18 Қаңтар, 2017

Мәжiлiсте жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға қатысты заң жобасы қаралды

467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
photo_33589 Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырған болатын. Бүгiн Мәжiлiстiң жалпы отырысында Ұлттық экономика министрi Тимур Сүлейменов жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасы бойынша баяндама жасады. Аталған заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу, оларды басқарудағы өкілеттіктерін кеңейту көзделген. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан астам әкімшілік аумақтық бірліктерде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің төртiншi деңгейі ретінде енгізілетін болады. «Сонымен, 2,5 мыңға жуық әкiмнiң қолына бiр күнде 110 млрд теңгеден астам ақша берiледi десек болады. Бұдан бөлек, олар коммуналдық меншiктi басқару функциясыне ие болады. Қашан және кiм оларды оқытады? Бұл жерде басқа сөздi пайдалану мүмкiн емес. Ешқандай тренингтер, ақпараттық топтар, кiтапшалар ауылдық округтiң байғұс әкiмiн дайындай алмайды. Ол ешқашан осынша қаржыны, коммуналдық меншiктi басқарып көрген емес. Оған бюджеттiк процестi, коммуналдық меншiктi дұрыс және сауатты басқаруды үйрету керек. Бұл өте маңызды сұрақ. Егер әкiм заң жобасы бойынша берiлiп отырған бұл мүмкiндiктi пайдалана алмаса, ең жақсы жағдайда, қаражатты тиiмдi игермеуге тап боламыз. Ал ең сорақысы, ауылдық округтер мен елдi мекендердiң әкiмдерi жемқорлыққа қарсы қызметтiң әлеуеттi «клиенттерiне» айналуы мүмкiн. Оларды неге итермелеп жатқанымызды түсiнесiз бе? Бiз әкiмдердi дайындауымыз қажет. Бюджеттiк қаражатты қалай бақылаймыз деген сұрақ туындайды? Бұл да заң жобасында айқындалмаған», - дедi Мәжiлiс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Бір айта кетерлігі, аталмыш заң жобасы аясында бюджет, салық және азаматтық кодекстерге, «Мемлекеттік мүлік туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жарнама туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған. Мәжiлiс төрағасы Нұрлан Нығматулин екiншi оқылымға дейiн заң жобасын тыңғылықты зерделеп, барлық олқылықтарды түзеудi тапсырды.