Әлемде мұнай бағасының құбылуы дүние жүзі елдерінің экономикасын дағдарысқа ұшыратып, әбігерге салып қойды. Бұл қиын кезеңнен шығудың басты тетігін Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқан еді. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру саясатын, яғни тек шикізатты өндіріп, оны сатып қана қоймай, елімізге қаржы әкелудің басқа да жолдарын ұсынған болатын. Осындай мақсатты бағыттың бірі – индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасын жүзеге асыру.
2015 жылы осы бағдарламаның екінші бесжылдығы басталып, тек кәсіпорындар ашып қана қоймай, білікті мамандармен қамтамасыз ету қолға алынды. Бұл соңғы жылдары дуалды білім беруге ауысып жатқан колледждер мен жоғары оқу орындары жұмыс берушілермен тікелей қарым-қатынас орнатып, солардың базасында білім беруді жүзеге асыруға мұрындық бола бастады. Осы мақсатқа жету үшін еліміздің жетекші 11 жоғары оқу орны таңдап алынып, бағдарламаның басым бағыттарына сәйкес 2015- 2016 жылдары мемлекеттік тапсырыс бойынша профильді магистратура мамандықтарына 3800 орын бөлінген еді.
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары Шымкент, Тараз, Павлодар, Өскемен және басқа да қалаларда жаңа химия зауыттары ашылып, іске қосылған болатын. Тіпті химия факультетіне оқуға барлық пәннен тек «бес» деген баға алып, жоғары конкурстан өткендер ғана түсе алатын еді. Индустриялық даму бағдарламасының қазіргі қарқыны да сол дәуірдегідей химия, фармацевтика, металлургия, мұнай өңдеу, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға жаңа серпін берері сөзсіз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультеті де осы бағдарламаға қатысып, 2015 және 2016 жылдары «Өнеркәсіптік химия» және «Индустрия үшін нанотехнология» бағыттары бойынша жаңа білім беру бағдарламаларына 400 магистрант қабылдады. Профильдік бағыттағы бұл бағдарламалардың бұрынғы ғылыми-педагогикалық бағыттан ерекшелігі білім алушы өзінің болашақ жұмыс орнының саласы мен бағыт-бағдарына сәйкес бір жыл теориялық білім алып, жарты жыл өндірістік практикадан өтеді. Білім беру бағдарламаларына алдын-ала Ұлыбританияның Лондон Империал колледжі, Рединг, Вулверхэмптон университеттері, АҚШ-тың Мичиган технологиялық, Небраска-Линкольн, Далластағы Техас университеттері сияқты жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының ғалым-мамандары мен еліміздің индустрия өкілдері сараптама жасап, өнеркәсіптік химия, агрохимия, нанотехнология бағыттарында білікті маман даярлауға қажеттігі жайлы қорытынды жасалды.
Ең алдымен, әрбір білім алушы үшін үш жақты, яғни магистрант, университет пен Индустрияландыру картасына кіретін жұмыс беруші кәсіпорын арасында келісімшарт жасалып, қол қойылды. Бұл әрине, оңайға түскен жоқ. Себебі, дағдарыс заманында өздері қысқаруға ұшырап жатқан кәсіпорындарды жас мамандармен қызықтыру оңай емес. Бірақ бағдарламаның жоспарына сәйкес жарты жыл магистрантты тәжірибелік сынақтан өткізіп, оның білімі мен деңгейін байқауға мүмкіндіктің болуы көптеген компаниялардың келісімге қол қоюына мүмкіндік жасады. Олардың қатарынан «ҚазФосфат» ЖШС, «Конденсат» АҚ, «ҚазАзот» ЖШС, «Ромат» фармацевтикалық компаниясы» АҚ, «Қаратау» ЖШС, «Қайнар-АКБ» ЖШС, «ЭкоФармИнтернешнл» ЖШС, «Мембраналық технологиялар» ЖШС, «Еврохим-Қаратау» ЖШС, «Науai E7 Group» ЖШС, «Қазатомпром» АҚ-тың еншілес кәсіпорындары сияқты компанияларды атап айтуға болады.
Жалпы, осы мемлекеттік бағдарлама аясында елімізде жұмыс жасап тұрған кәсіпорындар қызметкерлерінің біліктілігі мен білімін арттыру үшін түлектер қатарына көптеп қабылдау шаралары жүргізілген болатын. Өкінішке қарай, олар құжаттарын тапсырғанымен, шет тілінен тест сынағынан өте алмай, университетті жаңадан бітірген түлектерімізді қабылдау жүзеге асырылды. Қабылданғандардың 10 пайызы ғана жұмысы мен қызметі бар талапкерлер қатарынан болды. Болашақта осындай санаттағы талапкерлер көбейетін болса, бұл оларды еңбекпен қамту мәселесін шешуді жеңілдетер еді.
Бағдарламаға қабылданған білім алушылардың магистрлік диссертацияларының тақырыбы да келісім жасасқан компанияның бағыты бойынша анықталып, компания өкілі ғылыми кеңес беруші ретінде бекітілді. Білім алушы оқуға түскен күнінен бастап, өзінің болашақ жұмыс орнына байланысты саламен айналысып, сол саланың белгілі бір мәселесін шешуге ұмтылады. Кейін оқу соңында сол мәселе бойынша өз шешімін ұсынып, жұмыс орнына қатысты тәжірибе жинақтайды. Мысалы, Павлодар мұнай химия зауыты, «БВР орталығы» ЖШС, «Шұбаркөл Көмір» ЖШС тәрізді кәсіпорындар өз өндірістеріндегі өзекті мәселелер бойынша диссертация тақырыптарын ұсынды.
Жаңа білім беру бағдарламаларының тағы бір ерекшелігі – индустрия өкілдерін университетке оқытушы ретінде қызметке жұмылдырып, белгілі бір арнайы пәндерді өтуге шақыру. Бұл мақсатта факультетте «Қазатомпром» АҚ-тың «Волковгеология», «Катко», «Жоғары технологиялар институты» кәсіпорындарының қызметкерлері дәріс оқып, білім алушыларға жетекшілік жасауда. Пәннің кейбір сабақтары тікелей осы кәсіпорындарда өтіп, оның мазмұнын тереңірек жеткізуге жағдай жасайды.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын кадрмен қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатқан білім беру бағдарламаларына жаңа зертхана ашып, материалдық базаны жабдықтауға едәуір мөлшерде қаржы бөлінді. ҚазҰУ-дің химия және химиялық технология факультетінде «Өнеркәсіп пен агрохимия үшін химикаттар өндірісінің зертханасы» ашылып, жаңа құрал-жабдықтар алынды. Бұл құрал-жабдық оқу үдерісіне және ғылыми мақсатта қолдануға лайықталып, жетекші шетелдік университеттер мен отандық кәсіпорындар өкілдерінің сараптамасы бойынша таңдап алынған болатын. Алынған құрал-жабдық минералды және көмірсутек шикізатын ұсақтауға, кептіруге, майдалауға, кристалдарды өсіруге арналған қондырғылардан, әртүрлі процестерді жүзеге асыратын химиялық реакторлар мен материалдардың құрамын талдайтын анализаторлардан тұрады. Бұл зертхана 2016 жылдың желтоқсан айында Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығында аттестациядан өтіп, өнеркәсіп және агрохимия үшін химикаттардың сапа көрсеткіштерін бақылау саласында сынақ жүргізуге қажетті жағдайлардың бар екендігін растайтын куәлікке ие болды.
Білім беру бағдарламасын жүзеге асыру үшін өз оқытушыларымыздың еліміздің кәсіпорындары мен шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтуіне де қаржы бөлінді. Факультеттің 60-тан аса ғалым-ұстаздары Атырау мұнай өңдеу зауыты, Орал қаласындағы «Конденсат» акционерлік қоғамы, Тараздағы «ҚазФосфат», «ҚазСтройСтекло» ЖШС, Павлодардағы мұнай химия зауыты, «Ромат» ЖШС, Талдықорғандағы «Қайнар-АКБ» зауыттарында болып, кәсіпорынның және ондағы цехтардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, өндірістік мәселелерді ғылыми деңгейде шешуге, оқу үдерісіне енгізуге үлкен тәжірибе жинақтап қайтты. Тараз қаласындағы «ҚазФосфат» ЖШС-да факультеттің жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының оқу-өндірістік филиалы ашылды. Бұл филиал тұрақты түрде кафедра магистранттарын практикаға қабылдауға, бос жұмыс орындары ашылып жатса, кафедра түлектерін жұмыспен қамтуға, сондай-ақ, зауытта шешілмей жатқан ғылыми мәселелерді кафедра деңгейінде зерттеп, өндіріске енгізуге үлкен септігін тигізер еді.
Жаңа бағдарламаны игеру үшін шетелден біліктілігі жоғары профессорлар шақырылды. Лондонның Империал колледжі, Сассекс (Ұлыбритания), Сайтама (Жапония), Карачи (Пакистан), Небраска-Линкольн (АҚШ), Мәскеу мемлекеттік университетінің ғалымдары факультетте ағылшын тілінде оқитын білім алушыларға дәріс оқып, ақыл-кеңес беріп, «Өндірістік химия» бағытын дамытуға өз үлестерін қоса білді.
Дегенмен, бағдарламаны жүзеге асыруда қиындық туғызған жағдайлар да жоқ емес. Негізгі мәселе үшжақты келісімшартқа қол қоюға кәсіпорындар тарапынан түскен ұсыныстар мен бас тартушылыққа байланысты. Білім және ғылым министрлігінен түсірілген келісімшартта көрсетілгендей, жұмыс беруші бітіруші түлекті жұмыспен, тұрғын үймен, практика базасымен қамтамасыз етуі керек. Бұған республикалық Индустрияландыру картасына кірген 36 және аймақтық 900-ден аса кәсіпорынның басым көпшілігі келісімін бермеді. Кейбір кәсіпорындар тұрғын үймен немесе жұмыс орнымен қамтамасыз ете алмайды. Кейбірі практикаға алғысы келмейді немесе практикадан өткені үшін ақы төлеуді талап етеді. Соңғысы, әрине, дұрыс емес, себебі кәсіпорындар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне білуі тиіс. Студенттерді практикаға қабылдаудың маңызы туралы Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында баса айтылған болатын.
Химия саласындағы өзге де кішірігім серіктестіктер мен компаниялар келіскенімен, картаға кірмегендіктен олармен келісім жасаудан бас тартуға тура келді. Сондықтан алдағы жылдары Индустрияландыру картасын кеңейту жағы да ойластырылуы тиіс.
Бағдарлама осыған дейін индустриядан алшақ маман даярлап келген жоғары оқу орындары үшін жаңа серпін бергені сөзсіз. Жергілікті кәсіпорындармен тығыз байланыстағы аймақтық жоғары оқу орындары үшін бұл үлкен мәселе болмаса да, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары өндірістік аймақтардан алшақ орналасқандықтан индустриямен үнемі байланыста болуға қиындық туғызып келгені жасырын емес. Енді осы мәселені еңсеріп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, индустрия үшін маман даярлауда университет пен кәсіпорындар бірлесе қызмет етсе, ол тек жақсы нәтижеге әкелері сөзсіз.
Ердос ОҢҒАРБАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің химия және
химиялық технология факультетінің деканы,
химия ғылымдарының докторы