19 Қаңтар, 2017

Шымкентте екі электр стансасы салынады

361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
electr station Шымкентте 2 электр стансасының құрылысы жүруде. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайым мәлімдеді, деп хабарлады ҚазАқпарат. Оның айтуынша, облыс тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы облыстық бюджеттен 5,534 млрд теңге бөлініп, 22 нысанның құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде, 585,8  шақырым электр желісі мен 233 дана КТП орнатылып, 72 мың тұрғын тұрақты және сапалы электр қуатымен қамтылған. «Шымкент қаласының солтүстік бөлігінде 350 мың тұрғын мен әлеуметтік нысандарды сапалы электр қуатымен қамту мақсатында құны 6,7 млрд теңгені құрайтын 220 киловольттық «Бозарық» қосалқы стансасының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, 2016 жылы Шымкент қаласында 80 мың халықты қамтитын 110 киловольттық «Астана-1,2» қосалқы станциясының құрылысы басталды», – деді басқарма басшысы. Белгілі болғандай «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициясы есебінен 4,86 млрд теңгеге 610,9 шақырым электр желісі мен 108 дана қондырғыларға қайта құру және жаңарту жұмыстары жүргізілген. Осылайша, электр жүйелерінің тозығы жетуі 57,5 пайыздан 55 пайызға төмендеп отыр.