немесе ақын ғашық болған ару жайлы бір үзік сыр
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «хитқа» айналған әндердің бірі – «Жезкиік». Үлкен де, кіші де әуелете шырқап, ойын-тойлардың сәнін келтіретін, ажарын ашатын. Ол кездері мектеп оқушысы болғандықтан, әнді кім шығарғанына, мәтінін кім жазғанына мән беріп жатпайтынбыз. Кейін білдік қой, Кәкімбек ағаның лирик ақын, талантты композитор, тұлғалы азамат, белгілі қоғам қайраткер екенін. Мен туып-өскен елді мекенмен «ауылы аралас, қойы қоралас» Қожымда туғанын, жетімдіктің зарын ерте тартқандықтан, жастайынан Сырымбеттегі нағашыларының бауырында өскенін, осындағы интернатта тәрбиеленгенін...
Енді негізгі тақырыпқа оралайық. Бірде облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде қызмет істейтін Ләйлә Жанысовамен әңгімелесіп отырып, тақырып ауаны К.Салықовтың «Жылжиды аққу», «Сағыныш», «Аққу жеткен», «Туған жер», «Бір ауыз сөз» секілді сыршыл сезімге толы әндеріне ауысқанда ұяң мінезді қарындасым «Жезкиік» қандай сұлуға арналғанын білесіз бе? дегені. Елең ете қалдым. «Жоқ» дедім.
– Өткен ғасырдың аяғы болатын. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде сырттай оқитынмын. Кезекті сессияға келгенде студенттер дүрлігісіп, уласып-шуласып жатыр екен. Сұрастырып байқасам, Кәкімбек ағамен шығармашылық кеш өтетін болыпты. Олардан қалыспай мен де ілестім. Үлкен аудитория студенттер мен оқытушыларға лық толы. Ине шаншар орын жоқ. Есімі алты алашқа әйгілі ақынды тұңғыш көруім. Ғибратты да тағылымды ой-пікірлері көңіліме ұялап, ұйытып барады. Жүрегі неткен кең, жұмсақ, деп іштей ойлап қоямын. Сиясы кеппеген өлеңдерін оқыды. Адам жанына шаттық, ләззат сыйлайтын әндерін орындаумен қатар, шығу тарихына да тоқталып отырды. Бір таң қалғаным, «Жезкиікті» тамылжыта шырқаумен ғана шектелді. Кездесу аяқталысымен сұрақтар қарша жауды. Қанша жүрексінсем де, бір тілім қағазға «Аға, «Жезкиік» әнінің кейіпкері кім?» деген сұрағымды жазып жібердім. Оған «Әркімнің жүрек түкпірінде құпия сақтайтын өз жезкиігі болады ғой» деп қысқа ғана жауап қайырды. Сыртқа шыққаннан кейін түйеден түскендей сауалыма жаман қысылдым. Сыршыл ақынның жанын жаралап алған жоқпын ба деген ой көпке дейін мазалап жүрді.
– Байқаймын, сауалыңның астарында біз білмейтін бір тұнық сыр тұнып тұр-ау шамасы?
– Иә. Бізге Жамал Ақбұзауова
деген апай сабақ берді. Үріп ауызға салғандай сұлу, мінезі биязы болатын. Бәріміз сол кісіге еліктеуге тырысатынбыз. Бірде апайдың науқастанып қалғанын естіп, хәлін білуге үйіне бардым. Кенже ұлы Амантайды, келіншегі Алмагүлді көптен бері білетінмін. Құрбым енесін қатты сыйлайтын, алдын кесіп өтпейтін. Үнемі «мамалап»құрақ ұшып тұратын. Бұл жолы қабағы сынық көрінді. Сөйтсе, аяулы ұстазымыз төсек тартып, тілден қалса керек. – Жайшылықта артық-ауыс сөзі жоқ енем бір күні ішке бүгіп келген бір сырын ашты, – деді Алмагүл маған. Сөйтсем, Кәкімбек ағаны Сырымбетте оқып жүргеннен біледі екен. Сол кездің өзінде жалындаған жырларымен талай бойжеткеннің жүрегін жаулаған бозбала оны қатты ұнатып қалған. Бірақ ыстық сезімін сыртқа шығара қоймаған. Өйткені, оның болашақ жары Құнанбай Сердалин мен Кәкімбек аға араларынан қыл өтпейтін жолдас, дос болған. Қайын атамның енемді қызғыштай қорып, ешкімді жолатпай, қамқор болып жүргенін көріп, ер жігітке тән мәрттік жасаған. Ақтық демі таусылар алдында ақынның облыстық газетте жарияланған бір топ өлеңдерін оқып бердім. Сонда «Ж-ға» деген жыр шумақтарын бірнеше рет қайталатқызып, «маған арналғанын білесің бе?» дегенде сасып қалдым. «Көңіл назы» деген өлеңіндегі «Баяғы қызыл ішік киген қызды, Боламын сағынсам да сағынбаған» деген өлең жолдарына келгенде «тоқтай тұр, құлыным! Мынау –
мен. Сол кезде менің қызыл ішігім болатын» деп, ерекше толқыды. Көз жасына ерік берді. Бұрыннан таныстығын сырттай естігенімді ішке бүгіп қалдым. Оны білетінім, Кәкімбек ағаның бір тойына қайын ағам Абай, нағашым Мәлік, енем үшеуі барғаны есімде. «Дәуқарадан келдік. Ақбұзаудың Мәлік деген баласымын» дегенде, «Жамал бар ма?» деп жұлып алғандай сұраған. Арада ондаған жылдар өткендіктен, ақын өзін табындырған аруды танымай қалған. Сол жерде жан жары Мәрияммен таныстырып, той біткенше жандарынан бір елі қалдырмаған. Мәриям апай «Кәкімбек сіз туралы жиі айтатын. Сізді бір көрсем деп армандаушы едім. Ол тілегіме жеттім. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес деген. Кәкімбектей серінің сіздей сұлуға ғашық болмауы мүмкін емес», деп ағынан жарылған. Енеме сый-сияпат көрсетіп, құрметтеп шығарып салған.
«Жезкиіктегі» қызыл ішік киген ару 80-нен асқан шағында дүниеден өтсе де, есімі көк аспан төрінде ән болып қалықтап жүр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы