Таяуда Күршім ауданының Үшбұлақ ауылында жаңа мектеп ашылды.
80 орындық жаңа мектептің биология, химия, физика пәндеріне арналған сыныптары мен зертханалары соны үлгідегі техникалық құралдармен жабдықталған және интерактивті тақтамен, компьютер сыныбымен қамтамасыз етілген. Мектеп құрылысына 240 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаевтың айтуынша, тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде Күршім-Марқа өңірінде 16 жаңа мектеп бой көтерді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады», деген сөзі бар. Яғни, Мемлекет басшысы атап өткендей, болашағымыздың жарқын болуы келешекте ел тізгінін ұстайтын бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Сондықтан, елімізде жас буынның білім алуына барлық жағдай жасалып отыр, – деді аудан басшысы.
Үшбұлақ ауылының байырғы тұрғыны, тыл ардагері Мұхтархан Ақпышев кешегі заманнан бүгінгі күннің озғанын, тәуелсіздіктің ел бағына берілген ерекше қастерлі құндылық екенін жеткізді. Соның бір жарқын көрінісі – үшбұлақтық балаларға білім беретін заманауи мектептің пайдалануға берілуі, деді ауыл ақсақалы.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы