Батыс Қазақстан облысы бюджетіне 2016 жылы 148,3 млрд. теңге түссе, соның ішінде кірісі - 136,9 млрд. теңге, деп хабарлады БҚО қаржы басқармасы.
Негізгі кіріс көздері республикалық бюджеттен келген трансферттер (70,3 пайыз) және салықтық түсімдер (28,1 пайыз) болып табылады. Республикалық қазынадан бір жыл ішінде 96,1 млрд. теңге трансферт түссе, соның 37,0 млрд. теңгесі - субвенциялар. Ел бюджетінен келген мақсатты трансферттер 59,1 млрд. теңгені құраса, соның 52,5 млрд. теңгесі - ағымдағы трансферттер, 6,6 млрд. теңге дамуға жұмсалды. Салықтық түсімдер құрылымында жеке табыс және әлеуметтік салықтың үлесі 81,5 пайызды (31,3 млрд. теңге) құрады.
Республикалық бюджеттен берілген 4,7 млрд. теңге зайымдық қаржы «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру шараларына (1075,3 млн. теңге), «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» аясында кәсіпкерлікті дамытуға (919,0 млн. теңге), жылу, сумен қамту жүйелерін қайта құру мен салуға (2554,3 млн. теңге), моноқалада (Ақсайда) кәсіпкерлікті дамытуға септесуге (152,1 млн. теңге) бағытталды. Оған қоса «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін облыс әкімдігімен 1,6 млрд. теңгеге мемлекеттік құнды қағаздар (облигациялар) шығарылды.