18 Қаңтар, 2017

Ғалымдар: Күйзеліс жүрек талмасына ұшыратады

652 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Америкалық ғалымдардың айтуынша, күйзеліс те темекі шегу мен жоғары қан қысымы секілді жүрек-қан тамыры ауруларына ұшыратуы мүмкін. Ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесінде күйзеліс мидың белгілі бір бөлігіне әсер етіп, жүрек талмасына ұшырау қаупін арттыратындығы анықталды. Бұл туралы "Ланцет" (Lancet) медициналық журналында жазылды, деп хабарлады ВВС. Аталған зерттеуге мидың бадамша бөлігіндегі белсенділігі жоғары, яғни, жүрек талмасына ұшырау қаупі басым 300 адам қатысқан. Ғалымдар бұған дейін эмоционалды күйзеліс пен жүрек-қан тамыр ауруларының дамуы арасында байланыс бар екенін анықтаған. Бірақ ол нақты қалай жүзеге асырылатыны туралы жазылмаған болатын. Гарвард университетінің медициналық факультетінде жүргізілген жаңа зерттеу нәтижесінде анықталғандай, мидың бадамша бөлігі қорқыныш пен долылық секілді эмоцияға жауап береді. Ол сүйек кемігіне белгі жіберсе, ақ қан клеткалары бөліне бастайды. Бұл артерияның қабынуына алып келеді. Нәтижесінде, адам жүрек талмасы, стеокардия, инсульт ауруына шалдығуы мүмкін. Ғалымдар бұл зерттеуді енді нақты дәлелдеу керек деп отыр. Ал журналда жарияланған мақалада екі зерттеу қорытындылары жалпылама жазылған. Бірінші зерттеу кезінде ғалымдар 4 жыл бойы жүрек-қан тамыр ауруына бақыланған 293 адамның сүйек кемігіне, көкбауыры мен артериясына ультрадыбыстық зерттеу жүргізген. Дәл осы уақытта 22 адам аталған ауруға шалдыққан. Сол кезде олардың миындағы бадамша бөлігінде белсенділік жоғары болғаны байқалған. Күйзеліс пен организмдегі қабыну процесінің арасындағы байланысты анықтауға бағытталған екінші зерттеуге 13 адам қатысыпты. Оның нәтижесінде анықталғандай, күйзеліске ұшыраған адамның миындағы бадамша бөлігінде белсенділік жоғары болған. Сонымен қатар күйзеліс барысында артерияда қабыну процесінің бегілері байқалған. "Біздің алған нәтижелеріміз күйзелістің жүрек-қан тамыры ауруларына қалай әсер ететінін анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, күйзелістің аз болуы тек психологиялық жағынан ғана емес, адамның денсаулығына да пайдалы болғаны", дейді Гарвард университетінің профессоры Ахмед Тавакол. Оның айтуынша, адам бойында жиі пайда болатын күйзелісті жүрек-қан тамыры ауруларын тудыратын фактор ретінде қабылдау керек. Аталған зерттеуге өз пікірін білдірген Нидерландтағы Лейден университетінің профессоры Илзе Бот қазіргі таңда күн сайын өте көп адамның күйзеліске ұшырайтынын айтты. "Жұмыстан көп салмақ түседі, ертеңгі күнге сенбестік болады, кедейлік те бар. Осының барлығы күйзелістің артуына әсер етеді", дейді профессор. Оның айтуынша, дәрігерлер инсульттың болмауы үшін жағымсыз әдеттерден аулақ болып, ішімдік ішпей, тамақты көп ішпеу керек деп кеңес беру дұрыс емес. Себебі жоғарыдағы зерттеу көрсетіп отырғандай, күйзеліс пен эмоциолналды қысым да адам денсаулығына кері әсер етеді.