«Көргенде көз, көңілдің Алтай емі» деп Иса ақын Байзақов жырлағандай, асқақ Алтай, асқар Алтай, маңғаз Алтай – адам жанының ғана емес, тәнінің де емшісі ғой, шіркін! Бүгінде еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып жатқан туристің Алтайдан іздейтіні сол саф тазалық, содан тарайтын, содан қуаттанатын дәру, шипа емес пе! Алтайдың алқымын жапқан ағашының да, сай-саласында өрген аң-құсының да, жерге жайылған жасыл кілемінің де, салқын самал ауасының да ем болатыны ең алдымен Алтайдың өсімдік дүниесінің алуан түрлілігінен болса керек. Өйткені, Алтайдың флорасы өте бай. Тау жартастары мен ну орманда мүк, қына, саңырауқұлақ сияқты өсімдіктердің екі мыңнан астам түрі өседі. Шөптесін өсімдіктерден алтай желайдары, сібір у шырмауығы, тәтті жапырақты таспа, алтай қоңыраты жиі кездеседі. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген қар дәуаяғы, алтай рауғашы, алтай және сібір қандығы, ала күлтелі қызғалдақ, ірі гүлді және кәдімгі шолпанкебістер, алтай суықшөбі, таңдамалы плаун, алтай торсылдағы, дала шұғылығы, қызғылт семізот, марал түбірі, алтай қасқыржидегі тек Катонқарағай өңірінде өсетін ен байлық. Бұталардың 50-ден астам түрі, оның ішінде таңқурай, қарақат, итмұрын, тобылғы, тал, бұта қайың және тағы басқа түрлері жетерлік.
Бұл байлықтың бүгінгі қорғаушысы – Қазақстанның ең ірі табиғат қорғау кәсіпорнынан саналатын Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Төрт елдің – Қазақстанның, Ресейдің, Қытайдың және Моңғолияның түйіскен тұсында орналасқан ұлттық парк Катонқарағай ауданынан бөлек Күршім және Зырян аудандарының аумағына да ұласады. Өткен жылы құрылғанына 15 жыл толған парктің аумағы 46700 гектарды құраса, оның негізгі бөлігі – орман. Яғни, 260 мың гектар жер мәңгі жасыл мың жылдық самырсын, балқарағай, қарағаймен көмкерілген.
Жалпы, Шығыс Қазақстанда дәрілік шөптер мен өсімдіктер молынан өседі. Алайда, өңірдің бұл саланы игерудегі әлеуеті төмен. Катонқарағай ауданында өндірілетін панты өнімдерінде марал мүйізін консервациялауға Алтайдың дәрілік шөптері қосылып, биологиялық белсенді қоспалардың қасиетін арттыра түседі. Оңтүстік Кореямен бірлескен кәсіпорын ретінде құрылған «Ақсу-Дэен» кәсіпорнының қызметімен танысқанда Алтайдың альпілік белдеуінде өсетін дәрілік өсімдіктердің өңделуінен хабардар болған едік. Жалпы, бүкіл қазақстандықтар жадыраған жаз айлары туа ағылатын Алтайдың пантымен емдеу орталықтарындағы емнің әсері тікелей таудың дәрілік шөптерінен нәр алатынын айта кетелік.
Мысалы, марал мүйізінің барлық дәруі жануардың таудың адам аяғы баспас биігінде ғана өсетін марал оты, алтын тамыр сияқты асыл шөптерді шалуынан жиналады. Сол сияқты, мың да бір ауруға ем делінетін ұлар құс та Алтайдың құзар шыңдарындағы сирек кездесетін қуатты шөптерге жайылып, бұталардың тамырымен қоректенеді. Аю, арқар мен тауешкі де солай. Әрине, тағы аңға екінің бірінің қолы жете бермейді. Лицензиясының қымбаттығын ысырып қойғанда, қияда аң қағу қиынның қиыны. Әккі, сыралғы тау ұландарының өзінің жолы бола бермейді. Сондықтан, жалпы жұрт Алтайдың емін арнайы қызмет көрсету орындары – пантымен емдеу шипажайларында алады. Әдетте, ондай орталықтарда панты астаумен бірге фитобөшкелерге орналасады. Марал мүйізінің сорпасы Алтайда өсетін 18 түрлі дәрілік шөппен бірге қайнатылған соң, оның буы қысыммен түтік арқылы фитобөшкеге беріледі. Сорпа буы теріні, бұлшық етті нәрлендіреді. Өйткені, сорпа құрамында липидтер, фосфолипидтер, амин қышқылы, дәрумендер сынды жасушалардың иммундық жүйесін нығайтатын, қан құрамын жақсартатын заттар бар. Фитобөшке адам ағзасын құнарландыру үшін емдік мақсатта пайдаланылады. Шорбуын, құяң, остеохондроз, артресклероз, асқазан жарасы, қаны аздық, белсіздік ауруларына өте жақсы ем. Ақыл-ой күйзелісі мен дененің шаршауын басады.
Сондай-ақ, мың сан гүлді тозаңдандырып, бал жинайтын аралар үшін де Алтайдың дәрілік шөптерінің маңызы өте үлкен. Егер, омарта Алтайдың аясында болса, ол балдың тіл үйіретіні де, талай дертке дауа болатындығы да шүбәсіз. Алтай балының даңқының алысқа кетуінің негізгі себебі осы. Дегенмен, ара да асыраған соң төрт түлік сияқты, ауырады, сырқайды, күн райына қарай ұшпай қалады. Сондай кездерде араны қолдан азықтандыруға, емдеуге тура келеді. Осыған орай, Алтайдағы дәрілік шөптерден ара ауруларын емдеуге арналған препараттар өндірісін жолға қоюға мүмкіндік бар.
Шынын айту керек, осыған дейін кейбір омарташылар бал арасын сауықтыру үшін химиялық заттар қолданып келгенін айтады. Сондықтан, екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы Ресеймен бірлескен кәсіпорын құру арқылы марал мен араны емдеуге арналған биопрепараттар өндірісі негізінде өңір омарташыларын табиғи таза екпемен қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын жеткізген. Бұл емдеу тәсілі маралдың терісінің астына ұя салатын бөгелекті жоюға да арналады. Шөптер мен майлардан жасалған препараттар зиянкес жәндіктерді өлтіріп қана қоймай, олардың қайта пайда болуына жол бермейді. Алайда, аталған жобаның соңы сиырқұйымшақтанып кетті...
Қазіргі кезде Қытайда шөппен емдеу саласы кеңінен дамыған. Тіпті, фитотерапия саласынан хабарыңыз болмаса, шығыс медицинасы жай шөптің өзін емдік қасиеті бар өсімдік ретінде насихаттай беретініне иланасыз. Осыдан екі жыл бұрын көрші ШҰАР-дың Тарбағатай аймағына жолымыз түсті. Шағантоғай ауданында мыңнан астам өсімдік түрі өссе, оның басым бөлігі дәрілік шөптер ретінде пайдаланылады екен. Әдетте, біз көңіл аудара бермейтін әр өсімдіктің пайдасы мен бағасын шағантоғайлықтар жақсы біледі. Шағантоғай – гүлдер мекені. Солардың ішіндегі әдемісі – шұғынық. Мамыр айында қауыз жаратын шұғынықтың ұрығынан дәрі, сабағынан үйді ағартатын әк алады. Бұл өзіміздің Алтайда өсетін таушымылдыққа ұқсайды.
