19 Қаңтар, 2017

Идеология һәм иммунитет

649 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ГабитКейде Қадағаңның айтқанына қосыл­ғымыз келмейді-ақ. Бірақ, қазекеңнің болмысын тап басып айтқан соң амалсыз мойындауға мәжбүр бола­сың. «Қазақ осы: Қарасың ба, Ақсың ба, Қоңыр­сың ба, Жатырқауды білмейтін». Қазақтың Қадыр ақыны жатырқауды білмейді дегенде, кең пейілді қазақтың даралығын, дарқандығын айтып отырғанында сөз жоқ. Әйтсе де, соның екінші жағы да бар тәрізді көрінеді бізге. Өйткені, «жа­тыр­қауды білмегеннің» арқасында жат­жұрт­тықтардың қандай ниет-пиғылы бар екеніне қарамастан, босағасынан аттағанның барлығын құшақ жая қарсы алады. Алғашқыда ештеңе байқалмайды, ал зардабы кейінірек, жылдар өте шығып жатады. Кеңес Одағының тұсында қазақ жерінің «Ұлттар лабораториясына» ай­на­л­ып, өз жерінде алаштың ұрпағы аз­шы­лыққа айналғаны да сол себепті ғой. Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың бар­лығын өткен ғасырдың 30-40-шы жыл­дары қарсы алып, барымызбен бөлісіп, өзі тар баспананың бір бұрышын соларға босатып бердік емес пе. Ал 50-ші жылдарғы көштің жөні бөлек. Тың көтереміз деп Хрущевтің жел­піл­­деген желөкпе мінезі қазақ дала­сы­­ның теріскейін тағы да интерна­ционал­­дық көшке ұластырды. Миллиард пұт астық аламыз деп аттан салудың ақыры құнарлы топырақтың эрозияға ұшы­рауына әкелді. Ана тіліндегі 700 мек­теп­тің жабылып, қазақтың «ком­мунизм­ге жету үшін» ұландарын жаппай орыс мектепке беретіні де сол тұс. Қы­рық жылдан кейін Жұбан ақынның Кол­бин­нің алдында қасқайып тұрып сөй­ле­генінде сол тың игеру кезіндегі ұлтты тұ­қырт­қан жағдай да қамтылған еді-ау. 1986 жылдың 31 желтоқсанында Жазушылар одағы үйінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірін­ші хатшысы Г.В.Колбинмен кезде­суде ақын көкіректе шемен болып қатқан шерді ақтарған еді: «…Соғыс  жылдарында қазақтар Отаны­мыздың адал әрі қаһарман қорғау­шы­ларының бірі болды. Осы ер, кеңқол­тық, жомарт, өршіл әрі кәдімгі аңқау, ұлттық шектеушілік мүлде жат халық өзінің кеңдігін тың игеру кезінде де көрсетті. Тыңға сан түрлі адамның кел­гені ешкімге құпия емес, оның ішінде бұрын­ғы қылмыскерлер де, ақша қуған уақыт­ша құлқынын тойдырушылар да болды. Осындай адамдардың байырғы халық­тың ұлттық намысына тиетін әре­кет­тер жасағаны аз емес. Бірақ қазақ­тар­­дың партия шақырып отырған істің ұлы­лығын түсінуге ұстамдылығы жетті. Қазір басқаша жағдай орнады. Рес­пуб­ликада ұлттық арасалмақ өзгер­ді. Бұның өзі тыңдағы көп жерде қазақ мектебінің саны күрт кеміп кетуі­не әкеп соқты, ал қалалардағы істің жайын айтпаса да болады. Тіпті Алматы­дағы қазақ мектептерінің саны, егер қате­леспесем, екеу не үшеу. Ал балалар бақ­ша­сы­ның мәселесі бұдан да өткір. Және де ана тілін меңгеру дәл осы бала­лар бақшасынан басталатыны бізге белгілі. Кейбір қазақ ауылдары, тіпті кей жер­дегі аудан орталықтарының әлеу­ме­ттік жағдайлары тең емес. Тыңда – әдемі жаңа үйлер, ал  бұларда – тоқал тамдар, олар­да – асфальт жолдар, ал  бұларда – ба­ба­ларынан қалған баяғы керуен жолы». «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың рухын өлтірмеуге жанталасқан қайсар ақынның осыны айтқанына да бүгінде отыз жыл толды. Құдайға шүкір, одан бергі жерде Қазақ елі тәуелсіздігін алып, әлемге таныла бастады. Шет мем­лекет­термен барыс-келіс көбейіп, бай­ла­нысымыз нығая түсті. Әрине, қарым-қатынасы бар болғырдың екі жаққа тиімді болғанына не жетсін. Бірақ та, маған тауарлардың экспорты өз алдына, идеологиялық экспорт көбірек ойландырады. Былай қарағанда, ашық қоғам болғаннан кейін мәдениеттердің өзара байланысы заңды сияқты. Бразилияның, Үндістанның, Қытайдың, Корея мен Түркияның киноларын тамашалағанда ештеңе тұрған жоқ тәрізді. Өскелең ұрпақ­тың санасына фильмдердің қимыл­дары бірден ұялайтынын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Ендеше, кейіпкерлердің әрекеттерін жанына жақын қабылдайды деген сөз. Мысқалдап кірген кеңес идео­логия­с­ын батпандап шығара алмай отыр­ғанда, жаһан жұртының қырық құрау идеологиясын бойға сіңірер болсақ, Алаш өзінің табиғи болмыс-біті­мі­нен ажырап, рухани дәстүрінен алшақ­тап кетпей ме? Олай болса, кімге өзің­нің қазақ екеніңді сөзбен дәлелдеп жүрмексің?! Басқа жұрттардың идеологиялық экспансиясына қызығушылық немесе жылдам бейімделушілік идеологиялық иммунитетіміздің әлсіздігін көрсетеді. Ұлттық иммунитеттің қарсылығын күшейту дегеніңіз үлкен де ауқымды мәселе. Ол мемлекеттік деңгейден басталып, қарапайым жандарға барып тіреледі. Өркениеттің өрісі Батыс­та немесе басқа елдерде деген көзжұм­байлық сенім құлдық психо­логия­ның кезекті бір көрінісі. Олай болса, ғасырлар бойы тіні үзілмей келе жатқан ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғыртып, Алаштың бүгінгі ұрпағының бойына сіңіре білу ғана қазақтың табиғи болмысын сақ­тап қалады. Сонда ғана идеологиялық иммунитеттің сыртқы идеологиялық экспансияға қарсылығы күшейіп, ұлттық «меннің» соңғы кезде тілге жиі тиек етіп жүрген «Мәңгілік Елге» айналуына мүмкіндік береді. Ғабит  ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»