19 Қаңтар, 2017

Атлеттер ауылынан 1 миллион еуро табыс түседі

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
DCIM100MEDIADJI_0043.JPGБұл күндері Атлеттер ауылында Олимпиадалық қалашық­тардың дәстүрлеріне сай игі жаңалықтар орын алуда. Спортшылар ауылының өз әкімі тағайындалды. Ол – қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев. Енді Сәпиев өз міндетіне сәйкес, шетелдік делегаттарды қарсы алып, салтанатты шараларға қатысып, айтулы оқиғалардың басы-қасында болуы тиіс. Атлеттер ауылының тағы бір жаңалығы – бұл қалашық Универ­сиадаға қатысушы елдердің есебінен 1 миллион еуро табыс таппақ. Бұл туралы осы аптада қала әкімі Бауыржан Байбек Үкіметтің селекторлық отырысын­да ресми түрде мәлімдеді. Демек, мегаполис қысқы спорт­тық ойындарды өткізудің тиімді жақ­тарын да көре бастайды деген сөз. – Бүгінге дейін Универсиадаға қатысатын 60 мемлекеттен 57 ел тіркеліп үлгерді. Бұл қысқы Универсиада үшін рекордтық көрсеткіш. Аккредитациядан өткен 45 елмен арада визасыз режім бар. Қалған 12 мемлекетпен виза рәсімдеу оңайлатылған. Ал Универсиадаға қатысушы ел­дердің делегациялары Атлеттер ауылында тұрғаны үшін 1 миллион еуро қаражат төлейді, – деді Алматы қаласының әкімі. Универсиаданың алғашқы делегациясы Алматыға 23 қаңтар­дан келе бастайды. Бұл – Қазақстанның өз командалары мен Канада спорт­шы­лары. Ал халықаралық әуежай қа­зір қонақтарды тиісінше қар­­сы алуға тынымсыз жұмыс істеуде. Делегациялардың ең көбі 26 қаңтарда ұшып келеді. Бұл күні 24 мемлекеттен жететін 700-ден астам спортшы Атлеттер ауылын толтырады. Атлеттер ауылында тұрақтайтын ең үлкен делегация Ресей (350 адам) мен Қытайдан (220 адам) келеді. Жапониядан – 158 атлет, Кореядан – 158, Чехиядан – 128, Канададан – 122, АҚШ-тан 114 спорт­шы дүбірлі додаға жолдама алған. Бұл делегациялардың құра­мында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттары мен қысқы Универсиадалардың жүл­дегерлері жеткілікті. Егер шет­елдік спорт саңлақтарының «шаш­бауын» салалық ми­нистрлер, мемлекеттік лауазым ие­­лері, еуропалық қалалардың мэр­лері, АҚШ-тың Мемлекеттік хат­шысы көмекшісінің орынбаса­ры көтеріп келетінін ескерсек, делегация салмағы айқын аңға­рылады. Келесі Универ­сиада Крас­ноярск қаласында өте­тін­діктен, Ресейден келетін қонақ­тардың саны да аз болмайды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