Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып, өкілеттігінің басталуы аса қиын кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Өйткені, бүгінде халықаралық жағдай өзінің ауқымды өзгерістерімен ерекшеленіп барады. Мысалы, БҰҰ-ның Бас хатшылығына жаңа адам келді, АҚШ-тың Ақ үйінің кілті республикашыл Дональд Трамптың қолына көшті. Сондай-ақ, Еуропалық одақ «Брекзит» мәселесіне алаңдап отыр, ұзақ жылдардан кейін АҚШ пен Куба арасындағы қатынас қайта орнықты, Сирияда жағдай жақсара түсті. Ал осы оң оқиғалардан сәл бұрынырақ Иранға салынған санкциялар алынған болатын. Саяси аренада бұлардан басқа да көптеген жайлар көрініс берді. Осындай қиын кезең енді жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын болады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында еліміздің қол жеткізген табыстары кеңінен талқыланды. Оның ішінде, әсіресе, еліміздің сыртқы саясаттағы таңғаларлық жетістіктері барынша атап өтілді. Егер еске түсіретін болсақ, Қазақстан Ұйымдағы дипломатиялық қызметін Нью-Йорктегі сауда өкілдігін елшілік үйіне айналдырудан бастаған еді. Қазақстан содан бергі аралықта әлемдік деңгейдегі ірі бастамаларды жүзеге асыру арқылы халықаралық қоғамдастықтың ең белсенді мүшесі ретінде танылды. Сондай-ақ, біздің еліміздің 2013 жылы Санкт-Петербургте және 2016 жылы Ханьчжоуда өткен «үлкен жиырмалық» саммитіне шақырылуы Қазақстанның, оның басшысы Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделінің зор екенін көрсетеді.
Елбасымыздың Лиссабоннан Владивостокқа дейін бірыңғай қауіпсіздік кеңістігін құру тұжырымдамасы қазіргі заманғы сараптау және зерттеу контексіне енгізілді. Ал Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы», «Сындарлы он жыл», тағы басқа да кітаптары мен мақалалары өзінің маңыздылығымен ерекшеленді. Біздер тарихта не болып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстанда әлемдік деңгейде мәні зор істер болып жатыр. Мысалы, 2013 жылы Алматыда екі раундтан тұрған Иранның ядролық бағдарламасын реттеу жөніндегі алты жақты келіссөз ойдағыдай өтті. Қазіргі кезде әлемдік қоғамдастық Астанада жоспарланған Сирияға қатысты келіссөз мәселесін талқылауда. Халықаралық қоғамдастықтың осындай мәселелерге барынша назар аударуы біздің еліміздің ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға төрағалықты табысты өткізуден басталған үлкен жолдың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке алып келгенінің нақты көрінісі және жалғасы дегеніміз жөн.
Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік барысында еліміздің көтеретін мәселелері жеткілікті. Олар барлығына ашық, Елбасымыздың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ-ның ресми құжаты атанды. Онда Қазақстан дамыған әлемдегі қатынастарды үйлестіру үшін жаппай қаруланудан бас тартып, қарусыздану қағидатын ілгері жылжыту қажеттігін мәлімдеді. БҰҰ-ның қыркүйекте өткен мерекелік саммиті аясында еліміз арнайы тұрақты даму қорын құруды ұсынды. Аталған қордың есепшотына әскери бюджеттің 1 пайызын аудару мәселесі айтылған. Кейбір елдердің осы салаға қарастырған бюджеті рекордтық көрсеткішке жетіп, ол 1,7 триллион долларды құраған. Стокгольм институтының есептеуінше, есепшотқа аударылатын 1 пайыз қаражат дамушы елдер бастан кешіріп отырған аштықтың алдын алуға және кедейшілік пен сауатсыздықты жоюға кәдімгідей көмек болады екен.
БҰҰ-ның ресми құжаты демекші, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы Ұйым Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған жақындағы Саяси үндеуі де БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде тіркелгенін айта кеткен жөн. Елбасы өзінің Үндеуінде мына мәселеге баса назар аударды.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған алғашқы ортаазиялық мемлекет болып табылады. Біз өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге тиімді қарсы іс-қимыл жасау, ынтымақтастықты нығайту және оның өсіп өркендеуіне ықпал ету мен оны дамыту бойынша өңірдегі барлық мемлекеттердің мүдделерін ілгерілету жөнінде белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз.
Біз Орталық Азияда барлық мүдделі елдердің мүдделерін үйлесімді байланыстыру негізінде бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ үлгісін құруға және оны сынақтан өткізуге болатынына сенімдіміз.
Біз өзіміздің Кеңестегі төрағалығымыз кезінде Ауғанстандағы жағдай және Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамуды нығайту шаралары бойынша ауқымды, теңдестірілген, мазмұнды және нәтижелі талқылау ұйымдастыруға, сондай-ақ, қорытындысы бойынша арнайы құжат қабылдауға бастамашылық жасауға ниеттіміз.
Біз Ауғанстанның бейбіт өмірге жедел оралуы үшін бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына жан-жақты жәрдем көрсету, бейбітшілік пен қауіпсіздік қатеріне қарсы тұруды және елдің әлеуетін нығайтуды жақтаймыз. Біз Ауғанстан/Талибан жөніндегі 1988 Комитетінің төрағасы ретінде мақсатты жұмыс атқаруға дайынбыз, деді Қазақстан басшысы.
Осы айтылғандардан Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде екі жыл бойы аса белсенді жұмыс істеу ниетінде екені анық аңғарылады.
Қазақстан, сонымен бірге, күн тәртібіне Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында ұсынылған БҰҰ аясында Жаһандық антитеррорлық коалиция құру үшін негізі болуы мүмкін Халықаралық антитеррорлық операциялар жүргізу барысында Астана Әрекет кодексін дайындау туралы ұсынысты БҰҰ-ға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүше мемлекеттеріне жасауды енгізуді жоспарлап отыр. Бұған қоса, терроризмге қарсы шараларды жүйелеу, зорлық-зомбылық экстремизміне қатысты қабылданған қарарларды орындауға міндеттеу, террорлық ұйымдардың бірыңғай тізімін бекіту мәселелері бар.
Бүгінде біз жаңа сипаттағы сапалы жаңа уақыттың шебінде тұрмыз. Егемендіктің ширек ғасырын басып өткен мемлекетіміз енді жан-жақты толысқан ел ретіндегі кезеңін бастады және біз халықаралық істерді басқару үдерісіне қосылдық. Бір жағынан, бұл – құрмет, екінші жағынан, ол үлкен кәсібилікті, зор жауапкершілікті талап етеді. Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік, бұл – әлемдегі геосаяси ауытқушылықты еңсеру және өңірлерді жанжалдар торынан шығаруға берілген мүмкіндік. Осылайша, халықаралық қатынастарға түсіп жатқан салмақты жеңілдетіп, оны үйлесімді даму жолына қарай бағыттау басты мәселе болып тұр.
Қазіргі кезде әлем өзіне түскен күшті жеңілдетуді қажет етіп отыр. Хакерлік әрекеттер, санкциялар мен валюталық алаяқтық, әскери жанжалдар мен миграция проблемалары, адам өліміне соқтыратын қайғылы жағдайлар. Дәлірек айтқанда, әлемдік биоалаң жағымсыз «толқындарға» толып тұр. Ал Қазақстан өзінің бай тәжірибесі арқылы осы жағымсыз «толқындарды» жағымды арнаға қарай бұру үшін назар аудартуға мүмкіндігі бар. Себебі, біздің халқымызда толеранттылық, келісім және басқа қасиеттер мол. Бір ғана мысал, елімізде этностар мереке ретінде атап өтетін Алғыс күні белгіленді.
Қазақстанның белгілі себептерге байланысты бір-біріне салқын қараған мемлекеттерді ымыраға келтіріп, қайта татуластыру тәжірибесі де бар. Мәселен, өткен жылы еліміз Ресей мен Түркия арасында туындаған келіспеушілікті әрі қарай өршітпей, бітімге келтірді. Мұны әлемнің танымал саясаткерлері мен сарапшылары жоғары бағалады. Осындай бітімгершілік миссиясы 1991 жылы Алматыда қол қойылған ТМД-ны құру туралы тарихи декларациядан басталады. Сондай-ақ, мұның қатарына Еуразиялық экономикалық одақты да қосар едік.
Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі беделі уақыт өткен сайын артып келеді. Әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, 2014-2016 жылдары ресейліктер арасындағы Қазақстан Президентіне деген сенім, тиісінше 38 пайыздан 54 пайызға дейін өскен. Сонымен қатар, ресейліктердің 55 пайызы Қазақстанды өздерінің сенімді әрі орнықты серіктесі және одақтасы деп атаған. Біздің еліміз Жібек жолын қайта өркендетуге де күш-жігер, қаражат жұмсап келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан аумағы арқылы өтетін Қытай – Ұлыбритания тікелей пойызы іске қосылды. Жалпы, еліміздің жолдары тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделі елдердің барлығына ашық.
Зарема ШАУКЕНОВА,
Білім және ғылым министрлігі Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры,
саясаттану ғылымдарының докторы