19 Қаңтар, 2017

«Жаңа серпін» орталығы сұранысқа ие мамандықтар тізімін жариялады

527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
iStock_000008002627XSmallМаңғыстау облысында 2016 жылы «Жаңа серпін» орталығына бос жұмыс орындары бойынша 365 сұраныс түсіп, 306 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде шалғай ауылда тұратындар саны - 235. Бұл туралы «Жаңа серпін» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің баспасөз-хатшысы Майра Досниязова хабарлады. Екі қолға бір күрек тапқандар «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы», жүк тасымалдаушы терминалы, Асфальт-битум, құрылыс материалдары, пластикалық құбырлар өндіру, тігін-дизайнер, педагогика, денсаулық сақтау, абаттандыру, құрылыс, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарына жұмысқа қабылданған. Мәселен, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы және «Жаңа серпін» орталығы өткен жылы ынтымақтастық орнату мақсатында 17 Меморандумға қол қойды. Ал өңірдегі мекемелерден 300-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылған. Оның 100-ден астам мамандық иелері сұраным бойынша Алматыдағы «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Теңіз кадр агенттігі» қоғамдық шектеулі серіктестігі және «Экспорт Инжиниринг» кәсіпорны, Мәскеудегі «Білім саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау» академиясында қайта даярлау курстарынан өткен. «Жаңа Серпін» орталығының директоры Қайрат Рыспаевтың айтуынша, орталық өз кезегінде халыққа арналған қызметтің 17 түрін көрсетеді. «Жаңа серпін» бағдарламасы туралы Ақтау мен Жаңаөзен қалалары, сонымен қатар Мұнайлы ауданында 125 кәсіпорынға презентация өткізіліп, 671 адам кеңес алды. Орта мектептің жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру үшін облыстың барлық аудандарында болып, 500-ге жуық түсінік жұмыстары жүргізілді», – дейді ол. Өңірде еңбек нарығын зерттеген «Жаңа серпін» орталығының мамандары, аса тапшы және жоғары сұранысқа ие мамандықтар тізіміне талдау жасаған. Нәтижесінде, Маңғыстау өңірінде металл жонушы, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика, сауда менеджері, геодезияшы, брокер, логистика саласы, агроном, мал дәрігері, тіс дәрігері, ІТ-маманы, элекрші, аспазшы, дәнікерлеуші, құбыр жөндеуші саласының мамандары тапшы. Ал «Жаңа серпін» орталығына жұмыс іздеп келген 193 адамның түйіндемелері түрлі компанияларға жолданып, 255 түйіндеме қайта өңделуде. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»