18 Қаңтар, 2017

ОҚО-ның жаңа даму концепциясы жасалды

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Барлық саланы қамтитын Оңтүстік Қазақстан облысының жаңа Даму концепциясы дайындалды, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың лауазымды қызметке кіріскеніне үш айдан асты. Облыс басшысы осы аралықта аудан-қалаларға 19 рет іссапарға шықты. Сапар барысында 91 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Үш айда Ж.Түймебаев 14 шетел елшілерімен және бизнесмендерімен кездесті. Оның ішінде БҰҰ, Түркия, Қытай, Швейцария, Франция, Венгрия, Катар, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан өкілдері бар. Сонымен қатар шетелдіктердің қатысуымен халықаралық форум мен халықаралық бизнес конференция ұйымдастырылды. Облыс әкімі 150-ден астам іс-шараға қатысты. Оңтүстікте соңғы тоқсанда Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 7 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба іске қосылып, 735 жұмыс орны ашылды. Индустриялық аймақтарда 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 4,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. 400 жаңа жұмыс орны ашылды. Мәдениетті дамыту қоры құрылды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мәдени салада еңбек етіп жүрген 25 танымал тұлғаға тұңғыш рет облыс әкімінің 500 мың теңгеден сыйақысы тағайындалды. Бұл үрдіс жалғасын тауып, жыл сайын мәдениет саласына еңбегі сіңген азаматтарға берілетін болды. Аталған уақыт кезеңінде облыс әкімінің бастамасымен Шымкент қаласында көгалдандыру жаңаша қарқын алып, 52 мың көшет, 300 мың қызғалдақ және раушан гүлдері егілді. Облыс орталығының кенжелеп қалған шеткі аудандарын дамытып, қараусыз қалған сай-салаларды саялы саябаққа айналдыру мақсатында «Шатқал» бағдарламасы қабылданды. Еліміздегі ерекше жоба 14 қаңтар күні басталды. Аталған жоба аясында сәуір айына дейін 100 мың тал отырғызылады. Нәтижесінде ондаған шатқал саябаққа айналады. Тұңғыш рет Түймебаев Оңтүстікке инвестиция тарту мақсатында «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» республикалық акциясын өткізіп, өңірімізден шыққан атақты меценаттармен облыстың ерекше жобаларын қаржыларындыруға келісім жасауға кірісті. Оңтүстікте туризм кластерін дамытудың ауқымды жоспарын жасауға кірісті. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне өңірлік дайындық аясында қонақтарға арнап, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 3 және 5-күндік туристік маршруттар жасалды. "Recommended by EXPO" белгісі беріліп, "Шымтур", "Саэль тур" және "Мирас тревел" туристік ұйымдарымен меморандумға қол қойылды.