Ел президенттігінен үміткер Ғани Қасымов Патриоттар партиясының сайлауалды штабында Францияның Қазақстандағы елшісі Бертонэ Жан Шарль және Алматыдағы бас консул Наржолэ Гийом мырзалармен кездесіп, сайлау алдындағы ахуал және жалпы саяси мұраттар жөнінде пікір алмасып, ой сабақтады.
Француз елшісі президенттіктен үміткердің саяси тұғырнамасының бірқатар жағымды ерекшеліктеріне тоқталып, ондағы мәселелердің қойылысы, атом энергетикасының проблемаларына көңіл бөлінуі, билік тармақтарын демократияландыру бағыты өзіне ұнайтындығын мәлім етті. Нақ осы ретте өзінің саяси мұрат-мүддесі Франция президенті Н.Саркозимен сабақтастығын Ғ.Қасымов та теріске шығармады.
Оның айтуынша, көптеген ғасырлық демократиялық тарихы бар Францияның кейбір статистикалық мәліметтері өзінің саяси тұғырнамасын әзірлеу кезінде ой салған екен. Айталық, халқы бізден әлденеше көп елдің сотталғандар саны Қазақстанмен салыстырғанда мүлдем аз. Біздегі бостандықтан қол үзіп, түрмеде отырғандар саны әлдеқайда көбірек. Бұған оларды күзететіндерді қосқанда 200 мың адам масыл болып мемлекеттік бюджеттің мойнында отыр. Бұл – өте тиімсіз. Олай болса, жазаны өтеудің баламалы түрлерін ойластыру, қылмыстық кодексті ізгілендіру мәселелерін Ғ.Қасымов өзінің сайлау алдындағы науқанында бекерден бекер көтеріп отырмағандығы айғақталады.
Бұдан әрі Бертонэ Жан Шарль мырза сайлауға байланысты сұрақтар қойды. Соған орай Ғ.Қасымов бүкілхалықтық референдумның орнына неліктен мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізіліп отырғандығының жай-жапсарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Бұл сайлаудың, әсіресе, билік тармақтары арасындағы дағдарысты болдырмау үшін өткізіліп отырғандығына және қазіргі қалыптасқан жағдайда Мемлекет басшысы тарапынан бірден-бір дұрыс шешім болғандығына назар аударды. Сөз арасында Ғани Есенгелдіұлының Батыс елдерінің осы реттегі тәжірибесінен мысалдар келтірген білімдарлығын, саяси тұрғыдан ысылған қайраткер екендігін де байқап қалғандай болдық.
Бұдан соң Елші сұрағына жауап орайында президенттіктен үміткер оппозициялық партиялардың сайлауға қатысудан бас тартуы немесе оған бойкот жариялауы туралы өз пайымын білдірді. Ғ.Қасымовтың ойынша, мұның өзі олардың сыртқы ұстанымынан гөрі, ішкі қайшылығын танытады. Оппозициялық партиялардың бойкот жариялауы 3 сәуір күні өтетін сайлауға қандай да бір елеулі әсерін тигізе алмайды. Сөйтіп, ол қалай болғанда да бұл сайлауға барлық сайлаушылардың 80 пайызына дейін қатысатындығына өз басының сенімділігін паш етті.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.