19 Наурыз, 2011

Кездесуде көші-қон мәселелері сөз болды

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еліміз Парламенті Мәжілісі Төр­аға­сы­ның орынбасары Владимир Бобров Қазақ­станға арнайы сапармен келген Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым (КХҰ) бас директорының орынбасары Лаура Томпсон ханыммен жүздесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. В.Бобров Қазақстан көші-қон мәселесіне айрықша мән беретінін жеткізді. Еліміз көші-қонға қатысты келісімдер бойынша өз міндеттерін орындап келе жатқанын айтты. «Қазақ­станда этностық қазақтардың атажұртына оралуына басымдық берілген. Соған орай 2009-2011 жылдарды қамтыған «Нұрлы көш» бағдарламасы өмірге келді және өз нәтижесін беруде. Оралмандардың жаңа орындарға қо­ныс­тануына, жұмыспен қамтылуына мән берілуде», – деді Мәжілісі Төрағасының орын­басары. Айта кету керек, Қазақстан – әр түрлі тарихи алмағайып замандарда шетелге ауып кеткен бауырларын өз атамекеніне шақырған және көші-қон саясатын дұрыс жүргізіп отырған санаулы елдердің бірі. 1993 жылдан бері қандастарымыздың атажұртына біржола көшіп келуі квота бойынша жүзеге асыры­луда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес, 2009 жылдан бастап жылына 20 мың­дай отбасының қоныс аударуына квота бөлі­ніп келеді. 1991 жылдан 2009 жылға дейін еліміз 789,3 мың этностық қазақтарды қабылдады. Бүгінгі таңда Қазақстан Парламенті Мәжілісінде «Көші-қон туралы» жаңа заң жобасы талқыланып жатыр. Өз кезегінде Лаура Томпсон ханым көші-қон мәселесін реттеп болдым дейтін бірде-бір мемлекет жоқ екенін, барлық жағдайды жа­са­ған күннің өзінде мәселелер туындап оты­ра­тынын айтты. Сондықтан көші-қонға қатысты күн тәр­ті­біндегі мә­селелерді тиімді жолмен шешу қа­жет. Бұрын көп­те­ген елдер көші-қонға қауіпсіздік мәселесі тұрғы­сы­нан қараған. Бүгінгі таңда оның әлеуметтік және экономикалық жағы да ескеріліп отыр. Кездесуде тараптар көші-қон мәселесін жан-жақты қарастыру, заң жолдарымен реттеу туралы пікір алмасты. Осы орайда алдағы уақытта Қазақстанның Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен арадағы ынтымақ­тас­тық байланысты дамытудың маңыздылығы сөз болды. Осы кездесуге аталған ұйым тарабынан КХҰ-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы миссиясының жетекшісі, КХҰ-ның Орталық Азиядағы үйлестірушісі Златко Зигич, КХҰ-ның Қазақстандағы миссиясы жетекшісінің орынбасары Павел Шалусь, КХҰ-ның ұлттық бағдарламасының үйлестірушісі Светлана Бекмамбетова, ал Қазақстан тарапынан Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Айткүл Самақова, Әлеуметтік-мәдени даму ко­митетінің мүшесі Жарасбай Сүлейменов қатысты.