18 Қаңтар, 2017

ОҚО халқының 61 пайызы табиғи газбен қамтылған

334 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

brifing_maraim_18.01

Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгінде өңір тұрғындарының 61 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникация қызметінде өткен брифингте Облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2016 жылы 25 елді мекендегі табиғи газ құрылысына 13,7 млрд теңге бөлініп, толығымен игерілді. Нәтижесінде 300 елді мекенде тұратын 1 млн 755 мың 306 тұрғын көгілдір отынмен қамтылған. Ал 9 жобаның құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын болады.

Одан бөлек, 2016 жылы 47 елді мекендегі тұрғындарды облыстық бюджет есебінен табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттарды әзірлеуде. Мұндағы жұмыстарды 2017 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

Ал биыл 79 нысанға облыстық бюджеттен 13,7 млрд теңге бөлініпті. Егер құрлыс жұмыстары межелеген мерзімде аяқталса, 357 елді мекенде тұратын 1 млн 855 мың адам табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Яғни, бұл облыс халқының 65,3 пайызын құрайды. Сондай-ақ 2017-2020 жылдары 960 мың тұрғыны бар 383 елді мекенді газдандыру жұмыстары қолға алынады. Жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда 2021 жылы облыстағы газдандырылған ауылдар саны 683-ке артатын болады. Нақтырақ айтсақ, 2 млн 715 мың тұрғын көгілдір отырға қол жеткізеді. Бұл облыс халқының 81 пайызын құрайды.