Биылғы Жолдауда «Сыбайлас жемқорлықпен бітіспес күрес жүріп жатыр. Қазіргі таңда халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылған», деп атап көрсетілген болатын. Шын мәнісінде де, тек соңғы екі жылдың ішінде қылмыстық жауапкершілікке республикалық деңгейдегі қырықтан астам жетекші, екі жүзден астам облыстық және қалалық ауқымдағы лауазымды тұлғалардың тартылуы көп нәрседен хабар берсе керек.
– Жасыратыны жоқ, халықаралық сыбайлас жемқорлықтың салдарынан мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік салаларына орасан зор шығын келіп, оның тұтастығына қауіп төне бастады. Сондықтан да халықаралық деңгейдегі жемқорлықпен күресте әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін біріктірудің маңызы зор. Бұл орайда қазіргі таңда көптеген елдерде мұндай қоғамдық үлкен кеселмен күресте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің тиімді әдістері мен модельдерінің болуы құптарлық жәйт. Дегенмен, жалпыға бірдей ортақ, бірыңғай жүйенің әлі күнге дейін қалыптаспай отырғандығы көңілді алаңдататындығы сөзсіз. Бұл орайда, халықаралық сыбайлас қылмысқа қарсы күресте және активтерді қайтаруда айтарлықтай нәтижеге жету үшін, ең алдымен мемлекеттер арасында құнды ақпараттармен алмасу және жүйелі түрде құқықтық көмек көрсету және өзге де маңызды мәселелердің жолға қойылуының қажеттілігі зор, – дейді Қайрат Қожамжаров.
Бүгінгі күн тәртібінде тұрған осы және өзге де мәселелер жөнінде Алматыда өткен «Активтерді қайтаруға және халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттерге арналған күштерді біріктіру» атты халықаралық конференцияда атап айтылды. Халықаралық конференцияда Президенттің көмекшісі, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин Мемлекет басшысының құттықтауын оқып берді. Бұл форумға еуроатлантикалық кеңістіктен еуразиялық кеңістікке дейінгі алпысқа жуық елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомстволарының басшылары мен беделді халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты.
Агенттік басшысы жиналғандарды, сондай-ақ «Трансперенси Интернешнл» халықаралық әлеуметтік қоры рейтингі бойынша осыдан үш жыл бұрын Қазақстан сыбайлас жемқорлық бойынша 155-ші орында тұрса, қазірде 120-шы орынға көтерілгендігінен де хабардар етті. Бір құптарлығы, бұл жағдайдың қалыпқа түсуіне республиканың алдыңғы жылы БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қосылуы айтарлықтай ықпал етті. Атап айтарлығы, елімізде үшінші рет қатарынан өткізіліп отырған халықаралық конференция ЕҚЫҰ, БҰҰ, ГРЕКО және «Трансперенси Интернешнл» сияқты беделді ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа серпіліс беруге берік негіз болмақ.
Халықаралық конференцияда жиынға қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдары басшылығымен «Активтерді қайтаруға және халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға күштерді біріктіру» туралы Алматы коммюникесі қабылданды.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.