19 Қаңтар, 2017

Кіл мықтылар келеді

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бұл күндері өз елімізде өтетін додаға қатысу үшін Қазақстанның ең мықты 175 спортшысы үздіксіз жаттығулар жүргізуде. Мұнан бөлек қысқы Универсиада ойындарына әлемдік чемпионаттарда топ жарған спорт саңлақтары қатысатынын ескерсек, жүлделер үшін таластар тартысты өтеді деп күтілуде. Алдағы күндері Алматыға келетін әлем чемпиондары арасында 2014 жылғы Олимпиада чемпионы және шорт-тректен әлемнің екі дүркін чемпионы Ким Аланга (Оңтүстік Корея), трамплиннен секіруден 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, Универсиаданың екі дүркін чемпионы Макси­мочкин Михаил (Ресей) мен биатлоннан 2012 жылғы жасөс­пірімдер арасындағы қысқы ойындардың чемпионы Ким Чеолюнг (Оңтүстік Корея) бар. Фристайлдан 2015 жылғы Универсиада чемпионы Куче­рова Николь (Чехия), Азия ойындарының күміс жүлдегері (2011 ж.), 2012 жылғы жасөс­пірім­дер арасындағы әлем чемпио­ны (1500м, 3000м ), 2013 жылғы универсиада чемпионы Хванг Хиун-Сан (Оңтүстік Корея), биатлоннан Әлем кубогы кезеңінің екі дүркін чемпионы Батист Жути (Франция) келеді. Трамплиннен секіруден 2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлемнің командалық жүлдегері Кшиштоф Биегун, тау-шаңғы спортынан 2016 жылғы екі дүркін чемпион (FIS Race) Биалобразский Доминик (Польша), шорт-тректен 2014 жылғы жасөспірімдер арасын­дағы әлем чемпионы, 2015 жылғы Универсиада чемпионы Чен Гуанг (Қытай) сынды спорт майталмандарын Алматыдағы Универсиададан табуға болады. Сондай-ақ, Универсиада-2017 жарыстарына мәнерлеп сырғанаудан ең мықты Ресей құрамасы сапында 2015 жылғы Еуропа чемпионы және әлем чемпионы Елизавета Туктамышева қатыспақ. Аты аталғандармен иық тірес­тіре алатын өз мықтыла­рымыздың қатарында Денис Тен (мәнерлеп сырғанау), Юлия Галышева (фрис­тайл), Павел Колмаков (фристайл), Жанбота Алдабергенова (фристайл), Роман Креч (конькимен жүгіру спорты), Станислав Палкин (конькимен жүгіру спорты), Айдар Бекжанов (шорт-трек), Абзал Әжғалиев (шорт-трек), Нұрберген Жұмағазиев (шорт-трек), Денис Никиша (шорт-трек) сынды саңлақтарға жанкүйер боламыз. Қорыта айтқанда, Алматыдағы Универсиада қатысушылары арасында жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының 3 чемпионы және 1 қола жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының 11 чемпионы және 6 жүлдегері, Қысқы универ­сиадалардың 6 чемпионы, FIS қысқы старттарының және Әлем кубогы кезеңдерінің 20 чемпионы және жүлдегері бар. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»