ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаевтың айтуынша, алдағы уақытта теледидардағы жарнаманың уақытын бір сағатқа дейін азайту жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау аясында телеарналарға прайм-тайм кезінде жаңалықтардың біреуін сурдоаудармамен немесе субтитрмен беруді ұсынып отыр», - деді Әжібаев ақпарат және коммуникациялар заңнамасына өзгерістерді енгізуге арналған қоғамдық талқылауда.
Сондай-ақ жарнаманың уақытын бірте-бірте азайту жоспарланған. Сөйтіп, телеарналар жарнаманы бір сағатқа дейін шектейді.
«Осының арқасында эфирдің уақытын жарнамадан табыс табу үшін пайдалануды тоқтатып, халықтың наразылығын азайтуға болады», - дейді вице-министр.
Ал мемлекеттік органдар мен қоғамдық орындарда тек қазақстандық арналарды ғана қоюды міндеттеу туралы ұсыныс бар. Бұдан бөлек, мектеп оқушыларын жағымсыз ақпараттан барынша қорғау мақсатында «баланың жас ерекшелігіне сай келетін ақпарат» деген түсінік енгізіліп отыр. Осының нәтижесінде мектептерде қауіпсіз ғаламтор желісін ұйымдастыру жоспарланған. Ал халықтың ақпараттық мәдениетін көтеру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының патриотизм, нақтылық, этиканы сақтау және тағы басқа принциптерін енгізу көзделген.
Жалпы, бүгінде ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қатысты 200-ге жуық ұсыныс бар. Вице-министр Әжібаевтың сөзіне қарағанда, аталған заң жобасы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қарауына жіберілді. Бұдан бөлек, заңгерлік, экономикалық және лингвистикалық сараптама бар. Осыдан кейін оны тағы да қоғамдық ұйымдардың талқылауына салу жоспарланып отыр. «Сөйтіп, барлық жұмысты сәуір айының соңына дейін аяқтап, мамырда оны Мәжіліске енгізуге тырысамыз», -деп атап көрсетті Әжібаев.