Трамптың Дүниежүзілік сауда ұйымымен мүддесі екіге айы­рылады. Биылдан бастап мұнай бағасын көтеру үшін нарықта қолдан тапшылық жасау мақсатымен жыл басынан бері «қара алтын» өндірісін азайтуға келіскен Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) үшін бұл жақсы жаңалық болмайды. Өйткені, АҚШ-тан шығатын тақтатас мұнайы нарықта көбеюі шикізат бағасының көтерілуіне кедергі болмақ. Дүниежүзілік сауда ұйымы мәлі­метіне сүйенсек, 2016 жылы халық­аралық сауда бәсеңдеген көрінеді. 2012 жылы шегіне жеткен экономикалық жа­һандану үрдістері кейінгі жылдары құлдырай бастаған. Оған себеп – дағдарыс кезінде әр елдің өз экономикасын күйттеп, компаниялардың сыртта өндіріс жасауын шектейтін заңдардың қабылданып, ірі компаниялардың белгілі бір үкіметтік жүйенің дегенінен шыға алмай қалуы. Келер жылдан бас­тап шикізаттық дағдарыс аяқталып, халықаралық сауда қайта қарқын алады деп күткен экономистердің көңілін Трамптың экономикалық реформалары су сепкендей басты. Қытайдағы АҚШ компанияларының зауыттарын көшіртемін деген Трамп өткен аптада Тойота компаниясы АҚШ-та зауыт салмайтын болса, оның өнімдерінің импортына баж салығын көбейтетінін айтса, оның алдында ғана Форд автоконцернінің Мексикадағы зау­ыт құрылысын тоқтатып, сол зауытты АҚШ ішіне салуға мәжбүр еткен еді. Осылайша, Трамп лауазымына ресми кіріспей жатып ішкі экономикаға айтарлықтай ықпал ете бастағандай.  

АҚШ-Қытай қатынасы

АҚШ-Қытай қатынасына келер болсақ, Трамп Обамамен са­лыс­тыр­ғанда АҚШ экономикасын Қытай ин­вес­тициясынсыз да алға сүйрей алатынына сенімді. Былтыр жыл соң­ында президенттік сайлаудағы жеңі­сімен құттықтап қоңырау шалған Тай­вань басшысы Цаф Инвеймен сөйлесуі Қытай-АҚШ қатынасына кері әсер етуі мүмкін. Мәселе Трамптың Қытай билі­гінің алдынан өтпей, Тайвань басшы­лығымен тікелей сөйлесуінде. Тайвань­ды өздеріне тәуелді бір аймақ санайтын Қытай Трамптың әлгі әрекетін «бі­рың­ғай Қытай» саясатына нұқсан келтірді деп есептейді. АҚШ-Қытай қатынасын экономистер мен сарапшылар өзара тәуелді әріптестік ретінде бағалайды. Екі елдің экономикасы да бір-бірінсіз өмір сүре алмайтыны белгілі. Danske bank сарапшыларының мәліметіне қарағанда, ендігі кезекте Қытай АҚШ-қа жауап ретінде Тайваньдағы ықпалын күшейте түсуі ықтимал.  

Ресеймен арадағы жағдай  әлі де беймәлім

Сайлауалды бағдарламасында Хиллари Клинтон Ресейге қатысты тұстарда барынша агрессияға берілсе, Дональд Трамп таза кәсіпкер ретінде екіжақты пайдалы қатынас орнататынын мәлімдеген еді. Кешегі баспасөз мәслихатында журналистерді ең көп қызықтырған тақырып та осы АҚШ-Ресей қатынасы болды. Сайлауалды бағдарламасында Оба­маның сыртқы саясаттағы ұстаным­дарын ашық сынаған Дональд Трамп де­мо­краттар билігі кезінде Ақ үй қабыр­ға­сында қабылданған заңдардың 70 пайы­зын өзгертемін деп отыр. Оның дені халықаралық саясат пен әлемдік эко­но­микаға қатысты. Соның ішінде бір сөзін­де Трамп Ресейге қарсы салынған санк­цияларды жеңілдету керектігін де айтып қалды... Күтейік, Трамп­тың Ақ үйге қо­жайын ретінде кіруіне көп қалған жоқ. Бауыржан МҰҚАНОВ, «Егемен Қазақстан»