19 Қаңтар, 2017

«Жұмабайжеген»

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
alakolj_almatinskaya-oblastj-3Бірде Марқакөл өңіріне сапарлап жүргенімізде Төсқайың ауылдық округінің әкімі Әлижан Біткенбаевтың бүй деп әңгіме шерткені бар. Өткенде Марқаға белгілі қаламгерлер Әлібек Асқаров пен Жұмабай Шаштайұлы ағаларымыз келді. Елдің ықыласы алабөтен ғой. Қонақ­тан қонақ болған жазушы ағаларымыз ырза болды. Сөйтіп, көңілді жүргенде Жұмабай ағамыз аяқ астынан ауырып қалды. Алыс ауылда дәріхана да жоқ. Лезде іргедегі шатқалдан бала кезімізде әжеміз қайнатып беретін бір шөпті жұлып алып келдім. Шөпті шайнап, сөлін жұтқан Жұмағаң сәлден соң жазылып кетті. Жадырай күліп: «Әй, Әли, мына шөбіңді Алматыға ала кететін екен. Аты қандай?» деп сұрады. Шөптің атын білмеуші едім. Иығым­ды қиқаң еткізген маған қараған Әлібек аға: «Онда бүгіннен бастап бұл шөптің аты – «Жұмабайжеген» деп күлдіргені бар. ...Расында, Алтайды тел емген Катонқарағай мен Марқакөл өңірі тұр­ғындарының дәрі дегенге аса үйір болмайтынының бір себебі, дәрілік шөптер болса керек. Қаламгер досы­ның қағытпасынан кейін Жұмағаң құлан-таза жазылып, Марқакөлден марқайып аттаныпты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»