
2017 жылдың 16 қаңтарында Гонконг-Ыстанбұл бағытындағы жүк ұшағы Бішкектегі бас әуежайдың маңына құлап, апаттан 33 адам қайтыс болды. Дегенмен, ұшақтардың елді мекендердің үстіне құлауы өте сирек кездесетін жағдай. Өйткені, пилоттарға апатты жағдайда ұшақты неғұрлым елді мекендерден алыс әкету үйретіледі, деп жазады ВВС.
"Апатты жағдайда пилот ұшақтың жолын анықтап, жағдайды түсіндіреді. Әдетте уақыт өте аз болады. Соған қарамастан, пилоттар неғұрлым адамдар аз қоныстанған жерлерге қарай бағыт алуға тырысады", дейді Flight Global редакторы Грег Уолдрон.

Мысалы, 2009 жылдың қаңтарында Нью-Йорк әуежайынан ұшқан Airbus 320 ұшағының қозғалтқыштары құс соғылғандықтан істен шықты. Әуежайға жете алмайтынын түсінген пилот елді мекендерге құламас үшін ұшақты Гудзон өзеніне қондырды. Сөйтіп, борттағы 155 адам мен жердегі тұрғындардың өмірін құтқарып қалды.

2015 жылдың 30 шілдесінде Индонезияның әскери ұшағы Суматраның солтүстігіндегі Медан әуежайы маңындағы елді мекенге құлап, жердегі 17 адам мен борттағылардың көпшілігі қайтыс болды.
2005 жылы мемлекеттегі Полония әуежайынан ұшқан Boeing 737 ұшағы да үйлердің үстіне құлап, 50 жергілікті тұрғын мен ұшақтағы 100 адам қаза тапты.
2012 жылдың қараша айында Конго Республикасының астанасы Браззавильде Ильюшин-76 жүк ұшағы әуежайға қонатын кезде ағашқа соғылып, тұрғын үйлердің үстіне құлады. Қайтыс болған 32 адамның көпшілігі жердегі тұрғындар еді. Сондай-ақ 2011 жылдың наурыз айында осы мемлекеттегі Пуэнт-Нуар елді мекеніне құлаған ұшақ 14 адамның өмірін қиды.
2012 жылы маусымда Нигерияда Dana Air әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы қозғалтқыштан шыққан ақаудың кесірінен елді мекенге құлады. Апаттан 153 адам қайтыс болды.
2008 жылдың 4 қарашасында Мексика астанасы Мехикода елдің ішкі істер министрі Хуан Камило Моуриньо мінген ұшақ қаланың қаржы орталығына құлап, жердегі 7 адам қаза тапты.
АҚШ тарихындағы ең ірі ұшақ апаттарының бірінде 251 адам қаза тапқан болатын. Сырттан қарағанда бұл лаңкестікке ұқсағанымен, зерттеу нәтижесінде апат пилоттың қателігінен болғаны анықталды. Сонымен қатар 2001 жылдың қараша айында Нью-Йорктегі Джон Кеннеди атындағы әуежайдан ұшқан American Airlines әуе компаниясының Flight 587 ұшағы Квинстегі тұрғын үйлердің үстіне құлап, апат соңы өртке ұласқан.