Қайбір күні түс қайта аср намазын оқи салайын деп қонақ күтетін үлкен бөлмеге кірсем, келіншегім одеялмен бүркеніп ұйықтап жатыр екен. Оятып алмайын деп ақырын басып тура жанына жайнамаз жайып, намаз оқыдым. Күндізгі намазды дауыс шығармай оқисың ғой. Ояу жатса да, ұйықтап жатса да келіншегім былқ етпеді.
Ойыма қулық келе қалды. Намазды аяқтап, бата қылып қойсам да соңында дауысымды шығарыңқырап былай деп күбірледім:
– Иә, Алла, намазымды қабыл ете гөр! Отбасымды аман-есен, бай-бақуатты етіп, шаңырағымды шаттыққа бөле...
Көзімнің қиығымен диван жаққа қараймын. Ешқандай қимыл жоқ.
– Иә, Алла, келіншегімнің тілегін қабыл ете гөр! Көптен бері армандап жүрген шубасы мен көйлегін алуға жәрдем ет!.. Алтындарының ломбардқа өтіп кетуінен сақтай гөр!..
Байқаймын, одеялдың асты жыбыр-жыбыр ете қалды.
– Иә, Алла, келіншегім не тілесе де қабыл етіп, ала алмай жүрген киімдерін алуына, жарқырап киініп жүруіне жағдай жасай, гөр!.. Әумин!
Сөйтсем, келіншегім одеялдың астынан басын шығарып:
– Үйдің ремонтын айтпадың ғой, – дейді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»