19 Наурыз, 2011

Төле би тұтынған бұйымдар

711 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қазақтың үш кемеңгерi һәм кенен биiнiң бiрi – Қаз дауысты Қазыбектiң шапаны табылып, қазiр ол ұлттық құндылық ретiнде Президенттік мәдениет орталығына тапсырылғанынан хабардармыз. Өзi өмiр сүрген дәуiрiнiң төбе биi Төленiң де шекпенi мен киiз үйiнiң есiк маңдайшасы бұл күнге жеткенi туралы естiгенiмiзге де бiраз жыл болып едi. Нақтылап айтқанда, ұлы бабадан қалған бұй­ым­дар жөнiндегi алғашқы ақжолтай хабар 1993 жылы Ленгiр ауданының Төлеби аталуына байла­ныс­ты ұйымдастырылған мерекелiк iс-шара­да жал­пақ жұртқа жарияланды. Сол жиында аруақ­ты абызға арналып тiгiлген киiз үйге наркескен би­дiң өзi тiршiлiк еткен кезiнен жеткен есiк маң­дай­шасы, шекпенiнiң бiр бөлiгi қойылғанын бiлетiнбiз. Бұған дейiн мұндай бұйымдар Кеңес Одағының ұлттық құндылықтарға салқын саясатының салдары­нан назарға iлiкпей келгенi мәлiм. Таяуда ғана Президенттік Мәдениет орталығы­ның директоры Мырзатай Жолдасбеков “Хабар” телеарнасының “Бетпе-бет” бағдарламасында дара дананың осы жәдiгерлерi хақындағы әңгiменi тағы да жаңғыртты. Ағамыз сол жолғы сұхбатында тарихи тұлғаның тұтынған бұйымдарының қай жерде сақталғанын бiлiп, сол қымбат заттарды Прези­денттiк мәдениет орталығына алу мақсатымен Астанадан алыстағы Төлеби ауданының бiр түкпiрiндегi Киелiтас ауылына барғанын тiлге тиек еттi. Бiрақ абыздың сол дүниелерiнiң бүгiнгi иесi болып, қолында ұстап отырған ұрпақтары тiлегiне көнбегенiн, қазiр олармен екi арада келiсiмге әрекет жасалып жатқанын да айтты. Бұл тосын жәйт бiздi елең еткiзгенi рас. Әдiлдiгi, қара қылды қақ жарған дананың өзi пайдаланған, қолы тиген бұйымдары бүкiл халықтың ортақ игiлiгi емес пе? Қадiрлi тұлғаның киелi жәдiгерлерiн жұрт жаппай көретiн орынға бермеуiнiң себебi неде? Осы түйткiлдi мәселенiң мәнiсiн бiлмек болып және жақсылыққа, жаңалыққа құлшыныспен бiз де көне дәуiрлiк жадығаттар сақталған ауылды бетке алып, жолға шықтық. Осы сапарда серiктес болған Оңтүстiк Қазақстан Құқық және салалық технологиялар колледжiнiң кафедра меңгерушiсi, Төле бидiң жетiншi ұрпағы Өмiрбек Темiрден баба бұйым­дарының бұл күнге қалай жету сырын сұрадым. – Төле бабамыз Өгем тауының баурайында, Ақбөкен жайлауында 1756 жылы дүниеден озып, өзiнiң өсиетi бойынша мәйiтiн түйемен Ташкентке апарып, Шайхантауырдың аяқ жағына қояды. Жерлеп қайтып келе жатқан сүйекшiлердi бидiң қырғыз әйелi Күлимадан туған Қожамжар шаһар сыртын­дағы жазықта киiз үй тiгiп, мал сойып күтiп алады. Шаңыраққа Төле бидiң туы қадалады. Бабаның тiлегi ескерiлiп, дәл осы жерде оның ұлы, сөзге ұста, елге қамқор қасиетiмен танылған Қожамжар би саналады. Ол қайтыс болғаннан кейiн киiз үйi, мөрi, туы бидiң iсiн жалғастыруға лайықты деп саналған баласы Дербiсәлiге өтедi. Бұдан соң мұраны оның ұлы Шойбек қабылдайды. Осы кезеңде Шымкент, Ақмешiт, Тараз аймақтары мен Жетiсудың бiраз бөлiгiн Қоқан хандығы басып алып, қазақ билiгiне датқа лауазымын енгiзедi. Жаныстан – Шойбек, Сиқымнан – Қасымбек, Шымырдан – Байзақ датқа болып тағайындалады. Ұзақ жыл билiк жасаған Шойбектiң де талқаны таусылып, басқарушылықты да, баба мирасын да оның үлкен ұлы Момбек иеленедi. Бұл кезде қазақты орыстың отарлауы басталған едi. Ресей патшалығы қазақ жұртын билеуге болыстық жүйенi әкелдi. Бiраз жыл болыстықты атқарған Момбек қартайып, өзiнiң орнына туған iнiсi Батырбектiң ағайынға жанашыр­лығымен, алғырлығымен жұрт аузына iлiнiп жүрген екiншi ұлы Ордабектi таңдайды. Бiрақ, ол халықтың өзiне деген ықыласын байқамақ ниетпен сайлауға түсудi қалайды. Басым дауыспен жеңіп шығады. Ал, енді, ұрпақтан-ұрпаққа өтiп келе жатқан Төле би мүкамалына келейік. Ол Момбектiң ұлы Жа­қып­та, одан кейiн оның ұлы Әлiмқұлда қазан төңке­рi­сiне дейiн қала бередi. Кеңес өкiметiнiң 20-шы жылдар соңында бай-манаптардың дүние-мүлкi тәркiленiп, өздерi жер аударылып, қуғын-сүргiн басталғанда датқаның үрiм-бұтағы түп-тұқияны қалмай жан-жаққа бас сауғалап, тарыдай шашылып кетедi. Атадан балаға ауысып келе жатқан Төле би бұйымдары қызыл империяның қолына түсiп, жойылып немесе жоғалып кетпеуi үшiн датқа тұқымына жатпайтын, Қо­жам­жардың екiншi ұлы Дау­ыл­байдың орта шаруамен күн көрген ұрпағына аманат етiп тапсырылған деген дерек бар. “Амалсыздан туған жерден кетуге мәжбүрмiз. Баба мүлкiн бiзге алып жүру аса қауiптi. Ал, сендер елде қалып барасыңдар. Ата­мыз­дың мына дүниесiн қолды етпей сақтаңдар. Егер ағайын-туысты көрер, атамекенге қайта оралар күн туса, өзiмiзге қайтып берерсiңдер”, – деп қалдырады. Содан олар елге Өзбекстаннан 50-шi жылдардың басында бiр-ақ қайтады. Аманат дүниенi қайтарып алуға мүм­кiн­дiк болмайды. Сөйтiп, Төле би бұйым­дары­ның небiр аласапыран өткелектен қал­ған жұрнағы оның екiншi ұлы Дауылбайдан та­раған жетiншi ұрпағы Балықбайдың Еркiнбек деген ұлының шаңырағынан табылады. Онда да шек­пенiнiң бiр бөлшегi мен киiз үй есiгiнiң маңдай­ша­сы ғана бiзге жетiптi. «Қазiр бұл дүниелер Ер­кiн­бектiң әйелi Тәжiгүлдiң отбасында арнайы жасал­ған бөлмеде тұр», – дедi сапарласым Өмiрбек Темiр. Төлеби ауданы, Киелiтас ауылындағы тарихи жәдiгерлер сақтаулы үйге де келдiк. Ұлы бабаның көздiң қарашығындай мұрасына ие болған марқұм Балықбаев Еркiнбектiң зайыбы Тәжiгүл апа бiз келгенде Келес жаққа жол жүрiп кетiптi. Қараша­ңырақтың түтiнiн түтеткен үшiншi ұлы Омарды әңгiмеге тарттық. – Әулетiмiздегі бұл бұйымдар 1929 жылдан берi бар екенiн әкемнен естiгенмiн. Бiзде қалғаны шек­пенiнiң бiр бөлiгi мен киiз үй есiгiнiң маңдайшасы ғана екен. «Есiктiң босағалары, жақтаулары, маң­дай­шасы, табалдырығы үндi елiнде өсетiн ағаштан құрастырылған деген сөз атадан атаға жалғасып келедi”, деп айтып отыратын әкем. Ал, бабаның шекпенiнен қалған бiр бөлiгiнiң қиындысын ағам Айтуар Түркияға апарып, зертханада тексертiп қайтты. Ондағылар оның түйе жүнiнен басыл­ғанын, қызыл бояуы шөптен алынғанын, жалпы матасының баба өмiр сүрген дәуiрге тән екенiн айқындайтын қорытынды берiптi. Ал, бояудың қандай шөптен алынғанын бiле алмапты, – дедi ол. – Төле би – бiр атаның, бiр рудың ғана данасы емес, иiсi қазақтың пiр тұтқан тұлғасы. Ал, ойы да, тiлi де жүйрiк, халық ханнан артық бағалаған би тұтынған бұйымдар баршамызға ортақ игiлiк, қастерлi қазына емес пе! Оны бiр әулеттiң қолында ұстамай, көпшiлiк көретiн мұражайға неге өткiзбей келесiздер? – деп сұрадық. – Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан дү­ниенi басқаға неге тапсырамыз? Бұл мұра өз мен­шi­гi­мiз, ешкiмге де, ешқайда да бере алмаймын, – деп жауабын үзiлдi-кесiлдi бiр-ақ қайырды ол. Жақсыны көрмек ниетiмiз орындалмады. Үй иесі бабадан қалған белгiлер қойылған бөлменiң кiлтi апамда кеттi дегендi көлденең тартты. “Апаңыз жоқ кезде жәдiгерлерге қызығушылар келмей ме? дегенімізде: “Тек ол кiсiнiң өзi ғана есiктi ашып көрсетедi”, – деп жауап берді. Қара сөзден дес бермеген туа дарын дiлмардың, әдiл биден бiзге жеткен жәдiгерлерiн көре алмай қайтқанға өкiнбедiм. Өйткенi, бұрын да Төле бабамыздан қалған тәбәрiктердi көруге ниет еткен талай адам алыстан да, жақыннан да келiптi. Солардың бiрiнен киiз үй есiгiнiң маңдайшасын түсiрген суреттi алдым. Бiрақ тiлдескендерiмнiң бiразы шекпенінен қалған тамтықты көрудiң аса қиын болғанын айтты. Мұның себебi, үй иелерi бұрындары шекпеннiң шетiнен әркiм тәбәрiк көрiп, қиып ала беретiндiктен, жұрнағы ғана қалғанын, ендi, соның өзiн сақтау үшiн сандық түбiне салып, аузын құлыптап қоятын көрiнедi. Елге сыйлы бiр топ ақсақал да бұл үйге келiп, баба жәдiгерлерiн мұражайға өткiзуге отбасын үгiттеп, қомақты қаржы да ұсыныпты. Бiрақ, үй иелерi бұған да көнбепті. Айбарлы бабадан жеткен қасиеттi бұйымдарды оның ұрпағы үш жарым ғасырдай сақтап бүгiнге жеткiзгенi, әрине, алғысқа лайық тiрлiк. Дегенмен, бұл мұраларды қалың жұрт түгел тануға мүмкiндiк жасайтын орталыққа өткiзгендерi сауап iс емес пе едi. Ол қала бердi, өздерiнiң бабасы алдындағы да, тарих алдындағы да абыройлы парыз екенiн парықтаған жөн-ау. Жеңiс БАҺАДҮР. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы.