19 Қаңтар, 2017

Универсиада – үкілі үміттер бәйгесі

451 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
chymbulak_3Қазақ елінде тұңғыш рет өткізілгелі отырған Дүниежүзілік қысқы Универсиада, Құдай қаласа, егемен елімізді дүние жүзіне тағы бір танытып, абырой биігіне шығарғалы отыр. Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қабылданғаны белгілі. Сол жылы елімізде 7-ші қысқы Азия ойындары жоғары деңгейде өткізілгенін ескерсек, Алматы қысқы Универсиада өткізу құқығын қалпақпен ұрып алды деуге болады. Шынында да, оңтүстік астана­мыздағы «Сұңқар» шаңғымен секіру халықаралық кешені, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы және Алматы облысындағы Шаңғы-биатлон стадионы ең жоғары деңгейдегі қысқы спорт жарыстарын өткізуге таптырмайтын нысандар. Одан бөлек, әйгілі «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау-шаңғылы курорты бар. Универсиада үшін қосымша тағы «Алматы Арена», «Халық Арена» сарайлары мен Атлеттер қалашығы салынды. Спорттың он екі түрінен өткізілетін дүниежүзілік додаға әлемнің 60-қа жуық елінен 2 мыңнан астам студент-спортшы келеді. Спортшылармен бірге келетін бапкер, көмекшілерді айтпағанда, жанкүйер, турист ретінде ағылатын қонақтардың өзі Алматыны қан базарға айналдырары хақ. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген, ұлты да, салты да басқа елдердің көңілін табу қонақжай табиғатымызға сын. Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу жөніндегі дирекцияның жетекшісі Наиль Нуровтың айтуынша, Алматы спортшылар мен қонақтарды қарсы алуға 100 пайыз дайын. Қонақтарды күтуден бөлек, олардың мейлінше қауіпсіз болуы да әбден ойластырылған. Универсиада ұйымдастыру комитетi тепловизор жабдығын сатып алып, әуежайға орналастырды. Аталған жабдық Ойындарға келген спортшының денiнiң сау-сырқат екендiгiн әуежайда-ақ анықтап бередi. Қазақстанның студенттік құрама­сының сегіз қысқы Универсиадаға қатысқан тәжірибесі бар. Осы уақыт аралығында Қазақстан құрамасы қоржынына 43 награда салған. Марапат мәселесін айтқанда, Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне табысталатын медаль жиынтықтары да әзір. «Медальдар Универсиада бренді мен Халықаралық студенттік федерацияның талаптарына сәйкес жасалды. Универсиада ұраны үш тілде жазылған», – дейді Универсиаданы ұйымдастыру жә­не өткізу жөніндегі дирекциясы жетек­шісінің орынбасары Камила Лұқ­панова. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Уни­вер­сиада жүлдегерлеріне берілетін ақ­шалай сыйлықтардың көлемін де жария етті. Яғни, алтын жүлдеге қол жеткізген спортшымыз мемлекеттен 4,9 млн теңге, күміс және қола медаль алған жүлдегерлер, сәйкесінше, 3,3 млн теңге және 1,6 млн теңге сыйлық алады. XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадада екі мыңнан астам спортшы 12 спорт түрінен 85 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жарыстар бiздiң елде өтетiн болғандықтан, әрбiр спортшы үшiн абыройлы болу – мәртебе. Бiздiң спортшылар да әлемдік жарысқа сақадай сай. Әрине, спортшыларымыз 2011 жылғы Азия ойындарындағыдай бәйгенің алдын бермесе , бәрiмiз үшiн зор жетiстiк. Бiз де оларға үмiтпен қарап, зор сенiм артамыз. Алматыда өтетін Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың тұмары ре­тінде сұңқардың таңдап алынуы да бе­кер­ден бекер емес. Қыран құс жыл­дамдықты, жеңілдікті, күш-қуат пен жеңіске деген құлшынысты бей­не­леп қана қоймай, қашаннан қазақы табиғатқа тән өрлік пен ерліктің де белгісі болған. Соған сәйкес «Қа­натыңды кең серпі!» тіркесі Уни­вер­сиада ұраны ретінде лайықты таң­да­лыпты. Айтулы додада Қазақстан спорт­шыларының – еліміздің үкілі үміттерінің жеңіс тұғырынан көптеп көрініп, азат елдің абыройын асқақтата түсуін тілейміз! Алға, Қазақ елінің жас­тары! Болатбек ҚАУЫСОВ, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты