Бүгінде елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне еніп, сол талаптарға сай жаңаша жұмыстар жүргізілуде. Бұл «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға да бірқатар өзгерістер енгізуге себеп болды. Осылайша аймақтардағы көші-қон жағдайын саралап, біліп отыру үшін облыстық мәслихаттар көші-қон үдерісін реттеу ережесін бекіту құқығын иеленді. Бұл жағдайды реттеп отыру барысы Үкімет бекіткен ережелер негізінде дайындалатын болады.
Ал енді тіркеудің негізгі мәніне келсек, алдымен, ішкі көші-қон үдерісіне мониторинг жүргізу, аймақты дамытудың мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларына сай халық қоныстанған әр мекенжайлардың даму әлеуетін анықтау үшін онда тұратын азаматтар санының есебін алу және ең бастысы, осы негіздер арқылы онда жұмыс орны, мектеп, аурухана салу, инженерлік-техникалық инфрақұрылымдарды дамыту жүзеге асырылмақ.
Азаматтың тіркелетін орны оның заңды мекенжайы болып табылады және осы арқылы салық, әскери және басқа да есепке алу түрлері жүргізіледі. Жалпы, уақытша тіркеу мәселесін сан-саққа жүгіртудің қажеті жоқ. Аталған шара үй салығына да, коммуналдық төлемдерге де әсер етпейтіндігі белгілі. Тіпті, пәтер жалдаушыны уақытша тіркеуге қойса, ол меншік құқығына таласа алады деген үрей де бар екен. Бірақ уақытша тіркеу арқылы ондай әрекеттерді жасау мүмкін емес. Сосын ол жерде уақытша тіркеудің нақты мерзімі жазылады. Уақыт өткенде ол адамды автоматты түрде тіркеуден шығарып тастайды.
Ал коммуналдық төлемдерге келер болсақ, уақытша тіркеудің оған еш қатысы жоқ. Деректер базалары екі бөлек және бір-бірімен байланыспаған. Мысалы, Қазақстан Республикасы азаматтарын құжаттандыру базасы бар. Тіркеуден кейін барлық деректер жеке тұлғалар мәліметтерінің мемлекеттік базасына түседі. Оған барлық мемлекеттік органдар кіре алады. Оны күнделікті жұмыс үшін пайдаланады. Басқа мақсаттар үшін пайдалануға рұқсат жоқ. Коммуналдық қызметтермен айналысатын компаниялар оған кіре алмайтыны айдан анық. Сол сияқты үйдің құжаттары дайын болмаса, жұмыс орны, я болмаса туыстардың мекенжайы бойынша уақытша тіркеуге тұруға болатыны заңға сәйкес келеді.
Сонымен қатар, тіркеу кезінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы (ХҚО) тіркеуді ресімдеу процедурасы 15-20 минуттан аспайтын болып отыр. Мұның бәрі аталған заңның талапқа сай орындалуы үшін қажетті шаралар болып табылады. Өйткені, ол талаптар орындалмаса, заңсыз жалға беруші азаматтар 10 АЕК немесе 22 960 теңге мөлшерінде және тіркелмеген тұрғындар 7 АЕК немесе 15 883 теңге мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын естен шығармаған жөн. Сонымен қатар, азаматтар бірінші заң бұзушылық кезінде ескерту алады, тек қайталама бұзушылық көрсетсе, көрсетілген айыппұлды төлеуге тартылмақ.
Ал енді азаматтарды мекенжай бойынша жүргізіліп жатқан тіркеу барысы әлемдік стандарттарға сай келеді. Оның үстіне, Қазақстанда мекенжай және уақытша тұрғылықты жері бойынша есепке алу о баста-ақ заңмен қаралған. Бұл бүгін ғана айтылып отырған жай емес. Мәселен, бұл орайда, Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесі туралы ереже мен Халықты тіркеу мен құжат беру ережесі және Ішкі көші-қонды тіркеу ережесін айтуға болады. Бұл заңдардың бұрыннан қабылдануы да бекер емес. Тіркеу барысы қашанда бақылауда ұсталуы қажет.
Мәселен, өткен жылы жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында тіркелмей пәтер жалдап тұрушылардың қылмыстары ашылды. Олар көбіне бөтеннің мүлкін ұрлаумен айналысқан. Сөйтіп, пәтер жалдап тұрып 830 қылмыс жасаған 497 адам ұсталды. Мысалы Ақмола облысының 54 жастағы тұрғыны Астана қаласында тұрған. Ол өткен жылдың 5 қарашасы мен 7 желтоқсаны аралығында 6 мәрте ұрлық жасап үлгеріпті. Сол секілді, Шығыс Қазақстан облысының 37 жастағы тұрғыны Астана қаласында 20 қыркүйектен 25 қарашаға дейін уақытша пәтер жалдап тұрып, бес рет ұрлық жасаған. Жалпы, 2016 жылы тіркеусіз тұрғаны және жарамсыз жеке куәлікпен жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке 22 мың құқық бұзушы тартылған.
Жоғарыда айтылғандарды ескере келгенде, азаматтың тіркелген жері оның салық, әскери және басқа да есеп түрлерін жүргізетін заңды мекенжайы болып табылады. Тұрғылықты немесе уақытша мекенжай бойынша тіркеу туралы заң талабына енгізілген өзгерістер азаматтардың мүддесін барынша тиімді қорғауға, сондай-ақ ішкі көші-қонды бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді. Ал ІІМ ақпараттық жүйесіндегі тіркеу туралы мәлімет 15 мемлекеттік орган қол жеткізе алатын «Жеке тұлға» (әкімшісі – ӘМ) Мемлекеттік мәліметтер базасына түседі. Мұнда азаматтың тұрғылықты жері бойынша қажетті ақпараттар болады. Электронды базадағы бұл мәліметтер азаматты мемлекеттік қызмет түрлерін алуда небір қағаздарды жинаудан құтқарады.
Мәселен, аталған мәліметтер әскери есеп үшін Қорғаныс министрлігінің бөлімшелерінде пайдаланылады. Сайлау комиссиялары да осы арқылы сайлаушылар тізімін жасай алады. Денсаулық сақтау жүйесінде, әлеуметтік өтемақыларды алуда, азаматтық актілерді тіркеуде, жылжымайтын мүліктерді тіркеуде, салық және басқа төлемдерді төлеуде, т.б жағдайларда аса қажет. Адамның тіркелгендігі туралы мәліметтер мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басқа да салаларында пайдаланылатыны анық.
Демек, бұдан шығатын қорытынды, адамдарды уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу халықтың өз игілігі үшін қажетті үдеріс болып табылады.
Гүльвира ДӨНЕНБАЕВА,
Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы