Көкшетау жәмиғатының тар мешітте ғибадат етіп келе жатқанына бір жарым ғасырдан асты. Өткен жылдан бастап осы бір түйткілдің орнын толтыру мақсатында жаңа мешіттің орны белгіленіп, құрылысы басталып та кеткен. Оның іргетасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қалап, ел-жұрттың намыс отын маздатып жіберген. Қазір Науан Хазірет атындағы жаңа мешіттің мұнаралары биіктеп қалды.
Үміт күтер үммет барын беріп жатыр. Әйткенмен, қазіргі заманның қарқыны қаржыға байланысты болып қалғандықтан, кідіріс, кібіртіктеу де орын алғанын жасырған жөн емес. Осындайда жомарттық танытып, жолымызды кеңейтіп тастайтын азаматтардың бой көрсетуі ғанибет. Көкшетау мешіті көкшеліктердікі ғана емес, әмбенің мінәжат орны екендігін осындайда аңғарып, халықтық қасиетімізге тәубе еткен де сүйінішті. Олай дейтініміз, күні кеше Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Серік Аяғанов, Наталья Геллерт, Аманжол Жазин, Светлана Жалмағамбетова, Жексенбай Дүйсебаев, Уәлихан Қоңырбаев, Егор Каппель, Валерий Котович және Бауыржан Смайылов бірлесіп, Алла үйінің құрылысына 1 миллион теңге қаржы аударды.
Халық қалаулылары имандылық жолына ұйғарылған ақша қаражатының түбіртегін «Көкшетау» мәдениет сарайында Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың туған айы – Мәуліт мерекесі тойланған салтанатта жергілікті имамға табыс етті. Жұртшылық Парламент қабырғасында еліміздің игілік, мүддесі үшін аянбай қызмет етіп жүрген депутаттарға «Алла разы болсын!» айтуда. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Кім маған бір рет салауат айтса, Алла тағала оған он рет рахмет жолдайды, оның он күнәсі кешіріліп, он дәрежесі көтеріледі», делінген. Ендеше, бас көтерер азаматтарымыздың бастамасы баянды болғай.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.