18 Қаңтар, 2017

Ақтауда ангарлық типтегі спорт кешені ашылды

352 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақтауда ангарлық типтегі спорт кешені ашылды. Оның құрылысы 2016 жылы тамыз айында басталған еді. Жоба құны 108 миллион теңге болған. Қаржы жергілікті бюджеттен бөлінген, деп хабарлайды lada.kz. Маңғыстау облысы мүгедектер спорт клубының директоры Нұралы Құлышовтың айтуынша, залдың ашылуын мүмкіндігі шектеулі спортшылар 15 жыл күткен. Әзірге кешенде 60 спортшы жатығып жатыр.  Мұнда волейболмен, үстел теннисімен, шахмат және дойбымен айналысуға қолайлы жағдай жасалған. Киім ауыстыратын орындар мен душ кабиналары қарастырылған, спорт залдың еденіне жылу тартылған. «Өңірдегі ірі компаниялардың бірі бізге бес миллион теңгедей жәрдем көрсетті. Оған жүгіруге арналған құрылғылар, веложаттығу, доптар және өзге де спорттық жабдықтар алынды. Жақын арада үлкен теннис, арбадағы спорттық би үйірмелері ашылады. Мұндай жаттығулар үшін арнайы арбалар алу керек. Бізге қаржылай қолдау көрсете алатын жандардан көмек сұраймыз», - деді Н.Құлышов. Бүгінде мүгедектерге арналған спорт клубына спортпен белсенді айналысатын 167 адам тіркелген. Жыл соңына дейін олардың саны 300-ге дейін жеті мүмкін. Нұралы Құлышовтың айтуынша, биыл көктемде аудандар мен қалаларда жеңіл атлетика, волейбол, теннис секілді спорттың жеті түрі бойынша жарыстар өткізу жоспарланған. Жеңімпаздар екінші разряд алады және республикалық спартакиадаға қатысады.