Қаратау күйшілік мектебінің негізін қалаушы, халық композиторы - Сүгір Әліұлы күйтанымда жаңа дәуірдің өкілі болып саналады. Солай бола тұра Сүгірдің қолынан шыққан күйлердің сарыны байырғы заманға тән көне саздардан құралған, оның себебі өзінің туып-өскен аймағындағы мәдени ахуалға, тарихи-жағрапиялық факторларға, әсіресе, күйші өмір сүрген кезеңдегі қоғамның рухани жағдаяттарына тікелей байланысты. Енді осыларды тарқатып көрейік.
Сүгірдің Ықыласқа шәкірт болуы, қаратаулық Баубек қобызшымен үзеңгілес өмір кешкені оның тек қана домбырашылығы емес, қобызшылық ой-өрісін де кеңейткен. Ұстазы Ықылас болса өз кезегінде Қорқыт баба мұрасының жалғасы, ал Қорқыт болса көне заманнан Сүгірдің заманына дейін барша түркі мәдениетінің ұстыны әрі пірі болғаны белгілі. Барласақ, Сүгір күйлері сарынының арғы әуені Қорқыт заманындағы оғыз-қыпшақ мәдениетінен жеткен жұрнақ секілді, Сүгір күйші өз кезеңіне тән музыкалық өркендеу мен тың реформалық жаңалықтарды сіңіріп өсті десек те, арғыбабалық сарыннан ауытқи қоймаған сирек домбырашылардың бірі болып аты тарихта қалды.
Тарихи-жағрапиялық жағдайларды екшегенде, Арқа, Қаратау, Сыр бойы (Түркістан, Ақмешіт), Шу бойы, Жетісу жерлерімен іргелес орналасқан ұлы бетпақдала үш жүздің жайлауы да, қыстауы да болғанын ескеруіміз керек. Яғни, осынау апайтөс құмдаланы мекендеген қазақтың айтар әні мен тартар күйі аралас болары да табиғи заңдылық. Сүгірдің күйлерінің шертпе және шалқымалы (төкпе) болуының және қобызбен етене сарындастығының бір себебі осы. Сүгір күйлерінің музыкалық құрылымынан аталған қасиеттерден бөлек жыр мақамдарын да аңғара аламыз. Мысалы, «Ыңғай төкпе», «Назқоңыр» сияқты күйлерден қазақтың ақ өлеңіне құрылған ырғақтар есіп тұрады. Ал енді «Қаратау шертпелерінің» әуені қара өлең мазмұндас, Арқаның әншілік дәстүріне ұқсап отырады.
Сүгір күйлерінің тағы бір сарындық ерекшелігі – жан-жануар, хайуанаттардың мінезіне сай туындылар шығаруы, қазақ қолөнеріндегі «хайуанаттық стиль» сияқты бұл да көне түркілік музыкалық жәдігер болып табылады. Сүгір заманына дейін осындай байырғы сарындардың сақталуының нендей себептері бар? Әрине, ол қобызшылық өнерге тікелей байланысты, көне сарын тек қана қобызшылардың қолында сақталды. Сүгір өмір сүрген кезеңде қобыз халық өнерпаздарында кең қолданыста болды, күй шалу, қобызбен жыр-терме, ән айту секілді (Шөже, Шашубай, Жанақ, Түктібай бақсы, Молықбай т.б.) ата салты сарқылмаған заман еді.
Сүгір батаны Ықыластан алған, яғни өзі де қобыз аспабын домбырамен тел игерген өнер иесі болған. Оның шәкірті – Жаппас Қаламбаев та екі аспапта шебер күй толғағаны белгілі. Дегенмен, Сүгір шығармашылығында қобыз күйлерінің домбыраға қондырылған нұсқалары мол, қобыз күйлерінің төл аттары да өзгертілмеген. «Кертолғау», «Жолаушының жолды қоңыры», «Жолаушының қоңыр күйі», «Аққу», «Қазан» сияқты күйлері Сүгірдің өз қолынан шыққан туындылар болғанымен әуелгі үлгісі Ықыластан ауысқаны анық.
Қазақта байырғы заманнан қобызшыларды «бақсы» деп те атайды, оның себебі, әрине, қобыз қонған тұлғаның дертті жанды емдейтін құдіреті болғанына байланысты, десек те қобызшылық өнердің тұрмысқа сіңуі, дара күйшілік жолға ауысуы Ықылас заманында басталып кеткен секілді, себебі, Ықыластың алдындағы Тіней бақсы күйшілікпен аты шықпаған, бірақ жын буатын бақсылығы болған. Ықылас өз баласы Түсіпбек ауырғанда «аруағы артық еді» деп осы Түсіпбекті шақыртқаны туралы деректер де бар.
Қорқыт, Домбауыл, Қойлыбай сияқты күйшілерден Ықыласқа, одан Сүгірге дейін жалғасқан түркілік сарынның біздің заманымызға дейін сақталуы ұлттық музыкалық мұрамыздың баға жетпес жетістігі болып саналады. «Тәңір күйі», «Қасқыр», «Аққу», «Ақсақ құлан», «Сынған бұғы» т.б. сияқты мифтік сюжеті бар күйлеріміздің арғы түбірі – Алтай мәдениетінен бастау алады деген де ғылыми пікірлер мол. Тарихшылар, археологтар, антропологтар зерттеулерін қазіргі өнертанудағы кезеңдік зерттеулерге салғастыра кіріктіретін болсақ, болашақта кешенді зерттеуге қол жеткізе аламыз.
Қазақ күйлерінің тақырыбы мен аттарын жіктеу күйтану ғылымында әлі толық талданбаған, әрегідік ғалымдар тарапынан талданса да бірауыздан жүйелі түрде мақұлданбаған сала болып тұр, әзірге. Орта Азия халықтарында аспаптық шығармалар белгілі жанрға немесе стильге түзіле талданады. Мысалы, бізге ең жақын ұлт – қырғыз халқы қомыз күйлерін орындалу стиліне қарай «Әуен күй», «Айтым күй», «Залқар күй», «Қамбархан», «Кербез», «Шыңғырама», «Ботой», «Бекарыстандар – Тайшылар», «Толғау», «Қайрық», «Қара өзгей» деп бөлсе, мазмұнына қарай «Дастан күй», «Арман күй», «Жоқтау күй», «Қос әуез күй», «Арнау күй» деп жүйелеген. Тура осындай сипаттамадан қазақ күйлерін де тарқатуға болады, себебі, бізде осындай күйге тән атаулардың үстіне «Ақжелең», «Қосбасар», «Толғау», «Сарын», «Байжұма» сияқты үлкен арналы үлгілер сақталғаны белгілі. Қырғыз халқының Алатауды қоныстанған елге тең мұра болған күйшілік үлгісі қаратаулықтарға да, әсіресе, қобызшы Ықыласқа да жат болмаған, Ықылас «Кертолғаудың» тарауларын шығарған алғашқы орындаушылардың бірегейі, дегенмен, «Кертолғау» сөзінің түбірі бір қырғыз туғандардан ауысқанын мойындауымыз керек секілді. «Кертолғау» Ықыластан Сүгірге мұра болған үлгі, кейін Сүгір «Кертолғауды» жеке жанрға барабар тараулы күйлер топтамасына айналдырды.
Қомыздағы «Айтым күйлер» дегеніміз, күйді тартып отырғанда тақпақтап қосылып отыруды білдіреді. Яғни күй шертіп отырып сол күйдің мазмұнына сай тақпақ аспаппен қостай айтылады. Мұндай дәстүр қазақта бағзы замандарда қалыптасқан. Мысалы, Ықыластың «Аққу» күйінде «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау!» деген тақпақ айтылады. Ықыластың үлгісін көрген Сүгір шығармашылығында мұндай «айта шерту» ерекшелік кездеспейді, себебі, жаңаша орындау, жаңа көзқарас «Айта шерту» үрдісін біртіндеп ығыстыра бастаған еді.
Сүгір күйлерінің сарыны мен тақырыбы әрқилы. Даланың күйшілік салты бойынша бөлетін болсақ – аңыз күйлер, қоңыр күйлер, толғау күйлер, желдірме күйлер, арнау күйлер деп жүйелеуге болар еді (Және осылардан бөлек «Күй басы», «Құлақ күйі» атты топтама да бар, олар «Қаратау шертпесі» деген атпен тараған). Ежелгі қоңыр күйлерден бастап кейінгі ақжелең-желдірме күйлерге дейін дәстүрлі жолымен жалғасын тапқан. Кейде қазіргі күйтану ғылымының ізімен күйлерді бөле талдау (мысалы, лирикалық күйлер, жан-жануарларға арналған күйлер, мифологиялық күйлер) қиынға соғатыны бар, себебі, олар көбіне туындының стильдік сипатын анықтай бермейді. Кейбір жеке өзіне тән күйлер деп тұжырымдап жүрген топтамалардың аттары Сүгірге дейін де болған, кейбірі заманның ығына қарай жаңаша рең алған, домбыра дәстүріндегі шертпе жолын Сүгір мейлінше дәл сақтауға тырысқаны анық білінеді, тек қобыздан ауысқан күйлердің аттары сол қалпында өзгертілмей бізге жетіп отыр.
Қорыта айтсақ, Сүгір Әліұлының шығармашылығы байырғы мәдениеттерді ескере отырып зерттеуді қажет етеді. Сүгір шығармалары арқылы ұлттық өнеріміздің дәуірлік кезеңдерін сезіне аламыз.
Жанғали ЖҮЗБАЙ,
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері