19 Қаңтар, 2017

«Даңқ» орденімен төрт рет марапатталған

1140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ВОВСолтүстік Қазақстан облы­сына арналған эн­цикло­педия­лардың бә­рінде Жамбыл ауда­нындағы, Жалтырша ауылының тумасы Әміреш Дәр­меновтің «Даңқ» ор­денінің толық иегері екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Батырдың өмір жолына үңілетін болсақ, фашистерге қарсы қиян-кескі шай­қастарда 139-атқыштар дивизия­сының 609-атқыштар полкінің барлаушысы, кейін бө­лім­ше командирі болған ол 1944 жылы 22 сәуірде ал­ғаш рет ІІІ дә­ре­же­лі «Даңқ» орденімен (№509751) марапатталған. Сол жылдың 28 маусымын­да М­о­гилев қаласын жаудан азат ету кезінде фашистердің көзін жойы­п, тұтқынға алғаны үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін кеу­деге таққан. Ал 10 тамызда қа­һармандық ерлігі үшін екін­ші мәрте ІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне (№134493) ие болған. 1945 жылы 24-25 наурыз күндері Данциг (Гданьск, Польша) қала­сының түбінде жау шебіне ентелей еніп, танкке қарсы қолданылатын гранатамен үш пулемет ұясын талқандапты. Жауды өк­шелей қуа отырып, қарамағындағы жауынгерлермен он бес жау солдатын тұтқынға алған. Осы ерлігі үшін І дәрежелі «Даңқ» орденімен (№1285) марапатталған. Әрине, айналасы бір жыл­дың ішінде Әміреш Дәр­меновтің «Даңқ» орденімен төрт рет марапатталуы қазақ оғланының ерлігін көрсетсе керек. Басқалай айтқанда, «Даңқ» орденінің толық кавалері болумен қатар, орденнің ІІ дәрежесімен екі рет марапатталған. Сөз арасында «Даңқ» ордені КСРО жоғарғы кеңесі төралқасының 1943 жылғы 8 қарашадағы жар­лығы­мен бе­кі­тіліп, үш дәре­жесімен ма­ра­паттал­ғандар Кеңес Одағының Батыры атағына те­ңестіріл­ге­нін айта кеткен жөн. Яғни, Әміреш Дәр­меновті батырлар санатына қосуға әбден болады. Екін­ші дүние­жүзілік соғыста «Даңқ» орденін бір майдангер бес рет, 86 жауынгер төрт мәрте алыпты. Бейбіт өмірдегі ғұмы­рын кең­шардың малын бағумен өткізген батыр атамыздың дүние­ден өткенін биліктегілер білмей де қалған болатын. Араға бір айдай уақыт салып, сиырдың тіліндей ғана көңіл айтумен шектелген. Бүгінге дейін еске­русіз қалып келе жат­қан жерлесімізді кеш те болса ұлықтап, бір көшеге атын бере­тін кез жеткені анық. Басқа да құрмет көрсетіліп жатса, артықтық етпес еді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы