Степногор қаласындағы Ақсу жұмысшы кентінде полиция қызметкерлері құрамында алтыны бар кенді өңдейтін жасырын цехты анықтады.
Облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлағанындай, бұл цех жергілікті тұрғынның шаруашылық ауласынан табылған. Кішігірім қорада кенді ұнтақтайтын, оны жуып-шаятын жабдықтар мен электр қозғалтқыш орнатылыпты. Тәртіп сақшылары цехтың 33 жастағы иесін «жұмыс» барысында құрықтаған.
Қазіргі күні аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК 334-бабының 1-бөлімімен (кен байлығын өз бетінше пайдалану) қылмыстық іс қозғалды. Ендігі жерде қылмыскер 500 айлық есеп (135 миллион теңге) көлемінде айыппұл төлеуі немесе 90 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Ендеше, 33 жастағы зіңгіттей жігітті әйгілі мақал тіркесіндегі «періште» деуімізге де келмейтіндей.
Жалпы, оңай олжаға кенелгісі келетіндер қатары азаятын емес. Олай деуімізге, былтыр полицейлер 6500 заңсыз «кеншіні» ұстап, құрамында алтыны бар кенді өңдейтін 29 шағын цехтың жұмысын тоқтатқаны және сауда айналымына шығарылған 20 тонна алтын кенін тәркілегені негіз болады. Сондай-ақ, шахталардың терең қойнауына түсуге мүмкіндік беретін 16 жасырын ойық табылған.
Әрине, бұл оқиғалар бойынша 100-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Жазаларын өтеп жатқан жастар қаншама десеңіз-ші. Анықталмағандары да бар десек, ешкім таласа қоймас. Сонда, бізде шынайы періштелер жоқ болғаны ма?
Бақберген АМАЛБЕК,
журналист
Ақмола облысы