Таушымылдық демекші, осы гүлдің тамырында болатын құрттың қымбаттығы сондай, қара базарда килосы 50-60 мың долларға дейін бағаланады деп естиміз. «Қызыл кітапқа» енген бұл гүл біздің елімізде Марқакөл өңірінде өседі. Жылда осы гүлді қопарып, тамырынан құрт іздейтін браконьерлермен ымырасыз күрес жүргізіліп келе жатса да табиғатқа зиян келтірушілер толастар емес... Шағантоғайлықтар тәжірибесіне қайта оралсақ, күрделі отаны жеңілдетуге қолданатын дәрі-дәрмек қызғалдақтан жасалады десе сенесіз бе?! Жабайы апиын гүлінің дәнегі жанға батқан ауруды басуға көмектеседі. Бұл – біздің кәдімгі қызғалдақ. Шашыратқыдан австралиялықтар кофе, дәрі жасайды екен. Ауылда мал азығына шауып алатын сасырымыз алапес ауруын емдейді әрі Шыңжанда сирек кездесетін бағалы өсімдік болып шықты. Ал астра гүлі қызуды басып, уытты қайтарады. Бүргеннің қауашағын қайнатып, буына булану арқылы теріні жұмсартуға, жасаруға болады.
Сондай-ақ, ертедегі қазақтар бүргеннің түрлі-түсті бояу жасауға таптырмас өсімдік екенін жақсы білген. Ал қойжуа мен доланадан денсаулыққа пайдалы тосап қайнатылады. Шетен – асқазан ауруларына мың да бір ем. Қараған шайы қан қысымын төмендетуге септігін тигізеді. Сүттіген гүлін қазақтар ертеден емге қолданады. Халық жадындағы атауы – бақбақ. Маусым туа қауыз жаратын күнгелді гүлі атауында тұрғандай, күннің келгенін күтетін бипаз өсімдік. Микробты жоятын құдіреті бар. Жабайы бадам болса, дүние жүзінде екі-ақ жерде өседі. Бірі – АҚШ-тың Калифорния штатында, екіншісі – Шағантоғайда. Бадам жемісі – жүрек, қан қысымы ауруларына шипа. Ал мақсары өсімдігін ханзулар егін ретінде егіп, ұрығынан сұйық май тартады екен. Шырмауық, шәңкіш, мия, жарықгүл сынды өсімдіктер де кәдеге асады.
Міне, осы сияқты жүздеген тұқым атаулы қауыз жаратын мамыр мен тамыз айлары аралығында Шағантоғайда гүл мерекесі өтеді. Алыстағы аудан гүл фестивалін тамашалауға жан-жақтан туристер ағылатын аймаққа айналыпты. Бұл – Қытайдың Қазақстанның Үржар ауданымен шектесетін тұсы. Ал Зайсан, Күршім аудандары тұсындағы Алтай аймағында да жұңғо жұрты ағажай Алтайдың дәрілік шөптерін шетеу шығармай игеріп жатқанында күмәніміз жоқ. Тіпті, бір әріптесіміз Алтай қаласына барған сапарында қалада тас саудасының қызып тұрғанын, жерде жатқан жай тас таппайтыныңызды айтып, таңғалып келген. Ал бізде... Тастан бөлек тағы қаншама байлық аяғымыздың астында тапталып жатыр. Иә, игерусіз иен жатыр...
Түйін: Ұлттық парк маманы Раушан Қырықбаеваның айтуынша, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңға сәйкес, Катонқарағай ұлттық табиғи паркі аумағында дәрілік шөптерді өндірістік мақсатта даярлауға рұқсат жоқ. Тек жеке қажеттілікке орай белгілі телімнен тегін жинап алуға болады. Бұл – саланы дамытудың тағы бір кедергісі іспетті. Алайда, мемлекеттің қызғыштай қоруынан аталған заңнама арқылы табиғи парк аумағындағы «Қызыл кітапқа» енген 35-тен астам дәрілік шөпті сақтауға жағдай жасалып отырғанын да ұмытпаған жөн.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы
Суреттерді түсірген
Алексей МАЗНИЦИН