Футболдан Қазақстан жастар құрамасының (U-18) жаттықтырушысы Александр Кузнецов Гранаткин мемориалы турнирінде жартылай финалда Грекияны 2:1 есебімен жеңгені жөнінде өз пікірімен бөлісті. Бұл туралы prosports.kz хабарлады.
«Мен барша Қазақстанның жеңісі. Гректерді жеңгеніміз бейне бір түсім сияқты. Бапкерлер алқасымен, алаңда жанын салып, доп қуған жігіттермен осы күнге жету үшін көп тер төктік. Қарсыластарымыз бізден бір күн көбірек демалғанына қарамастан, жоспарымызды толығымен жүзеге асыра алдық. Футбол болғанан кейін күтпеген жағдайлардың болатыны белгілі. Бір ойыншымыз алаңнан қуылды. Қылшылдап тұрған жас жігіттер болғанмен, бойындағы эмоциясына ерік бермеуі қажет. Бірақ төрешілердің шешімін сынға алғанды аса ұнатпаймын. Білесіздер ме, біздің Гранаткин мемориалы турниріндегі соңғы қарсыласымыз дәл осы гректер болатын. 2015 жылы олардан 0:6 есебімен ойсырай ұтылыппыз. Осыны қаперімізде ұстап, есе қайтаруды ойлап жүрдік. Енді міне, реванш та алдық. Бұл жеңісімізді өз жанкүйерлерімізге арнаймыз», – деді Кузнецов.
Әр жаттықтырушының матч сайын өзіндік бір дайындығы, тактикасы болатын белгілі. Осы жөнінде ол: «Қолымызда қосымша материал болды. Грекияның ойындарын толығымен зерттеп шықтық. Ойын басталардан бір күн бұрын түн ортасына дейін әрбір сәтті егжей-тегжейлі қарап, тактикамызды ойластырдық. Олар көбіне қаптал жағын ашық қалдырады. Ал біз дәл осы тұстарды пайдаланып, қорғаныстан шабуылға тез шығуды мақсат еттік әрі жүзеге асырдық. Бір ойыншымыз алаңнан қуылғаннан кейін олар алға қарай ұмтылып, көп тұстарын ашық қалдырды. Егер қателеспесем, бұдан бөлек тағы төрт гол соғуымызға болатын еді. Шәкірттеріме гректердің физикалық тұрғыдан мығым екендерін ескерттім. Бірден бір артықшылығы осы болатын. Ал біз тек командалық рухымыздың, жеңіске деген қайсар мінезіміздің арқасында қажетті нәтижеге қол жеткіздік. Бізді тек қорғаныс арқылы ғана ойнайды деп сынайтындар бар. Бірақ мән беріп қарайтын болсақ, тиімді жерлерге дер кезінде берілген пастарымыз көп. Өзгелері еш себепсіз алдыға, артқа доп жібергенді жақсы көреді», – деді ол.
Өткенге көз жүгіртіп қарайтын болсақ, 2012, 2014 жалдары бұл турнирде жастарымыз соңғы, 2015 жылы 10-орындарды иеленген. Бұл жолы да ақтық сынға жолдама алады деп ешкім ойламаған болса керек. Ал бас бапкер ші?
«Жарыстың басында бізден әр ойында жеңіс күтпеңіздер деген едім. Міне, дәл осы кезден-ақ бізге деген қысымды сейілттім. Ал өз басым шәкірттеріме сенімді болдым», – деді Александр.
Еуропада доп тепкен футболшылар өз еліңе келіп жатса, жастардың соған қарап бой түзейтіні белгілі. Бұл туралы: «Рас, өрендеріміз жұлдыздарға қарап еліктейді. Біздің футболымыз даму үстінде деп сенімді түрде айта аламын. Мәселен, «Қайратты» алайық. Лондонның «Арсеналында» доп тепкен шаштаразшы Андрей Аршавинді (күледі, спорт тілшісімен бәстесіп, шашын тақырлап алғанын еске түсірді) алды. Қазақстанға келіп, қайтадан жасарып кеткен секілді. Қазір чемпионатымыздағы үздіктердің бірі», – деді жаттықтырушы.